Балалар әдебиетінің көсегесі көгерсін десек...
Кешегі кеңестік кезеңде «Бар жақсылық – балаларға!» деген қанатты сөз жиі қолданылатын. Кімнің аузынан шықса да жарым ырысқа баларлық жақсы сөз еді. Дер кезінде айтылған қанатты сөз еді. Өйткені, бала – қоғамның болашағы. Бар қызметін баласына көрсеткен, бар жақсылығын балаға жасаған қоғамның болашағы жарқын деуге болады. Өкінішке қарай, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде әл-әзір балалар жайында бар дауыспен айта алмай, оларға жан-жақты жағдай жасай алмай келеміз. Бүгінгі бала – ертеңгі қоғам іргетасы екенін ескергенде елге жағдай жасауды баладан бастау керектігі хақ. Бәлкім, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың өткен екі жылды қатарынан Балалар әдебиеті кітабының жылы деп жариялауын біз осылай түсінуіміз керек шығар. Өйткені, содан кейін балалар әдебиетінде қозғалыс, балалар әдебиеті сынында жақсы нышан байқалады. Жақсы нышан деп алға ұстап айтып отырған еңбектің бірі – көрнекті әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы.
Балаға жасалар жағдайдың басы – оларға ғажайып әдебиет жасап беру. Кеше де, бүгін де біздің қоғам міне, осыған қол жеткізе алмай келеді. Балалар әдебиетінің жалғыз сыншысы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» атты кезекті әдеби сын кітабының алтын өзегі осы ойларға саяды екен. Бір кітап түп-түгел қазақ балалар әдебиетінің жай-күйін таразылауға, талдауға арналыпты. Бұл сын кітабында не бар? «Не бар?» дегеннен гөрі «не жоқ?» деп сұраған дұрыс секілді. Сын кітабы бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің жай-күйін саралау. Қалай саралайды сыншы?
Бірінші кезекте бүгінгі балалар әдебиетінің жанрлық жүйесі сараланады. Түрік халықтарына ортақ бағзы фольклордан бастау алатын жанрдың (бесік жыры, тақпақ, өлең, ертегі, т.б.) бүгінгі жай-күйі, жетістік, кемшілігі, өрісі, өркені таразыланады.
Бүгінгі балалар ақын жазушылары шығармашылығы сараланып талданады. Балалар поэзиясы Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Ө.Тұрманжанов, С.Бегалин, М.Әлімбаев, Ж.Смақов, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Кәрібозин, Қ.Баянбаев, М.Жаманбалинов, С.Әлімқұлов, Ж.Сәрсеков, К.Ыбыраев, Б.Серікбаевқа дейін дараланады. Балалар прозасы
Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытов,
С.Омаров, Б.Соқпақбаев, А.Байтанаев, М.Айымбетов, Н.Ақышев,
Б.Ыбырайымов, С.Дүйсембиевке дейін сараланады.
Тіпті, балалар жазушыларын сәтіне орай фотосуретке түсіретін, балалар өмірінен нешетүрлі фотоэтюд жасайтын Берсінбек Сәрсеновтің үздік фотосуреттері ұсынылып, оның да шығармашылық портреті («Бала өмірінің жыршысы: Б.Сәрсеновтің фотосуреткерлік шығармашылығы») жасалады. Мұның балалар әдебиеті сынында бұрын-соңды қолға алынбаған шаруа екенін біреу білсе, біреу білмес.
Қазақ балалар әдебиеті өкілдері шығармалары түрік халықтары әдебиетіндегі даму, жетілу тенденцияларымен сабақтас талданады. Түрік халықтары әдебиеті ғана ма? Жоқ. Әлемдік балалар әдебиетінің озық өкілдері, таңдаулы шығармаларымен салыстыра отырып бағаланады. Байқағанымыз, прозада Б.Соқпақбаевтың, поэзияда Ж.Смақовтың әлемдік деңгейде жұлдызы жарқырап тұрғаны! Кемшілік? Ал, кемшілік дегеніңіз балалар әдебиетінде жетеді екен. Кемшілікті жетістікке айналдыруда жастарға сенім артылады.
