Олар татуластыруды көздейді

 Жаңа Азаматтық процестік кодексте татуластыру рәсімдерін сот процестерінде тиімді қолданудың жан-жақты тетіктері қарастырылған. Құжат қолданысқа енгізілген сәттен бастап оның насихат жұмыстарына айрықша мән берілді. Өңірдегі сот ұжымдары медиация кабинеттерінің ашылуына ұйытқы болып, медиаторлардың белсенділігін көтеру, судья-медиаторлардың жұмысымен таныстыру, партисипативтік тәсілдің ерекшелігін түсіндіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

Әрине, өмір болған соң түрлі дау-дамайлардың туындап жататыны белгілі. Бірақ, соның барлығын сот арқылы шешу мүмкін емес. Татуластыру рәсімдерін қолдану азаматтар үшін де, сот үшін де тиімді. Сотқа тиімді болатын себебі, бітімгершілікпен біткен істер арқылы азаматтық істердің саны азаяды. Сол арқылы судьялардың жүктемесі кеміп, басқа істерге көбірек көңіл бөлуге, бос уақытында ізденуіне жол ашылады. Сонымен қатар, тараптарды татуластырудың сыйластықты сақтауға да ықпалы мол. Болмашы нәрсе үшін жақыныңды жатқа айналдыру кімге керек?
Міне, сотқа арыз жазбас бұрын, жұртшылық осыған мән беруі керек. Мүмкіндік болса, ағайынның көмегіне, ақсақалдар алқасының талқысына салсын. Болмаса медиаторларға, судья-медиаторларға жүгінсін. Қалай болғанда да кез келген адам даудың ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн. Бұл ретте насихат жұмыстарының жолға қойылуы, азаматтардың дауды ортақ келісіммен аяқтағанда салықтың қайтарылып берілетінінен хабардар болуы медиация көмегімен шешілетін істердің санын өсіреді деген ойдамыз.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бұл үрдісті алдағы уақытта да жалғастырып, медиацияны одан әрі дамыту бағытында қала тұрғындарына татуласу рәсімдері мен медиация туралы, оның ішінде медиация мен партисипативтік келісімдерін насихаттау және дауды сотқа дейін татуласу арқылы шешудің тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізетін болады.

Ермек ЕСІРКЕПОВ,
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі
 ауданаралық сотының судясы.

Пікір қалдырыңыз