Мал шаруашылығында мәселе көп
Түркістан облысында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Оны мына көрсеткіштермен дәлелдеуге болады. Бүгінгі таңда барлық категориялардағы мүйізді ірі қара саны 1 млн. 101 мың, қой мен ешкі – 4 млн. 968 мың, жылқы – 430 700, түйе – 43 500. Еліміздің ірі қара мал санының 13%-ы, қойдың 21%-ы, жылқының 11%-ы және түйенің 15%-ы, ал, өндірілген еттің 11%-ы және сүттің 13%-ы біздің облыс шаруашылықтарының үлесіне тиесілі.
Негізі 27 млн. гектардан астам шөл және шөлейт жайылымдықтарынан тұратын, табиғи ауа райы жағдайларына байланысты егіншілікке жарай қоймайтын аймақтарда мал шаруашылығын қарқынды өркендетуге негіз бар. Мұнда климаттың ерекшелігі сол – ауа райы күндізгі және түнгі, қыс пен жазғы температуралық қарама-қайшылықтардан тұрады. Сол себепті, осы өңірде өсірілетін малдардың да өзіндік аймақтық типтері қалыптасқан. Сондықтан жергілікті малдың популяциялық ерекшеліктерін ескере отырып оның шаруашылыққа тиімді жақтарын ұтымды пайдалансақ, ол мал өнімділігін арттырудың бірден-бір кепілі болмақ.
Ауыл шаруашылығын дамытудың басты бағыттарының бірі – асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту. Түркістан облысында қойды қолдан ұрықтандыру науқаны басталды. Ғылыми тұрғыда мұның тиімділігі әлдеқашан дәлелденсе де, маусымдық шараға шаруа қожалықтары әлі де бейжай қарайды. Қазіргі таңда малдың тек
10-15%-ы ғана асыл тұқымды. Оның саны жалпы малдың кем дегенде 20-30%-ын құрауы керек, яғни екі есе өсіруді қажет етеді. Ол үшін қой тұқымын селекциялық-асылдандыру жұмыстарын дамытумен қатар, өнімнің өзіндік құнын төмендету және экспортқа шығару қажет. Фермерлер асыл тұқымды малмен айналысса ғана жоғары көрсеткішке жете алады. Яғни малдардың асыл тұқымдылығы, тектілігі, күтіп бағылуы сапалы жем-шөппен азықтандырылуы да маңызды. Осыған байланысты қой өсірудің ең тиімді әдістерінің бірі – аналықтарды жоғары өнімді асыл тұқымды қошқарлардың тұқымымен қолдан ұрықтандыру. Қой шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін тұқымдарды таңдауға үлкен мән беруіміз керек. Малдан мол өнім алуды жеделдету үшін жоғары сапалы өнім беретін аталық қошқарлардың мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн. Яғни осы аталған жұмыстардың басында малдың жай-күйін түсінетін, ыстығы мен суығына көнетін маман-зоотехник екені даусыз. Облыс әкімі Д.Сатыбалдының бастамасымен Бәйдібек, Сарыағаш және Сайрам аудандарында зоотехник мамандарының штаты ашылуы құптарлық іс. Әлі де болса барлық аудандық және ауылдық әкімшіліктерінде мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандыру, толыққанды азықтандыру, ИАС (информационно-аналитическая система) пен ИСЖ (информационная система животных) цифрлық есепті жүргізумен айналысатын зоотехник мамандығы штатын қайта жандандыру керек. Еске сала кетейін, зоотехник мамандығының ветеринария саласына ешқандай қатысы жоқ.
Санда бар, санатта жоқ мал санын анықтау және мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылықты тоқтату үшін уақ малды арнайы сырғалармен (электронды) тектеген жөн және бір мезетте санап беретін электронды жүйе (планшет) арқылы жоғалған малдардың есебін нақты анықтай алатын қондырғылармен қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстар тәжірибемізде бар.
Бүгінгі заманның бір талабы – ғылым мен өндірістің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету. Сонда ғана өзара тиімділікті игеріп, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ғылым өндірістен, өндіріс ғылымнан оқшаулана алмайтындығын түсінуіміз керек.
Жәнібек ПАРЖАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор.