Сауатың болса несие алмай-ақ күн көруге болады

Альвира ПАЙЫСХАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені белгілі. Жоба бойынша еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырғанын және олардың көпшілігі 10 және одан да көп несие алған адамдар екенін айта келе «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген еді.
«Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер қаржылық сауатын ашуына болады.
Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыстар мен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған оқыту шаралары өтті. Бұл бағыт бойынша 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат ашу курстары өтіледі деп жаспарланған. Оның ішінде, әсіресе онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілген.
Тағы бір айта кетерлігі, «Қарызсыз қоғам» жобасына арнайы қаржылық сауат ашу бойынша білім беру платформасы да іске қосылған. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне қаржылық сауат ашу курсы енгізілген. Жобаның алғашқы оқыту курсы мамыр айында басталды. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауаттарын арттырды.
Қазіргі кезде ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесі қоғамда жиі көтерілуде. Біздің облысымыздың тұрғындары да осынау проблемалық мәселемен бетпе-бет келуде. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны көбейген. Бүгінде 8,4 млн. халықтың мойнында 18 трлн. теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд. теңге онлайн қарыз рәсімдеген. Бұл бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының күйреуіне әкеп соғуда. Президентіміз де бұл мәселеге алаңдайтынын білдірген болатын. Қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастырып, оны ел ішінде жүзеге асыру маңызды.  Жобаның мақсаты да осы – қолдағы бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретуді көздейді.
 «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Жобаға қатысушылардың 75%-ы әйелдер. Оның жартысынан көбі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама шеңберінде жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарға алынған.
Сайрам ауданының тұрғыны, төрт баланың анасы Айнұр Есенова «Қарызсыз қоғам» жобасына о баста сенімсіздікпен қарағанын жасырмайды. Алайда, жоба аясында оқыту курсынан өтіп, отбасылық бюджетті дұрыс басқаруды үйренгенін және қалай табысты арттырудың жолын тапқанын айтады.
– Ауыл тұрғындарынан сүт жинап, одан кұрт-май жасап сатамын. Қазір үй тұрғызып жатырмыз. Құрылыс әлі аяқталған жоқ. Есесіне, жаңа терезе мен батарея алуға қажет қаражатты таптым. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен 4,2 млн. теңге несие алып, оған 8 бас мал сатып алдым. Ай сайын 250 мың теңге көлемінде тұрақты табыс тауып отырмын. Қаржылық сауатың болса, несиеге жүгірмей, қарызсыз да өмір сүруге болатынына көзім жетті, – дейді көпбалалы ана.
Сонымен қатар, биыл облыста жоспар бойынша 10 500 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтеді. Өңірге бекітілген алты менеджер мен қаржы сарапшылары Сауран, Келес, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарының тұрғындарын оқытатын болады. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында былтыр 12 650 адамды қаржылық сауаттылықты арттыру курстарында оқытуы керек болса, ол жоспар 115,4 пайызға артығымен орындалып, нақты 14 600 адам аталған курстарға қамтылып, қаржылық білімін көтерген.
Айта кетейік, республика бойынша жобаны жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысып отыр. Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы
әзірленді. Кез келген тұрғын сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейнесабақтарды жүктеп алуына болады.
Пікір қалдырыңыз