Өркениеттегі өзгеше қуаныш
Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде 200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заманауи нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа нысанның бой көтеруімен құттықтады.
Бұған дейін ауылда мектептің болмауына байланысты 280 оқушы Пернебаев ауылындағы №34 «Бірлік» және Қоңырат ауылындағы №35 «Болашақ» жалпы орта мектептерінде білім алып келген еді. Ауыл тұрғындары облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуінде мектеп мәселесін көтерген болатын. Нәтижесінде бюджеттен қаржы қаралып, 2022 жылдың маусым айында жұмыс басталған еді. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ, кітапхана, спорт залы, асханасы бар. Мектепте оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.