Кітапта Ш.Айтматов, М.Кәрім, А.Яқубов, Ә.Кекілбайұлы, Ш.Мұртаза, Д.Исабеков, Т.Әбдік, М.Әлімбаев, А.Сейдімбеков секілді қазақ және түрік халықтары әдебиеті классиктерінің айтылымдары беріліпті. Айтылымдарда бірсыпыра классиктер (Ш.Айтматов, М.Кәрім, А.Яқубов,
Н.Фазылов) Құлбекті қазақ әдебиеті табысын түрік халықтары әдебиеті мысалында талдайтын мінезін жоғары бағалап, үлкен үміт артқан екен кезінде. «Бір қазақ әдебиетімен шектеліп қалмай, Орта Азия әдебиетін ортақ қарастырады» (Ш.Айтматов), «Башқұрт әдебиеті жайында да өз сыншымыздай сөйлейді» (М.Кәрім), «Өзбек әдебиетінің өз әдебиетшісіндей талдайды» (А.Яқубов), «Құлбек аканың «Өлеңсөзі» – түрік халықтары поэтикалық энциклопедиясы» (Р.Зайдулла), «Мағжан жырларын татар тіліне аударуыма себепкер – сыншы Құлбек Эргөбек» (Р.Гаташ)... классиктердің осындай сенімі қолымыздағы «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабында толық ақталған деуге болады.
«Адамның бір қызығы бала деген...» кітабын 2021 жылдан бері бауырлас өзбек әдебиетшілері «Инсоннинг бир қувончи фарзанд эрур..» (2022), «Балассуз» (2024) деген атпен екі рет өзбек тілінде тәржімалап, кітап етіп шығаруы біздің осы сөзімізге уәж болса керек. Қатардағы қырғыз, туыс татар мен башқұрт та бұл кітапты өз тілдеріне аудару үстінде екен. Бұған неге қуанбасқа?! Тарихы бір тамырдан тараған туыс елдердің балалар әдебиеті мәселелері ортақ қарастырылар еңбектің сол туыс тілдерде тәржімаланып жарық көріп жатуы жақсы үрдіс емес пе?!
Сыйлы сыйлыққа ұсынылып отырған кітаптың өзіндік ерекшеліктерін айтып та қойдық.
Құлбек Ергөбектің бір жанрға бір кітап арнайтыны, оның сындағы Қадыр Мырза Әли сияқты сынды сюжетке құрып, көркем шығармадай етіп жазатыны, сын мақалалары есіліп көркем шығармадай оқылатыны, Г.Бельгер айтқандай, «әлемдік әдебиет материалдарын еркін пайдаланатыны», сындағы ойшылдығына сілтегенде «Әбіш Кекілбаевтың сындағы ізбасары» (Д.Досжан) атанғаны, кемеңгер Кекілбаевтың өзінің «Қ.Ергөбековті Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек. ...Таңқалдыра біледі. Тамсандыра біледі» («Егемен Қазақстан» №710, 31 қазан, 2012) деп көсілгені көпке мәлім. Біз тәптіштеп жатпай-ақ қоялық. Өз тарапымыздан қосарымыз, әдебиет атты киелі өнерде сыйлас жүріп, сапарлас болған ағаларының алғау сөзі, артқан үміті балалар әдебиетіне арналған «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабында жақсы жалғасын тапқан-ақ екен.
Алдымен, Құлбек Ергөбектің – қазақ балалар әдебиетіне арнайы маманданған сыншы екенін айтуымыз керек. Ол – жетпісінші жылдардан бастап-ақ балалар әдебиетінің жоғын түгендеуші болып келеді. Ұмытпасақ, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қорытындысында осы сала жайында жиі-жиі баяндама жасайтын. Сол сәттерден машықтана жүріп балалар әдебиетінің білгір маман сыншысына айналғанына енді көз жетіп отыр. Қолымыздағы «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабы соның айқын айғағы! Балалар әдебиеті – елеусіз қалып келген әдебиет. Оның қаламгерлері де көп елене бермейді. Балаларға жазуға бейім ақын, жазушылардың өздері кейінірек өзге салаға ойысып кете беретін себебі де содан. Әйтпесе, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Ә.Дүйсембиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Ж.Кәрібозин, Қ.Баянбаев, Б.Серікбаев секілді әр буын қаламгерлер ешкімнен де сорлы емесі анық.
