Тұт ағашының теберігі
Әкем Ахмет Рысмұхамбетұлы Талқанбаев тіршілігінде патшалық Ресейдің қазаққа жасаған қыспағын да көріп, азаматтық соғыстың зардабын да тартып, фашистік басқыншылардың зобалаңын да бір кісідей басынан өткерген адам. Сол бір аласапыранға толы ауыр кезеңдердің жаңғырығы көкірегінде шер болып қатып қалғаны соншалық, ол жайлы бізге ашылып айта да бермейтін. Біз оның майдан шебінде көрсеткен қаһармандығы, жаңа өкіметті орнықтырудағы табандылығы, бейбіт замандағы бейнетке толы еңбекқорлығы жайлы там-тұмдап қана айтқан әңгімелерін естіп, содан ғибрат алып есейдік.
Өмірдегі «құбылам!»
Еңсегей бойлы, кең жауырынды әкемнің тау тұлғасы әлі күнге дейін көз алдымда. Жұмсақ үні үнемі санамда жаңғырып тұрады. Қайсар мінезіне тәнті болатынмын. Жанарынан терең ойды, өр мінезді байқайтынмын. Сол мінезділігі емес пе, 13 жасында үйінің жанынан өтіп бара жатқан пойызға мініп, сонау Қырым түбегіндегі Бессарабиядан бір-ақ шыққан ғой! Бұл Түркістанда шойын жолдың енді салынып жатқан кезі, яғни 1907 жылы болатын. Әкем отарбаға «мұндай көлікпен қай жерге дейін баруға болатынын көрейін» деген оймен мінген көрінеді.
Ешнәрседен тайсалмайтын, тәуекелшіл қазақтың қарадомалақ баласы Қара теңіз аймағындағы жергілікті халықпен тез сіңісіп кетеді. Әйгілі Днестр өзені мен Дунай жағалауында жүріп, жергілікті байларға жалданып жұмыс істейді. Балалық қызығушылығы оны осылайша үлкен өмірге тез бейімдеп, ерте есейтеді. Дала қазағы барып көрмек түгілі, атауын естіп-білмеген Югославия, Румыния елдерінде жүріп, жалшы да, жұмысшы да болады. Тәуекелге бел байлаған Түркістанның төл перзенті жеті жыл бойы жападан жалғыз, елден жырақта жүреді. Құр жүрмей, еңбекқорлығымен, табандылығымен, қайсарлығымен, уедеге беріктігімен айналасына сыйлы болады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс оты тұтанған сол бір аласапыран кезеңде 19 жастағы Ахмет румын әскерінің қатарында болады. Румын әскерлері ол соғыста патшалық Ресейге қарсы соғысқан. 1915-1916 жылдары қазіргі Украинаның Харьков маңында азаматтық көтерілістер жиі-жиі орын алып, большевиктер төңкеріс жасайды. Әкем азаматтық белсенділер қатарына қосылып, революционерлер сапында Кеңес өкіметін орнатуға қатысады. Қызыл Армия қатарына алынып, 1918-1921 жылдары революциялық комиссияның шешімімен Ақтөбе маңайына бекінген генерал Колчактың дивизиясына қарсы соғысқа жіберіледі. Бұл кезде Түркістан өлкесінде Кеңес өкіметін орнату үшін осы аумаққа билігін жүргізіп отырған Бұқара, Қоқан хандықтарымен күрес қарқын алған еді.
Осы тарихи оқиғалардың бастан-аяқ ішінде жүрген әкем 1922 жылы ғана туып-өскен жеріне оралады. Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан әкемді туған жері ыстық ықыласпен қарсы алады. Осылайша ұясынан балапан кезінде ұшып кеткен бозбала туған жеріне ел мүддесі жолындағы күрескер, идеяшыл азамат болып оралады. Біраз жыл кезінде өзі балалық арманмен пойызға мініп кеткен Түркісіб теміржолындағы стансада жұмысшы болып еңбек етеді. Тапсырылған іске тиянақты, жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жасты басшылық енді ғана жұмысы қалыпқа түсіп жатқан Мырғалымсай кен орнына жібереді.
Әкем фашистік басқыншыларға қарсы соғысу үшін майданға қанша сұранса да жасының ұлғайғанын алға тартып, өтініші қабылданбапты. Әрі шахтаға жұмыс күші қажет деп саналса керек, тылдағы еңбек майданына қалдырылған. Есесіне, әкемнің тұла бойы тұңғышы Жұмадулла мен немере ағам Абдулғани майданға аттанды. Егіз қозыдай тел өскен ағаларым сол кеткеннен қайтып оралмады. 1943 жылы бірінен соң бірі келген «қара қағаз» әкемнің жүрегіне өшпестей жара салып кетті.
