Жаңа спорт алаңшасы ашылды
Елді мекендерде бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы назарында. Осыған орай әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу бастамасын жүзеге асыруды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Жетісай ауданында таяуда тағы бір спорт алаңшасы пайдалануға берілді.
Қарақай ауылдық округінде пайдалануға берілген спорт алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, ауыл ақсақалдары, спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты. Ел ағалары ауыл жастарын зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтырумен шұғылдануға шақырды.
Жергілікті бюджеттен қаралған 20 млн. 193 мың теңгеге салынған спорт нысанының құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 айда ел игілігіне тапсырылып отыр. Мұнда ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, футболдан түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлерінің батасымен лентасы қиылған алаңшада алғашқы жарыс 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен өтіп, оған 5 команда қатысты.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыу және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен біріншілікте М.Байзақов жалпы орта мектебінің командасы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, М.Мәметова атындағы орта мектептің оқушылары ІІ орынға табан тіреді. Ал, «Жетісай спорт клубы» құрамасы біріншіліктің жеңімпазы атанды.
Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Биыл жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-еуі пайдалануға берілсе,
4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.