Офицердің жарасымды отбасы
ҰҚК-іне қарасты Шекара қызметінде табаны күректей 25 жыл қызмет атқарған подполковник Жалғас Ермағамбетов пен оның жұбайы, қатардағы жауынгер Райхан Үсенбай шекара қызметіне кездейсоқ келген жоқ. Олар сонау тоқсаныншы жылдардың соңында сол кездегі Зайсан шекара отрядына қарасты «Комсомол» шекара заставасында бас қосып, содан бері отбасы дейтін шағын мемлекеттің іргесін бірге нықтасып келеді. Райхан Мизанбайқызы әуелгі жылдары жолдасының жұмысын түсінбегендіктен, арқасүйер азаматына біраз уақыт өкпелеп жүріпті. Таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмейтін оның жолын тосып, есікке қарайлаған күндерін қазір екеуі күле отырып еске алады. Өмірлік серт беріп, қол ұстасқан жас жұбайлар сонау шығыстағы Зайсаннан оңтүстіктегі Таразға дейінгі қызметтік жолды еш қиындықсыз еңсерді десек, мұнымыз да ағаттық болар.
Әулиеата өңіріне ауысып келген соң Райхан Мизанбайқызы жұбайымен ақылдаса келе сол кездегі Тараз шекара отрядының лазарет бөліміне медбике болып орналасады. Осылайша, Алматы қаласындағы республикалық медицина колледжінің түлегін оңтүстіктегі шекара аймағы жылы шыраймен қарсы алады. Қаншалықты ауыр болса да екеуі Алланың сынағына сабырмен қарады. Себебі, екеуі 8 жыл бойы сәби сүйе алмай жүрді. Көп ұзамай тілек-дұғалары қабыл болып, шекара шебінде Санжар мен Сәбина атты егіздері дүниеге келді.
Қатардағы жауынгер Райхан Мизанбайқызы алғаш қызметке келгенде, мынадай қызықты оқиғаға тап болады. Жылына бір рет киім-кешек тарататын қоймада іздегенің үнемі табыла бермейді. Әскери ант қабылдайтын уақытта өзіне шақ аяқ киім болмағандықтан, өлшемі үлкен аяқ киіммен әскери ант қабылдауға тура келеді. Табанына қабат-қабат ұлтарақ салып, шұлғаудың түр-түрін орайды. Үстінде мұнтаздай таза форма, аяғында қолпылдақ етігі бар Райхан ант қабылдап, шекара шебінің нағыз жауынгері атанады.
Райхан өмірлік жолдасымен сонау 1997 жылы Алматы қаласында танысыпты. Ол кезде болашақ шекарашының жары республикалық медицина колледжінің студенті болса, Жалғас Ықыласұлы шекара училищесінің 3-курс курсанты екен. Құдайдың бұйрығы шығар, студент қыз екі құрбысымен бірге шекарашы жігіт тұратын үйге қарама қарсы үйде пәтер жалдап тұрыпты. Сол үй иесінің көршісі әрі жақын танысы Жалғас пен Райханның қосылуына дәнекер болған көрінеді. Бірде ол ескертпестен шекарашы жігітті Райханның туған күніне шақырады. Жалғастың күткені де сол болса керек, туған күнге келіп, болашақ медбике қызбен танысады. Сол күнгі кеш өте көңілді өтеді. Бір көргеннен ғашық болғаны соншалық, ертеңіне өзінің адал махаббатын білдіріп, Райханға сөз салады. Өзі бір ауыз қазақша білмейтін шекарашының бұл қылығы, әрине, дәрігер қыздың күлкісін келтіреді. Әйтсе де, шынайы сезіммен айтылған жігіттің сөзі жүрек түкпірінде ұялап қалады. Жалғас шекара училищесін бітірісімен «Комсомол» шекара заставасы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық істер жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, Алматыдан алыс ауылға аттанады. Ал, Райхан қыз оқуын жалғастыра береді. Ол кезде ұялы байланыс деген атымен жоқ, арасында қос ғашық хат алмасып тұрады. 1999 жылдың наурыз айында демалысқа шыққан шекарашы жігіт дәрігер қызға үйленуге ұсыныс білдіріп, артынша отбасын құрады. Беташардан кейінгі үлкен той келіннің оқуы аяқталысымен өткізілетін болып шешіледі. Жалғас тойға қызметтен сұранып келуі тиіс болатын.
