Өлең – менің өмірім
Жуырда Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында еңбек ардагері, медицина саласының майталманы, Түркі әлемі Жазушылар одағының, сондай-ақ, «Алақа» Қырғызстан Жазушылар одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Күләш Әбішеваның «Жаның жаздай гүлдесін» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Шығармашылық кешке Түркі әлемі Жазушылар одағының басшысы, ақын, жазушы Баян Тіленшина, ақын Фатима Жүнісова, жазушы Зылиха Жантасова, кітапхана оқырмандары, ұстаздар мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері мен ақынның туған-туыстары қатысты.
Кеш барысында лэд-экраннан ақынның «Отаным» атты өлеңі оқылып, өткен өмірінен шағын бейне көрініс көрсетілді. Модератор Фатима Забурақызы жиналған қауымды Күләш Назарбекқызының өмірбаянымен таныстырып, жаңа кітабына қысқаша пікір білдірді.
«Өрелі ой, адамзаттық асыл мұратты арқау еткен бұл жыр кітабының тілі көркем, өзіндік тосын теңеулері мол. Көпшілік оқырманды бейтарап қалдырмайды» дейді ақын Фатима Забурақызы.
Одан кейін ақын Баян Тіленшина мен ұстаз-ғалым Зылиха Жантасова кеш иесіне жылы тілегін арнады. Ал, халықаралық «Дарабоз» сыйлығының лауреаты Баян Болатханова ақын «Ел жыласа мен де бармын ішінде» атты өлеңінде азаматтық ұстанымын айқын білдіреді» дей келе, оқырманына әдемі жырларын ұсынып, еліміздің рухани қазынасына өзіндік үлес қосқаны үшін авторға алғысын білдірді.
Жиын барысында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Дүйсенова мен осы мектептің 8-сынып оқушысы Уайділда Қасымжомарт, сазгер Арайлым Саттарова Күләш Назарбекқызының «Құмырсқаның илеуіндей тіршілік», «Өлең менің өмірім», «Мен саған ғашық болмас ем» өлеңдерін оқып, жиналғандардың ризашылығына бөленді.
Айта кетейік, Күләш Назарбекқызы 1954 жылы Леңгір қаласында дүниеге келген. 1991-93 жылдары Шымкент қаласында №4 балалар емханасында қызмет атқара жүріп «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жүргізді. Бүгінде зейнет жасындағы апамыз қоғамдағы түйткілді тақырыптарды қалам ұшына тізбектеп, көпшілік қауымға өлеңмен жеткізіп жүр.
«Оңтүстік»-ақпарат.