Өмірімнің бағдаршамындай болған әкем даңқты жауынгер, өршіл рухты революционер, тынымсыз еңбекқор болумен қатар, талай шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі теміржолшы, майталман кенші ретінде танылды. Тұтынушылар одағында жұмыс істеп, 1954 жылы зейнеткерлікке шықты. Әкемнің коммунистік идеяға беріктігі мен адамгершілікке толы қасиеттері перзенттеріне өшпестей үлгі-өнеге боп қалды. Әкемнің көпшілік біле бермейтін асыл қасиеттерін жаңа қырынан танып-білген сайын жарқын жүзді азамат боп өмір сүргеніне көзім жете түседі. Қамшының сабындай қысқа өмірінде әкемнің көрмегені жоқ екен-ау деймін ойға шомып.
Орындалған арман
1967 жылы әкеме кеш те болса Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай «За боевые заслуги» ордені табысталды. Соған орай әкеме жеңілдік карточкасы берілді. Онымен жыл сайын курорттарға емделуге, демалуға баратын. 1969 жылы әкеммен бірге Қырымға демалуға баратын болып жолға шықтық. Ол кезде 19 жастағы студентпін. Мәскеу вокзалында билетімізді ауыстыратын болып кезекке тұрдық. Билетімізді арнайы кассадан ауыстыру керек екенін білмегендіктен, жалпы кассада екі тәулік бойы кезекте тұрдық. Қалжыраған кезде вокзал маңындағы үйлердің ауласына барып отырамыз. Бірде көпқабатты үйдің жоғарғы қабатында бір әйел жуылған кірін балконға жайып жатыр екен. Әкем соған қарап отырып, «әй, балам-ай, осы бір арманымыз орындалып, бізге де Мәскеуден бір үй бұйырар ма екен?» деп еді. Неге екенін қайдам, сол кезде бала күнімде көрген түсім ойыма орала кетті. Түсімде арқардың мүйізін тас қып ұстап, мініп алған екенмін. Сол арқар шауып бара жатып бірден Әзірет Сұлтан кесенесінің үстіне көтерілді. Бір кезде кесененің ең биік күмбезіне шығып, бір аяғымен тұра қалды. Мен соның төбесінде отыр екенмін. Ұйқыдан ояна сала түсімді шешеме айтып бердім. Шешем қуанғаннан «бұл қасиетті түс қой, әкеңе айтайық» деді. Мұны естіген әкем қуаныштан елжіреп «Әзірет Сұлтан бабамыз әулетімізді қолдайын деп жатыр екен» деп менің маңдайымнан сүйді. Үйде ешкімге көрсетпей бағып отырған қошқарымыз бар еді, соны әкем екеуміз жетектеп кесенеге алып бардық. Мешіттегі имамға «балам түс көріпті, біз қошқарды соған ниеттеніп әкелдік» деп сонда қалдырып кеттік. Имам бізге батасын берді.
Әкемнің арманы көп ұзамай-ақ орындалды. 1972 жылы бет түзеген құбыламыздай болған асқар тау әкеміз өмірден өтті. Әке қайғысы қабырғамызды қайыстырғанымен көз алдымызда жүрген анамыздың амандығы бізге демеу болды. Институт бітіріп, алғашқы еңбек жолымды Кентау қаласында бастадым. Түрлі қызметтерді атқара жүріп, инженер, цех басшысы болдым, кейін тресте комсомол комитетінің хатшысы қызметін де атқардым. Кентау қалалық, Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарына тағайындалдым. 1977 жылы мені Мәскеуге ауыстырды. Онда БЛКЖО Орталық Комитетінде Украина, Молдава секторына жауапты ұйымдастырушы болып тағайындалдым. Көп ұзамай қаланың қақ ортасынан 3 бөлмелі пәтер берілді. Ол кезде екі балам бар еді, дереу анамды жаныма көшіріп әкелдім. Анам сол кезде кішігірім дастарқан жайып, менің есімнен әлдеқашан шығып кеткен әкемнің Мәскеуден үй алсақ деген бір кездегі арманын еске алып отырып, көзіне жас алды. Міне, осынау жетістіктің бәрінің артында ата-анамыздың бізге тілекші болған адал ниеттері мен армандары жатыр еді...
Саялы бәйтерек
Дүниеге он перзентті әкелген анамыз Ханшайым Смағұлқызы бар ғұмырын ұл-қыздарының тәрбиесіне арнады. Бақыттың бастауы білімде екенін ерте аңғарып, перзенттерінің білімді болып өсуіне көздері ашық, көкіректері ояу парасатты жандар боп қалыптасуы үшін аянбай, бейнет қылды. Анамыз мектепке барса мұғалімдеріміз бірінен кейін бірі бізді мақтай жөнеледі екен. Үйге келіп, оны әкемізге мақтанып айтып отыратын. Ата-ана тәрбиесіне алаңсыз сусындап өскен біздер мектепті үздік оқыдық. Біздің осындай жетістіктерге жетіп, үлкен азамат болып қалыптасуымызға бірден-бір себепші болған осы ата-анам.
