Ақ алтынды аймақтың «Ақ алтыны»
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Әр адамның бойында алдағы күндерге деген үміт пен сеніммен қатар өткен жылдарға деген сағыныш та қатар жүреді. Біз көне дүниеге, есте жоқ ескі замандардағы бабаларымыздың тыныс-тіршілігіне неге қызығамыз? Олар бізге неге соншалықты жақын? Алыстан талып естілген бабалар үні бізге нені айтқысы келеді? Кешегілер «жаңаны білу үшін ескіні ұмытпау керек» дегенді неге айтып кеткен?
Иә, бұл сұрақтың барлығына бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Дегенмен, адамдар өткенін әрдайым сағынып жүретінін дәлелдеудің қажеті шамалы. Мақтаарал ауданындағы «Мақтаарал» Мәдениет үйі жанындағы «Ақ алтын» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің концертін тамашалағандар үнемі осы сұрақтың жауабын іздеп тұрады. Өйткені, фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің репертуары халық таланттарының шығармаларына негізделген. Көнеден жеткен күмбір күй өн бойыңызды балқытып, терең де тылсым бір әлемге жетелейді.
Мәдениет үйі ұжымы халықтық ансамбль құруды, осылайша ұлтымыздың құндылықтарын насихаттауды басты мақсат етті. Бұл 2018 жыл еді. Ансамбльдің негізін Дүйсенбі Жұмабаев қалап, алғашқы жетекшісі болды. Фольклорлық ансамбль болғандықтан оған домбырадан басқа да музыкалық аспаптар керек-ті. Дүйсенбі сазсырнай, шертер, дауылпаз, шаңқобыз, тұяқтас тәрізді саздық аспаптар тапқанымен, оларды шебер орындайтын мамандар жағына келгенде қиналды. Бірақ, іздеген адам табады. Ал, жаңадан құрылған ансамбль мүшелері халық әндері мен күйлерінен репертуарын күн сайын байытып, ұмытылып бара жатқан мәдени мұраларды тереңнен аршып алуға күш салды. Соның арқасында бағзы бабалар үні тіріліп, жаңаша сыр ақтарды.
Әрине, табыс пен жетістіктер оңайлықпен келмейді. Ансамбль мүшелері алғашқы күндері апталап, айлап Мәдениет үйіндегі сахнадан түспеді. Ізденді, үйренді. Астанадағы, Алматыдағы үлкен ұжымдарға барып, дәріс тыңдауды да ұмытпады. Міне, осындай талпыныстардан соң «Ақ алтын» фольклорлық ансамблі жұртшылыққа танылып, халық ықыласына бөлене бастады.
Ансамбль 2018-2024 жылдар аралығында облысымызда өткен «Сәлем саған, Түркістан!», «Мәдениетім – мерейім» байқауларында жан-жақты танылды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Ғасырлар үні» атты ұлт-аспаптар ансамбльдерінің байқауында жүлделі екінші орынды иеленді.
«Ақ алтын» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі «Алтын аймақ – мекенім» атты жеке концерттік бағдарлама әзірлеп, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Ұжым жыл сайын мерекелерде ауыл еңбеккерлерінің алдына шығып, тың туындыларымен қуантып келеді. А.Мейірбекова, Ж.Әлмешова, Р.Көбеева, М.Әуезова, Р.Жанайдаров, Е.Абдулов, Н.Әшірбаев, Р.Мұратова, Ж.Тағаев, Б.Жантуов сынды әншілер халық әндерін құйқылжыта орындап, тыңдармандардың алғысын алып жүр. Ал, тұтас ансамбльдің орындауындағы күйлер тыңдарманды сан алуан сезімге бөлейді.
Былтырдан бастап ансамбльге Ескендір Абдулов жетекшілік етеді. Ұжым облыс, аудан көлемінде өткізілетін мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді.
– Халқымыздың әлі де зерттелмеген, табылмаған мәдени мұралары көп. Қаншама әндер замана көшінің шаңына көміліп, ұмытылып кетті. Алтайдың арғы жағындағы қандастарымыздың ауыздарында қазақтың қаншама әні жүр десеңші. Біз солардың барлығын қайта жаңғыртып, репертуарымызды байыта түссек дейміз. Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, бақ сынағымыз келеді, – дейді ансамбль жетекшісі Ескендір Абдулов бізбен әңгімесінде.
Иә, Мақтаарал ауданын республика жұртшылығы «ақ алтынымен» таниды. Енді бұған «Ақ алтын» ансамблі қосылды. Өнерлі ел қашан да өрге жүзеді. Ақ алтынды аймақтың атағы өнерлі өрендерімен де алысқа кетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Мақтаарал ауданы.