Сыйлыққа ұсынылған кітап біздің байқауымызда әл-әзір насихатталып жатқан жоқ. Автордың білекті түрініп (кейбір жастар секілді), насихаттауға өзінің де құлқы байқала қоймайды. Хабарласып едік, «жазба қолдан кеткен соң жұрттікі» деумен тынды. Насихатталмауының тағы бір себебі – кітап балалар әдебиеті туралы. Жасыратын несі бар, бүгінде балалар қаламгерін көпшілік біле бермейді. «Айыбы» – балаларға жазады. Бар жүрек жұпарын балаларға береді де, өздері насихатталмай, таза күйінде тасада қала береді. Құлбек Ергөбек осы олқылықтардың орнын толтырып, назардан тыс қалып келе жатқан қазақ балалар қаламгерлерінің творчестволық портреттерін жасапты. Соның бірі – үзіндісі жақында біздің газетте – «Оңтүстік Қазақ-станда» жарық көрген Өтебай Тұрманжанов. «Заманы аямаған, тағдыры аялаған». Жетім өскен, жетімсіз балалық шағы, Ғани қамқорлығы, екі рет (1937, 1957 жылдары) сотталып, «итжеккен» аталған Сібірге айдалуы, сөйте жүріп балғын бөбек сүйіп оқитын өлең, ертегі, әңгіме, повесть жазуы, қазақтың мақал-мәтелдерін жинап, жариялауы сыншы тарапынан әсерлі әңгімеленеді. Көлемді тарауда автор әрі документалист жазушы, әрі білгір сыншы ретінде толқынды сөйлейді, толымды, жан-жақты жазады. Оқып шығып, «Тұрманжанов тағдыры ауыр жан екен ғой» деп ой түйесің. Заманы аямағаны – сотталғаны, Сібір айдалғаны, зәбір-жапа шегуі, тағдыры аяла-
ғаны – өмірден ел есінде жүрер елеулі еңбек беріп өткені. Заманынан қорқып қалған ақын өзін тасада ұстай жүріп те шығарма жаратып, қазақ балалар әдебиетінің классигіне айнала біліпті. Қ.Ергөбек архивінен тың деректер ала отырып, қаламгер шеберханасын өте сәтті аша біліпті. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Ө.Тұрманжанов өмірден өтіп кеткен соң еңбегін, еңбегін ғана емес, тұтас тағдырын кейінгі ұрпаққа тебіреністі жеткізіпті. Бұл – өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырған іс болыпты. Біз бір ғана балалар ақыны шығармашылық портретін айтып отырмыз. Ал, балалар әдебиетінің маман сыншысы Құлбек Ергөбек қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылық портретін өзі редколлегия мүшесі болған «Детская литература» («Душа было добра...», 1982, №7) журналына дейін жазып, ол кездегі Одақ алабында насихаттағанын біле бермейді екенбіз. Сол жолдағы С.П.Алексеев (бас редактор), Ю.Н.Кушак, Ш.Бейшенәлиев (қырғыз), К.Таныгуркулов (түрікпен), Г.А.Юнысовамен (башқұрт) достық, шығармашылық қатынасы да барынша тәлімді болып шыққаны байқалады.
Араласып атсалыспаған адам біле бермейді, әйтпесе, балалар әдебиеті проблемалары өте көп. Алайда, олар маман көз болмаса, көріне бермейді. Көзге көрінгенінің өзі ұсақ-түйек секілді болып көрінеді. Ал, ол мәселелердің астарында – үлкен әлеуметтік мән жасырын жатарын ешкім ойламайды. «Бізде балалар әдебиеті жоқ» дей саламыз. Бұл дұрыс емес, әрине. Балалар әдебиеті – елдіктің ертеңі. Біз бұл пікірді «Адамның бір қызығы бала деген...» балалар әдебиетін ұңғыл-шұңғылына дейін қарастыратын әдеби сын кітабын оқу барысында көз жеткіздік.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың ұлы мұраты! Ұрпақ тәрбиесі – бүгінгі күннің басты рухани тілегі. Еліміздің ертеңін кемел тәрбиелейтін өнердің бір саласы – балалар әдебиеті. Бір жанр жай-күйін тұтас бір кітапта тарата, талдай әңгімелеу балалар әдебиетінің сыншысы Құлбек Ергөбектің қалыптасқан сыншылық дағдысы. Сондай қаламгерлік мақсаткерліктен туған «Адамның бір қызығы бала деген...» – қазақ балалар әдебиетінің көп жылдық жетістік, кемшілігін ақ-адал саралайтын сыншының толайым толғақты ойлары, ділгір мәселелерге құрылған жұлын-жүйкесі жүйелі, желілі тұтас кітабы.
