Ілкі сәт, ілкімді істер...
Кейде адамның өмірінде орын алған бір сәттік оқиға оның жадынан мықтап орын алып, тіпті өмірлік дағдысына айналып кететіні бар. Бұл, әсіресе, үлкендерге еліктеп, солардан бірнәрсе үйренсем екен деп жүрген жастарда жиі кездеседі. Бала ата-анасы мен алғашқы ұстазынан көп нәрсе үйренсе, жоғары оқу орнын жаңадан бітіріп келген жас маман көбіне өз басшысына, алдыңғы толқын әріптестеріне қарап бой түзейді. Иә, білуге, үйренуге құштар бала жаны неден әсерленсе, соны өзіне өмірлік ұстаным ететіні де содан болса керек.
Мұндай ұрымтал тұстағы қас-қағым сәт арадан қанша жыл өтсе де ұмытылмайды. Сол бала кезде болған жағдай, алғаусыз сәттегі алған әсер әркімнің-ақ басынан өткен болуы мүмкін. Адамның өмірін дұрыс жағына өзгерткен сондай сәттерді сөз ету арқылы өткенге қайта оралып, өнегелі тұстарын өзгелерге үлгі етіп жатсақ, оның да артықтығы бола қоймас. Осы ретте «Есімде қалған сол бір сәт» айдары, құрметті оқырман, Сіздерден де өмірлік ұстаным, өлшеусіз өнеге болар іс-әрекетімен есте қалған адамдар жайлы әсерге толы әңгіме күтеді.
Ал, жаңа айдардың беташар сөзін жастайынан жауапты қызметтер атқарған, үлкен кісілердің қасында көбірек жүріп, үйренгені де аз емес, бүгінде өзі де ел ағасы ретінде жастарға жол көрсетіп жүрген Ғалым Құралбекұлы Жұмжаев ағамыздан бастағанды жөн көрдік. Сонымен...
Асқаровтан қалған өнеге
1984 жылдың маусым айы. Сарыағаш аудандық партия комитетінің хатшылығына ұсынылғанмын. Ол кездегі тәртіп бойынша, мұндай жауапты қызметке ұсынылған үміткер қайта-қайта «сүзгіден» өткізілетін. Қазіргі сөзбен айтқанда әңгімелесу дейді ғой, алғашқы әңгімелесу бес адамнан тұратын арнайы комиссияның алдында өтті. Әрқайсысы әр саланың маманы, өздерін қызықтырған тақырып бойынша сауал қойып жатыр. Әрине, қанша жерден білімді болғаныңмен тосыннан қойылатын сұраққа тосылып қалуың әбден мүмкін. Менде де солай болды. Алғашқыда біраз сұрақтарына жауап беріп едім, соңғы сауалдары әр салаға қатысты болғандықтан іркіліп қалдым. Сарыағаш аудандық комсомол комитетінде жұмыс істегендіктен осы салаға қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап бердім де, бұдан басқа күрделі сауалдар кідірте берді. Барынша жауап берген болдым, сонда да өзіме көңілім толмай, ол жерден көңілсіз шықтым. Комиссия мүшелері бірауыздан қолдағанымен, бұрынғыдай алып-ұшып тұрған сезім жоқ, қайта алға басқан аяғым кері тартып тұрғандай көңіл күйдемін. Тәртіп бойынша ендігі әңгімелесу облыстың бірінші басшысының алдында өтуі тиіс. Оған дайындалуға уақыт тығыз, оның үстіне алғашқы сатыда ойдағыдай жауап бермеген соң, өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болды. Жасыратыны жоқ, есім-сойы ел ішінде дүркіреп тұрған Асанбай Асқаровтың қабылдауына кірерде қатты қобылжыдым. Алайда, артқа шегінетін жол жоқ, не де болса тәуекел етуің керек. Содан арадан көп өтпей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қабылдады. Әлі есімде, қасымда Алғабас ауданының бірінші басшылығынан үміткер Жаппар Балтабаев бар. Бізді облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Павел Ефимов бастап кірді. Есімде қалғаны, екі қабаттан тұратын есіктің біріншісін ашып, екіншісіне өткенімде алдымнан асқар таудай болып ақ костюм-шалбармен Асанбай аға Асқаров тұр. Кеудесінде Алтын Жұлдызы. Сол кездегі тәртіп бойынша, орысша амандастым. Қолымды алған Асанбай аға «Саламатсың ба?» деп қазақша жауап берді. Қателескенімді түсіндім де, одан кейінгі әңгімені қазақша өрбіттік. Бірінші сұрақты комсомол жұмысына байланысты қойды. Барынша жауап беріп жатырмын. Арасында ақыл-кеңесін айтып, ағалық қамқорлық танытып қояды. Екінші сұрақты орысша қойды. Ол да өз салама қатысты болғандықтан қиналмай жауап бердім. Әңгіме арасында өзінің комсомол комиетінде атқарған жұмыстарын айтып, еркін отырдық. Жастардың жанашыры екенін білдім. Аудандық партия комитетінің хатшылығына негізінен жасы отыздан асқандар немесе соған таяғандар ұсынылатын. Менің жасым жиырма алтыға енді жеткен. Жас екеніме қарамай сенім білдірді. Сол сенімді ақтау үшін бар күш-жігеріммен жұмыс істедім десем артық емес. Асанбай ағаның тағы бір адамгершілігі, әнгімелесуден кейін бізді шығарып саларда есік алдына дейін келіп, біз шығып кеткенше кетпей тұрды. Есіктен шығып бара жатып соны байқадым. Бұл маған ерекше әсер етті. Содан бері қанша жерде жұмыс істедім, қаншама басшылық қызметтер атқардым, менде де сол дағды қалыптасты. Қабылдауыма келген әрбір адамды, мейлі үлкен болсын, кіші болсын, алдынан шығып қарсы алатын дағды пайда болды. Келген адамды ықыласпен тыңдау да жақсы әсер қалдырады. Бұл есімін бүгінде ел құрметпен еске алатын Асанбай Асқаровтан қалған бір өнеге болса, одан кейін облысқа басшылыққа келген Рысбек Мырзашевтың да маған жасаған азаматтығын ұмытқан емеспін. Ол былай болды. Сарыағаштан кейін облысқа қызмет бабымен ауысып келдім де, облыстық комсомол комитетіне жетекшілік еттім. Кезекті бір қабылдауында бірінші басшы отбасы жағдайымды сұрады. Өзім осында болғаныммен отбасым әлі Сарыағашта екенін айттым. «Бұл болмайды ғой. Жастардан жұмыс талап етерден бұрын алдымен олардың жағдайын жасауымыз керек» деп Шымкент қалалық атқару комитетіне қоңырау шалды. Мәселені тез арада шешуді тапсырды. Содан көп ұзамай Шымкент қаласындағы темір жол вокзалына жақын жерден үш бөлмелі үй алдым. Мұның бәрі алдыңғы буын басшылардың өздерінен кейінгі жастарға жасаған қамқорлығы деп түсінемін. Біз де өз кезегімізде жастарға осындай қамқорлық жасап, қолымыздан келгенше көмегімізді аямауымыз керек.
Ғалым ЖҰМЖАЕВ,
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры.