Ер есімі елеусіз қалмаса...

Білетіндер адам өмірінің мәні оның ұзақтығымен емес, артында қалдырған айшықты ісімен өлшенеді деп жатады. Мұндай тұжырымның ақиқаттығын біз жастайынан ел қорғау ісіне араласып, соғыстан кейінгі жылдары өнегелі ісімен айналасына шуақты із қалдырып кеткен Өтеген Татыбаевтың өмірінен аңғарғандай боламыз. Ол кісі жайлы әңгіме қозғағандағы мақсатымыз асыл ағаны мадақтау ғана емес, есімін ел есінде қайта жаңғыртып, өнегелі істерін өскелең ұрпаққа үлгі ету еді. Өйткені, елінің ертеңі үшін еселі еңбек еткен оның есімі, жүріп өткен жолдары тарих төрінен орын алары даусыз.

Өтеген Татыбайұлының өмірбаянына қысқаша ғана тоқталсақ, ағамыз 1918 жылы Созақ ауданының Жартытөбе ауылына қарасты Аққолтық елді мекенінде дүниеге келген. Билік басына бәлшебектер келіп, ел іші дүрлігіп жатқан тұста дүниеге келген бұл толқынның маңдайына аз қиындық жазылған жоқ. Аумалы-төкпелі заман, ел ішінің алакөңіл күйі сол кездің бүлдіршіндерінің балалығына балта шапқандай еді. Соның өзінде солардың арасынан өртеңге өскен гүлдей көгеруге ұмтылғандары аз болмады. Осындай қиындықтармен қапталдаса жүріп, олар білім алуға да құлшына кірісті. Қиын-қыстау кезеңде бұл әулеттің Өзбекстан асып, арада он шақты жыл өткеннен кейін елге оралғанын ағамыздың кенже ұлы Ахметтің аузынан естідім. Ол кісінің айтуынша, 1928 жылы тәркілеу науқаны басталғанда, әкесі Татыбай азын-аулақ малын айдап, үй-ішімен Ауған еліне бет алған екен. Бірақ, бір үйлі жан шекарадан өте алмай, Самарқанның іргесіндегі «Қаратөбе» деген жерге тұрақтап қалады. 10 жасар Өтеген сол жерде білім алып, колхоз жұмысына араласады. 1936 жылы ел ішіне жылымық орнаған тұста анасы Ұмсындық пен Айгүлді, ағасы Есенбек, әпкесі Ұлжан, қарындасы Керімқызды алып, Шәуілдірге көшіп келген екен. Келісімен Ташкент теміржолының Түркістан стансасына қарасты 36-разъезге жұмысқа орналасады. 

Өтеген ағамыз 1942 жылы әскер қатарына алыныпты. Соғыс басталған жылы И.Сталин ауылдық Кеңес басшыларын броньмен қалдыру туралы жарлық шығарады. Тылдағы жұмысты ұйымдастыру үшін басшылықтағы көптеген адамдар броньмен соғысқа жіберілмеген. Сол сияқты ерекше мамандық иелері – теміржолшылар мен балықшылар, тағы сол сияқты сирек мамандар да соғысқа бармаған. Әкем де теміржолға аса қажет маман ретінде броньмен соғысқа алынбай қалады. 

Бірде Өтеген ағамыз разъезд бастығымен сөзге келіп қалады. Арты жанжалға ұласып, жаға жыртысуға дейін барады. «Сені соғысқа құртамын» деп бастық соңына шырақ алып түседі. Мінезді жігіт «бүйткенше, соғысқа барып өлейін» деп қасарысып, сол жылы өз еркімен соғысқа аттанып кетеді. Өтеген ағамыз сұрапыл соғыста сапер бола жүріп, талай рет қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеді. Жөргегінде бесік жырын тыңдап, өсе келе батырлар туралы дастанды оқып өскен ағамыз қан кешіп жүріп, өмірдің қатал сынынан өтеді. «Отан алдындағы парыз» деген ұғым оның қорқынышын ұмыттырып, бар күш-жігерін фашист басқыншыларын жоюға жетелейді. Заулаған оқтың ортасында жүріп, Батыс Украина, Белоруссия мемлекеттерін жаудан азат ету шайқастарына қатысады. Отанына адал, антына берік азамат ретінде көзге түседі. Жанын шүберекке түйіп жүретін сапер бола жүріп, талай мәрте ажалдан аман қалады. «Сапер бір-ақ рет қателеседі» деген қағидамен күн кешіп, жан сақтайды. 

Әсіресе, Украина жерінде болған шайқас кезінде ерекше ерліктерімен көзге түседі. Ол Днепр өзенінен өтуге, сондай-ақ осы аумақтағы немістер басып алған қалалар мен деревняларды жаудан азат етуге қатысады. Сол тұстарда деревнядан қашып үлгермеген бала-шаға, қарт адамдарды басқыншылар жауыздықпен азаптап өлтіріп жатқанда солардың бәріне бірдей араша түсе алмапты. Талай елді мекендердің қаңырап бос қалғанын көріпті.