Көрнекті әдебиет сыншысының еңбегі тақырыптық тұрғыдан тұтас, жазылу мәнері жөнінен жүйелі, стильдік сазды нақышпен сырласып, сынасып отырып жазылумен құнды.
Кітапқа екі жүйе фотоқұжаттар беріліпті. Бірі – балалар жазушылары фотобейнелері. Балалар кімнің кітабын оқып жүргендерін білулері керек. Екіншісі – балалар өмірінен түрлі ыңғайда түсірілген, өзінің философиясы бар бір өңкей сәбилер суреттері, балалар өмірінен фотоэтюдтер. Екеуін де кітапқа дайындаған – суреткерлік «көзі» бар, белгілі фотожурналист Берсінбек Сәрсенов. «Адамның бір қызығы бала деген...» қазақ балалар әдебиетінің туып, қалыптасу жолы, жанрлық өскін-өркені, жылдық жетістік-кемшілігі, тұлғалы таланттары жайында толымды ойларға толы. Балалар әдебиеті жайында тұтас кітап жазу бұрындары дәстүрімізде кездесе бермейтін. Ал, қолымыздағы еңбек осындай игі дәстүр жетегінде туған, айтары мол, терең біліммен, зор білікпен жазылған әдеби сын кітабы дерлік дүние!
«Қазақ балалар әдебиеті қайтсе көркейеді?» деп шыншыл сөйлеп, шырылдап жүрген сыншы еңбегі табысты. Сыншы айтқан толғам-толғам ойлар көптің көкейінен шығады. Тек көрер көз көріп, естір құлақ естіп, қазақ балалар әдебиеті дамуына жағдай жасалғай! Тәуелсіздігін алып, есін жиған қоғамның ертеңін ойласақ, солай болуға тиісті де. Өйткені, сыншы айтқандай, «бүгінгі бала – қоғамның ертеңі!».
Өзге елдерді білмейміз, бізде қазіргі уақытта не колледждерге, не жоғары оқу орындарына балалар әдебиеті бойынша оқулық та жазылмаған. Рас, бұрын ғалым Шеген Ахметовтің оқулығы, оқу құралдары болды. Ол бүгінгі күнді қоя тұрып, өз кезеңіне зорға жауап берерлік, әдеби талдаудан гөрі, жалпы педагогикалық насихаттық ыңғайда жазылған оқулық еді. Шеген Ахметов оқулығында балаларға арналған шығармалардың көркемдігі туралы әңгіме бола бермейтін. Енді, қолымызда Құлбек Ергөбектің түп-түгелімен қазақ балалар әдебиеті жай-күйіне бағышталған кітабы.
Қ.Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабы – қазақ балалар қаламгерін саралай тұлғалайтын, туындыларын бала көзімен қарап талдайтын, ділгір мәселеге арналған сәтті еңбек. Ғұлама сыншы В.Г.Белинскийдің «Критика – мать литературы» деген пікірі бар. Сын – әдебиет бапкері! Егер балалар әдебиетінің көсегесі көгерсін десек, балалар әдебиетімен бірге, балалар әдебиеті сынына да қамқорлық жасауымыз, жасалған еңбекті дұрыс бағалай білуіміз керек. Егер қазақ балалар әдебиетінің көсегесі көгерсін, өссін, өркендесін десек, балалар әдебиетінің маман, майталман сыншысы Құлбек Ергөбекке «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықты қиюымыз керек. «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабы – әрі қазақ, тіпті түрік халықтары балалар әдебиетінің, әрі қазақ әдеби көркем, көсем сынының үлкен табысы! Екі жанрдың бірдей табысына айналып отырған бұл еңбекке Мемлекеттік сыйлық берілмесе, онда сыйлықтың өзінен де ұят болар-ау...
Абай БАЛАЖАН,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.