«Құрылыс батальонына түскенімізді жасырдық»

Мен үшін әскер қатарында болған жылдарым өмірімнің ең бір маңызды кезеңі болды дер едім. Себебі, достық, бауырмалдық сияқты адамға қажетті ең жақсы қасиеттерді сол әскерде жүргенде бойыма сіңірдім. Жан-жақтан келген өзім құралпы жастармен бір отбасының балаларындай араластық десем, артық айтқандығым емес. Қазір де жасым алпыстың бел ортасынан асса да сол әскерде болған жігіттермен әлі де араласып тұрамын, бүгінде отбасылық достарға айналып кеттік. 

Мен 1976-1978 жылдары Алматыдағы республикалық эстрада студиясында (қазіргі Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі) білім алдым. Майра Ильясова, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сияқты танымал әншілермен бірге оқыдым. Студияны бітірген соң мені жолдамамен Қызылорда филармониясына жіберді. Сонда бір жыл әнші әрі концерт жүргізушісі болдым. Бір жылдан соң әншілік жұмысымды тастап, Шымкентке келдім. Ондағы ойым – студиямен шектеліп қалмай, Шымкенттегі мәдениет институтына құжат тапсыру еді. Бірақ, оған үлгере алмадым. Себебі, 1979 жылдың мамыр айында әскерге шақырту келді.

Біздің кезімізде әскерде болып келген жігіттер өздерін әскерде болмаған жігіттерден жоғарылау ұстайтын. Тіпті, әскер қатарында болмағандарды қатарластары «өмір көрмегенсің» деп қағытып та жататын. Қазір бұрынғыға қарағанда әскерде көп өзгеріс бар. Бұрынғыдай бөтен елде емес, өз жеріңде қызмет етесің. Қазір ата-аналар баласының ант қабылдағанына барып, қандай ортаға түскенін көздерімен көріп қайтады. Әр жеті сайын ұялы телефонмен хабарласып, амандығын біліп отырады. Ал, біздің кезімізде ше? Біздің кезімізде мұның бірі де жоқ болатын. Есесіне, ол жылдары әскерге барып келу кішігірім мереке, той болатын. Әскерге баратын жігітті бүкіл ауыл болып шығарып салатын. «Аттандық сапарға, тосады жол алдан...» дегендей, мені де достарым әндетіп, шерулетіп пойызға мінгізіп жібергені есімде.

Біз мінген пойыз екі-үш тәулік жүріп, Волгоград облысына барып бір-ақ тоқтады. Одан әрі көлікпен «Жиль» деп аталатын поселкеге келдік. Бұл шағын поселке Волгоградтың Қалмақ автономиялы республикасымен түйісер тұсында орналасқан екен. Біз түскен әскери бөлім Солтүстік Кавказ әскери округіне қарасты құрылыс жұмыстарымен айналысатын бөлім болып шықты. Қасымда туған ауылымның балалары болмаса да, облысымыздың әр ауданынан – бұрынғы Бөген, Алғабас, Ленин аудандарының жігіттері көп болды. Сонымен әскери өміріміз басталып та кетті. Таңғы тәтті ұйқының шағында «Тұрыңдар!» деген команданы естисіз. 45 секундта киініп үлгеруің керек, бір ілгегің дұрыс тағылмаса, тәртіптік жаза аласың. Әсіресе, бұл ауыл балаларына үлкен сынақ болды. Біз сияқты қала көрген, орыс тілін білетін жігіттер қинала қойған жоқ. 

Арада бірсыпыра уақыт өте келе ауыл жақтан хаттар келе бастады. Үлкендер жағы амандығымызды білгісі келсе, бірге өскен қатарластарымыз «қайда түстіңдер, немен айналысып жатсыңдар?» деп суыртпақтап сыр тартқысы келеді. Біздің әскери бөлім қысқаша ОСТБ-1941 (отдельно стройтельный батальон) деп аталатын. Оларға құрылыс батальонына түстік десек, мазақ қылары сөзсіз. Сөйтіп, Нұрлан Рысбаев, Керімбай Бейсетаев үшеуміз ақылдаса келе, оларға «Особый секретный танковый батальонда» (ОСТБ) қызмет етіп жатырмыз деп жауап жаздық. Керімбайдың бұл тапқырлығы кластастардың алдында еңсемізді бір көтеріп тастады. 