«Біз, әсіресе, Жеңіс күні қарсаңында ол кісіні ортамызға алып, көңілін көтеретінбіз, арасында суыртпақтап майдан әңгімелерін сұрайтынбыз, – дейді ағамыздың кенже ұлы Ахмет бізбен әңгімесінде. – Сондай сәттердің бірінде «мына аяғымнан жарақат алғанда бастапқыда ештеңе сезген жоқпын» деп балаларына тізеден төмен кесілген аяғын көрсеткен. «Немістер жолымызға мина төсеп, біздің алға жылжуымызға мүмкіндік бермейтін. Бірде ұрысқа шығар алдында біз секілді саперларды мина тазалауға жіберді. Еңбектеп жылжып барамын. Міндетім – өзіме бекітілген аумақты тазалап, кері қайту. Берілген тапсырманы орындап, кері жылжи бергенім сол еді, кенет аяқ жағымнан гүрс етіп жарылған минаның даусы шықты. Жарылыс екпінімен жерді сүзе құлап, есімнен танып қалдым. Біраздан соң есімді жисам, аяғымнан жан кетіп қалған екен. Айнала атыс. «Мына аяқпен сүйретіліп қай жерге дейін бармақпын. Өлген жерім осы болды ғой» деп мылтығымды алып, маңдайыма тіредім. Бірақ, ауылда қалған Әбдірахманым есіме түсіп, не болса да окопқа жетіп жығылайын деген ойға бекіндім. Окопқа жеткен бойда тағы да есімнен танып қалыппын. Санитаркалар жарақатымды таңып, госпитальға жеткізіпті. Есімді сол жерде жидым. Сол минаның зардабы ғой, ақыры сол аяқты тізеден төмен кестіруге тура келді деп  әкем сол күндерді еске алушы еді».

Өтеген ағамыз соғыста бірнеше рет жарақат алып, мүгедек деп танылып, 1943 жылы елге оралады. Елге келісімен мүгедек екенмін демей, бірден еңбекке араласып кетеді. Ауылда күні-түні жұмыс, техника атауымен жоқ. Еңбек ететіндер – әйел, бала-шаға, майданнан жараланып келген жауынгерлер, қарт кісілер. Әкем солардың ортасында жүріп, елдегі ауыртпашылыққа иығын тосады. Елге келген соң аудандық партия комитетіндегілер ол кісіні жолдамамен Қазақ Ұлттық университетіне (сол кезде ҚазМУ) оқуға жібереді. Зерек те талапты жігіт оны үздік тәмамдап, біраз жыл ауданда сот орындаушысы болып қызмет істейді. Әжеміз баласының заң саласында жұмыс істегенін қаламаса керек, бірде «жарығым-ау, осы кәсіпті қойсаңшы. Адам тағдырын шешу оңай іс емес. Одан да өзіңе ыңғайлы жұмыстың құлағын ұстасайшы» деп ақыл береді. Әкем де осы сөзді күтіп жүрген болуы керек, 1947 жылы Түркістан қаласына қоныс аударып, аудандық астық дайындау мекемесіне алғашында қойма меңгерушісінің көмекшісі, көп ұзамай меңгеруші қызметіне бекітіледі. 1960 жылға дейін Түркістан аудандық тұтынушылар одағында, 1960-1965 жылдары Кентау геологиялық экспедициясында жұмыс істейді. 1965 жылы Шәуілдір ауылына қоныс аударып, аудандық тұтынушылар одағында, байланыс торабында және астық дайындау мекемесінде абыройлы қызметтер атқарды. 1975 жылы зейнеткерлікке шығып, үш жылдан кейін дүниеден озды. Қазір ол кісінің есімі Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалында жазулы тұр. «Ешкім де ұмыт қалмайды, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген осы да.

Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бір кісідей үлес қосқан Өтеген ағамыз отбасыда қамқор әке, сүйікті жар бола білді. Отанасы Дүйсенкүл апа екеуі тоғыз перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде алты ұл, үш қыздан тараған ұрпақ Шымкент, Астана, Алматы қалаларында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Үлкен ұлы Әбдірахман кезінде кеңшарға директор болса, Төлегені ғылым жолына түсіп, техника ғылымдарының кандидаты атанды. Ахметі жастайынан мемлекеттік қызметке араласып, аудан әкіміне дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Басқа ұл-қыздары да қоғамның түрлі саласында жемісті еңбек етіп, әке беделіне дақ түсірмей келеді.

Қолымызға қалам алып, бүгінгі мақаланы жазудағы мақсатымыз Өтеген Татыбаев сияқты соғыс және еңбек ардагерінің есімін ел-жұрты, кейінгі ұрпақтары жете білсе деген ниет еді. Жеңіс үшін жан алып, жан берісіп, бейбіт өмірде елі үшін іргелі істер атқарған оның есімі қай кезде де ұмытылмауы керек. Келешек ұрпақ аталарының ерліктері мен еңбектегі жетістіктерін есте сақтап, солардың жүріп өткен жолына, елі үшін жасаған ерліктеріне қарап бой түзегені абзал. Сондықтан Түркістан өңіріндегі бір көшеге есімін берсе, елге болсын деп өткен ердің аты ұмытылмас еді. Себебі, Президентіміз айтқандай, алдыңғы буын ағалардың ерен еңбегін, үлгі-өнегесін кейінгі жастарға насихаттау – қастерлі борышымыз.

Д.Жүсіп.

Пікір қалдырыңыз