Ұлт қайраткері – ұрпақ жадында
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ұлт қайраткерінің туған күніне орай ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан, келіні Гауһар, немересі Әзел, құдасы Тазабек Жұмасейітов және Сайлаукүл Барақова, Құлбек Ергөбек сынды көзкөрген замандастары қатысты. Қонақтар кездесу басталмас бұрын Ө.Жәнібеков ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Университеттің басқарма төрайымы–ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева кіріспе сөз сөйлеп, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт үшін атқарған игілікті істері бүгінгі жас ұрпақтың рухани игілігіне айналып отырғанын атап өтті. Өзағаңның шапағатын көрген жандардың бірі Сайлаукүл Барақова ардақты азамат жайлы тебірене еске алды.
– Ол кісімен талай уақыт бірге жұмыс істедік. Комсомолда, партия қызметінде жүргенде жолымыз жиі түйісіп жүрді. Ақылшым, жол сілтер жолбасшым болды десем, артық айтқандығым емес. Менің комсомолдан қанаттанып шығуыма Өзағаңның көп ықпалы тиді. Сол кісінің ақыл-кеңесімен үлкен қызметтердің тізгінін ұстадым. Мемлекет, ұлт мүддесі дегенде шығарда жаны бөлек жан еді. Ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын. Мен Өзағаңның осы қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым, – дейді қоғам қайраткері.
Кездесу барысында ұлы Бауыржан, келіні Гауһар, құдасы Тазабек Жұмасейітов, немересі, Ө.Жәнібеков қорының президенті Әзел Бауыржанқызы Өзағаң жайлы жылы естеліктерімен бөліссе, Құлбек Ергөбек ағамыз ұлт қайраткерінің асыл қасиеттерін қайта жаңғыртып, Өзбекәлі Жәнібековті тану дәуірі басталғанын жеткізді.
Емен-жарқын өткен кездесу кешін Гүлжан Сүгірбаева қорытындылап, Алматыдан арнайы ат арытып келген қонақтарға Өзағаңның бейнесі салынған кілемшелер сыйға тартты.
Д.ЖҮСІПОВ.
Суретті түсірген Қайсар Шерім.