Ұлы Жібек жолы бойындағы Исфиджаб
Сайрам (Исфиджаб) – орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі, қазақ халқының материалды және рухани қазынасы.
629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген екен. Ал, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген.
Исфиджаб Ұлы Жібек жолының Қазақстандағы бөлігінде орналасқан ең ірі қала болған. Оның жер-суы кезінде шығысындағы Талас пен Шуға, солтүстік батысындағы Сырдарияның орта ағысына дейінгі алқапты алып жатты.
Бүгінде Шымкенттен 12 шақырым жерде орналасқан көне қаланы зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П.Иванов, 1925 жылы М.Е.Массон, 1947 жылы Н.Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған көлемі 28 гектар жерді алып жатқан қаланың орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар күні бүгінге дейін сол күйі сақталған.
Қала өз заманына сай жақсы бекініс болып салынған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфағани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, жаудың қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады.
Жібек жолының үстінде тұрған қаланың дамуына сауда мен қолөнер кәсібінің ықпалы зор болды. Онда ірі бай, іскер адамдар тұрды. Қалада әкімшілік басқару жүйесінің құрылуы қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ортағасырлық әдебиеттерде Арыс пен Талас арасын жалғайтын сауда жолдарының маңызы орасан екені жиі айтылады. Кейінгі кездері табылған деректерді негізге ала отырып, қазіргі тарихшылар Сайрам жерін осы ұланғайыр кеңістікті мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжам айта бастады.
Исфиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге, керуендер аялдайтын үлкен сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары – керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқан көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығыс шығарған және Исфиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әртүрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты.
Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі «Бұқара қақпасы» арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған «Нуджкет қақпасы» Талас аңғарында орналасқан Дех-Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін.
Сол заманда орын алған шапқыншылықтар Исфиджаб өркениетіне ауыр соққы болып тиді. Шыңғыс ханның жер қайысқан әскері Сайрам өңірін дауыл соққандай жапырып өтті. Сол трагедияның куәсі болған «Муджам-ал-булдан» атты географиялық сөздіктің авторы Яқұт Ханауи әр-Руми былай деп жазды: «Исфиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникент және Фараб жазмыштың тәлкегіне тап болды...
Сонан соң 616 жылы аспан мен жер жаралғаннан бері ешбір болмаған апатқа ұшырады. Олар осы қалада қалғандарды қырып-жойды. Тамаша баулар мен әсем қалаларда қираған қабырғалардан басқа және құрып кеткен халықтың сүрлеу-сорабынан басқа ештеңе қалған жоқ».
Жібек жолының бойында Суяб, Баласағұн, Сауран, Түркістан сынды ірі қалалар да бар болатын. Шапқыншылық, соғыстар кезінде аталған шаһарлардың барлығы дерлік жер бетінен жоғалды. Бүгінде ғалымдар: «Осынау қалалар бүгінгі күнге дейін жеткенде Қазақстанның бүгінгі жай-күйі мүлдем басқа болар еді» дегенді айтып жүр.
Алия АГМЫСОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені Сайрам тарихы,
археология және этнография бөлімінің меңгерушісі.
археология және этнография бөлімінің меңгерушісі.