Оңтүстіктен барған жігіттер жұмыстан кейін ара-тұра бас қосып тұратынбыз. Басымыз қосылған сондай сәттердің бірінде Керімбай досым «Еркін, ауылға деген сағынышымызды басайық, ән салшы» деп ұсыныс тастады. Менің әншілік курсты бітіргенімді естігендер сол жерде шу ете қалды. Сөйтіп, халық әні «Ақбақайды» бастай жөнелдім. Бір кезде жан-жақтан солдаттар жинала бастады. Біртіндеп бөлім басшылары да келді. Барғалы ән айтпағандықтан, бойыма бір күш бітіп, әндерді лек-легімен жіберіп жатырмын. Былайша айтқанда, күллі солдаттың алдында шығармашылық кешімді өткізгендей болдым. Осыдан кейін бөлім командирлері мені мәдени іс-шараларға тарта бастады. 

Кейін Бәйдібек, Ордабасы аудандарынан келген музыкант жігіттердің басын қосып, кішігірім ансамбль құрдық. Ол жылдары «Дос-Мұқасан» ансамблінің нағыз дүрілдеп тұрған кезі-тін. Біз де әйгілі топтың репертуарындағы «Құдаша», «Сұлу қыз», «Он алты қыз», «Сағындым сені» және «Куә бол» сияқты танымал әндерді айтып жүрдік. Өзге республикалардан келгендер «Дос-Мұқасанның» әндерін сүйіп тыңдайтын. Сөйтіп, жыл да өте шықты. Енді бұрынғыдай «жас сарбаз» емес, «қарт сарбаз» бола бастадық. Жаңадан келген солдаттарға жөн сілтеп, ағалық ақылымызды айтатын деңгейге жеттік. Қазақ жігіттеріне басыңды тік ұста, мұнда босаңсуға болмайды. Қайта өзіңді жігерлендір деп ақылымызды айтып тұрамыз. Менің бір байқағаным, аязға да, аптап ыстыққа да шыдай білетін төзімді жігіттер – ол тек қазақ жігіттері екен. Ал, басқа ұлт өкілдері, тіпті, орыс жігіттерінің өзі суыққа, аязға шыдамай, екі қолдарымен алма-кезек құлақ тұстарын басып жүретін. Қазақ жігіттері қанша суық болса да білдірмей, құлақшынды бір шекесіне қисайтып киіп, жүретін. 

Қысқасы, әскери өмірдің қызығымен жүріп, екі жылдың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Қызмет аяқталар күн жақындап қалғанда, ауылға қайтар күнді асыға күттік. Әскери киімдерімізді, фотоальбомға түскен суреттерімізді жинақтап, қамдана бастадық. Командирдің «Боссыңдар!» деген әскери бұйрығын күтіп жүрміз. Сонымен Волгоградтан шығып, Шымкент қаласына жол тарттық. Біз Шымкентке түскенде күн шапағын шашып тұрды. Шіркін-ай, туған жердің ауа райына, келбетіне ештеңе жетпейтінін мен сонда ғана түсіндім. Вагоннан улап-шулап түскен сарбаздарды қарсы алып жатқандар жетерлік. Арасында қолдарына гүл ұстаған бойжеткендер де бар. Осылайша Шымкент вокзалының алды ығы-жығы думанға айналды да кетті. Құдды жауды жеңіп келген батырлар сияқтымыз. Інілерімнің біреуі бас киімімді киіп, бірі белбеуіме жармасып, бірі мойнымнан құшақтап еркелегендері көзіме жас үйірді. Түсінгенім, әскери тәртіп адамды өмірге, еңбек етуге бейімдейді екен. Сонау алыста бірге болған, қиындық пен қызықты сәттерді бірге бөліскен жігіттермен хабарласып тұрғанның өзі бір ғанибет, бір қуаныш! Әскерге барсаң, сыйласар достарың да көп болады екен. Отан алдындағы борышын өтеген әрбір азамат баршаға сыйлы болады екен. Әскерден осыны түсініп қайттым. 


Еркінбек ШЫМЫРҚҰЛОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Пікір қалдырыңыз