Отырарда қолөнер шеберлері бас қосты
Жуырда қазақ өркениетінің алтын діңгегі – Отырарда «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі және ағаш ұқсату өнері» тақырыбында республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Қазақ елінің өнер майталмандарының арасын жақындата түсетін, ынтымағын нығайтатын, дәстүрлі өнерін ұштастыратын ауқымды іс-шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директоры Айбек Жандосов ашып беріп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, музей ісінің ардагері Рыскүл Бекталиева және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші, этнодизайнер Кендебай Қарабдалов құттықтау сөз алып, бұл іс-шараның дәстүрлі қолөнерді дамытуға, керамика өндірісі мен ағаш ұқсату өнерін насихаттауға, ішкі туризмді өркендетуге, қолөнершілердің шеберлік сабақтары арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасуына пайдасы мол екенін айтты.
Іс-шара барысында еліміздің барлық аймақтарынан жиналған 30-дан астам қолөнер шеберлері керамика мен ағаштан жасалған бұйымдарын көпшілікке ұсынып, өзара бақ сынасты. Оларға
Р.Бекталиева, К.Қарабдалов, сонымен қатар «Тұран-қазақ» суретшілер консолидациясының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі суретші Әділхан Мәлік, Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқай қазылық етті. Сайыс соңында қатысушылар «Жас дарын», «Ең креативті шебер», «Асыл ұстаз» номинацияларымен марапатталып, жүлделі орындармен, сертификаттар, ынталандыру сыйлықтарын иемденді.
Атап айтсақ, керамика өндірісі бағыты бойынша бас жүлдені Алматы облысынан келген Данияр Бабашев,
I орынды түркістандық Абайхан Рысбаев иеленді. Тағы бір түркістандық жерлесіміз Жанұзақ Ерімбетов – екінші, ал, Абай облысынан келген Парида Умирбаева үшінші орынға ие болды.
Ал, ағаш өңдеу бағыты бойынша бас жүлдені шымкенттік Яқия Әуелбеков, I орынды түркістандық Гауһарбек Күнқожаев иеленді. Екінші орын шымкенттік Қожабек Сәдірбековке, ал, үшінші орын түркістандық Анарбай Қалдарбековке бұйырды. Жәрмеңке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.