Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш

Бүгінгі судьяларды қазақтың кешегі билері деуге болады. Бұрынғы қазақ қоғамындағы әділетті, туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен қазақтың сол кездегі билері еді. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, кетіскен адамдарды татуластырып отырған.

Билердің дана шешімдері өз кезегінде елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосты. 2011 жылы сол қазақтың билері салған сара сүрлеуді жаңғырту бағытында «Медиация туралы» заң қабылданды. Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құқықтық сүзгіден өтіп, өзге елдердің тәжіри­белері де сараланды. Жалпы, медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізу процестерінде көбірек қолданылады. Кейінгі жылдары бұл заң қылмыстық іс жүргізуде де қолданыла бастады. Көп ретте жәбірленуші мен айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнап, жәбірленуші жақ мәмілеге келудің жолдарын таппай жатады. Айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген залалдың орнын толтырғысы келгенімен, жәбірленушінің көкейінде ұялаған реніштен ол өзі байланысқа шыға қоймайды.
Ал, осындай жағдайда медиатор көмекке келуі мүмкін, оның басты мақсаты – екі жақты татуластыру. Медиация процесінде жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Себебі, медиацияның мақсаты екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Тек осындай жағдайда ғана ол жемісті болады.  Медиацияның тағы бір артықшылығы – бұл осы рәсімнің толық құпиялығында. Сонымен бірге медиациялық келісімге келудің нәтижесінде тараптардың уақыты мен қаржысы да үнемделеді. Сот өндірісімен салыстарғанда медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.

Нұрбол ТӨРЕХАН,
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі аудан­аралық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы.

Пікір қалдырыңыз