Сөйтіп, үлкен тойға дайындық басталып кетеді. Екі жақ Жалғасты күтіп жүргенде, тосын жағдай орын алады. Сол күні біреулер шекараны заңсыз кесіп өткендіктен, Жалғас Ықыласұлын басшылық тойға жібермей қояды. Амал жоқ, құдалықтан кейін Райхан қайынсіңлісі мен қайнысын қасына ертіп, Зайсан шекара отрядына қарай жолға шығады. Желтоқсанның қақаған боранында Шілікті комендатурасы орналасқан аудан орталығындағы әкім кабинетінде екеуі заңды некеге тұрып, әскери саладағы өмірлері басталады. Ол кезде әскер екі жылдық еді. Шекара заставасының өзінің шаруашылығы болатын. Онда сарбаздар сиыр, тауық, шошқа асырайтын. Олар қызметпен қатар сиыр сауып, айран ұйытып, нан мен тамақты өздері пісіретін.
Солай жылдар жылжып өтіп жатты. Ерлі-зайыпты шекарашылар әуелі Зайсан отрядына, одан соң жаңадан ашылған Тараз шекара отрядының «Гродиково» шекара заставасына ауысады. Жалғас Ықыласұлы Жалпақтөбе елдімекеніне жақын орналасқан «Гродиково» шекара заставасының алғашқы бастығы болып бекітіледі. Бұдан әрі Тараз шекара отрядында қызмет атқарады. Райхан Мизанбайқызының алғашқы еңбек жолы да осы отрядтың медициналық лазаретінде басталады. Әскери өмірдің ең бір ұмытылмас тұсы, мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған адамдар бір үйдің баласындай араласып, бір-біріне бауыр басып кетеді. Қанша жыл өтсе де сол адамдармен қарым-қатынас үзілмейді. Алыста болса да бір-біріне тілеулес болып, қуаныштары мен қайғыларына ортақтасып жүреді. Ұжымның қолдауы бұл отбасыны үнемі жігерлендіріп отырады.
Райхан 2014 жылы 2037 әскери бөліміне ауысқаннан кейін «Сырдария» шекара заставасының санитарлық нұсқаушысы болды. Кейіннен «Мырзакент» шекара бөлімшесіне ауысып, 2024 жылы сол бөлімшеден зейнеткерлік демалысқа шықты. Ал, Жалғас болса 2020 жылы зейнеткерлікке шығып, Алматыға ауысамын деген үмітпен бірнеше рет басшылыққа баянат жазады. Бірақ, барлығы дерлік «бос лауазым жоқ» деген бұрыштама қойып, баянатын кері қайтарып отырады.
2020 жылы бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індеті елдің есінен шыға қоймаған болар. Сол жылдың наурыз айында Райхан Мизанбайқызы Мақтаарал аудандық шекара басқармасының медициналық қамтамасыз ету тобына жіберіледі. Ақ халатты абзал жан кеселмен алысып жүріп, екі жылдың калай өтіп кеткенін де байқамай қалады. Соңында абыроймен еңбек демалысына шықты. Қазіргі таңда Жалғас Ықыласұлы мен Райхан Мизанбайқызы Қаскелең қаласында тұрады. Өздері мәпелеп өсірген перзенттері бүгінде бойжетіп, екеуіне қолқанат болып жүр. Ең алғаш танысып, өмірлік серік болуға ант берген Алматының бауырында екеуі еткен еңбектерінің зейнетін көруде. Мереке күні қарсаңында Құдай сіздерді әрдайым қуанта берсін дегіміз келеді.
Рауан НҰРМЕТ,
ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті
тәрбие идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға офицері, майор.
тәрбие идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға офицері, майор.