Анамыз 1914 жылы дүниеге келгенімен туған күні белгісіз болатын. Бірде ол кісі Мәскеуде Кеңес өкіметінің қызыл паспортын алатын болды. Маған хабарласып «Жаңа құжатқа туған күні жазылуы керек екен, туған күнімді сұрап жатыр» дейді ғой. Менің туған күнім 9 тамыз болатын, анамның да туған күнін осы күнге белгілеуін сұрандым. Осылайша паспортты Мәскеуден алған анам ауылға келген соң да айналасына «Менің Мәскеуден алған қызыл паспортым бар» деп мақтанып, марқайып айтып жүрді.
Бүгінде әрқайсысының орны бір төбе ағаларым өмірден өтіп кетті. Жұмағали ағам «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанды. Мұзаппар есімді ағам өңірде құрылыс саласын басқарса, Ибадулла ағамыз Түркістан қаласындағы ремзауытта бірнеше жыл партия ұйымдастырушысы болды. Республикаға еңбегі сіңген инжинер-автоматшы. Өзім елдің көз алдында еңбек етіп, бүгінде еңбегімнің жемісі ретінде Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен Шардара ауданының және Түркістан облысының құрметті азаматы атандым. Кеудеме 3 мәрте «Құрмет» орденін тақтым. Бұл да болса ата-анамның берген тәлім-тәрбиесінің арқасы деп білемін. Бүгінде жасы 88-ге келіп қалған Ұлбибі жеңгеміз ұл-қыздарының ортасында немере, шөбере сүйіп, Жұмағали ағамның отын өшірмей отыр. Одан кейін марқұм болған Мұзаппар ағамның үйіндегі жеңгеміз Зылиха, Ибадулла бауырымның үйіндегі белгілі заңгер жеңгем Карима да отбасыларының ұйытқысы болып отыр. Әке-шешемнің кенже келіні – біздің үйдегі Айжанның осы шаңырақтың табалдырығын аттағанына да 50 жыл болып қалыпты. Ата-анамыз ұлдарынан бөлек, Мария, Фатима, Сейсенкүл, Зейнет және Ділшат есімді қыздар сүйді. Олардың бірі медицина ғылымдарының докторы, бірі биология ғылымдарының кандидаты, тағы бірі ҚР еңбек сіңірген ұстазы, дәрігері, Батыр ана мәртебелерін иеленіп, өмірден өз орындарын тапты.
Ахмет әулеті бүгінде 200-ге жуық ұрпақ өрбіген алып бәйтерек секілді. Олардың ішінде елге танымал болған әулет мақтаныштары да жетерлік. Біраз жылдар бойы Қазақ фармацевтикасын басқарған Шолпан Ибадуллақызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі актер Әділ Ахметов, талантты актер Әшім Ахметов те осы Ахмет әулетінің ұландары. Камила дейтін ұрпағы Бостон университетін бітіріп, қазір Америкадағы Гарвард университетінде жоба жетекшісі. Ал, Мадияр есімді менің студент немерем каратэден Қазақстан, Азия чемпионы. Әлем біріншілігінің қола жүлдегері. Айта берсек, әулеттің ғана емес, елдің де мақтанышына айналған ұрпақтары өте көп.
Әулеттің құты
1987 жылы «Қазақфильм» киностудиясы біздің Ахметовтер әулеті жайлы «Дом нашего детства» атты деректі фильм түсірді. Одан беріде өзі туып- өскен Түркістан қаласының бір көшесіне әкем Ахмет Талқанбаевтың есімі берілді. Түркістандағы қара шаңырағымыздың ауласында 200 жылдық тарихы бар, тамыры тереңге кеткен тұт ағашы өсіп тұр. Бүгінде үлкен ағам Жұмағалидың бір ұлы Ысқақ қара шаңырақты шайқалтпай ұстап отыр. Күтіп-бапталуына бірнеше ұрпақ атсалысқан тұт ағашының саясы бүгінде бәрімізге де шапағатын тигізіп келеді. Сол ауладан 7 бабамыз өсіп-өнген екен. Әкеміздің өзі алты ағайынды болған. Олардан да тараған ұрпақ көп. Ал, әкем Ахмет пен анам Ханшайымнан тараған ұрпақтың өзі бір қауым ел. Осы тұт ағашының саясында елімізге танымал тұлғалар дастарқанымыздан талай мәрте дәм татты. Олардың арасында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болған Ыбырай Жақаев, Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов, Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен, Байтілес көкелерім, жазушы Ақселеу Сейдімбек, генералдар Сәт Тоқпақбаев, Ержан Исақұлов, сенаторлар Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Анарбек Орман, Досыбай Шерімқұлов, Нұриддин Балхияұлы және Шахарбек Усманов, Жеңісбек Тұрғанов, Жарылқасын Шалбаев сияқты дос-ағаларым және тағы басқа да белгілі азаматтар бар. Міне, біздің мәуелі бағымызға айналған осы тұт ағашы әулетімізді бүгінге дейін желеп-жебеп келеді.