Экономикалық және индустриалды аймақтарға басымдық беріледі

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Қазір осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүруде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірдегі индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағын инфрақұрылыммен қамту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.
– Өңірдің дамуы өндіріс орындарының көптеп ашылуымен тікелей байланысты. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыра алмаған басшыларға тиісті шара көріледі. Әрекет етіңіздер. Инвесторлар тартыңыздар. Инфрақұрылымды жетілдіріңіздер. Нақты жоспар, ұсыныстар, жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Мәжілісте Түркістан облысындағы 10 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағының қазіргі жай-күйіне талдау жасалды.
Бүгінде инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектар жерге орналасқан 10 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда инвестициялық құны 190 млрд. теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда.
Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілген.
Екіншіден, облыста шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында
42 өндірістік ғимарат салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды.
Өңірде индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары одан әрі
жалғасады.
Пікір қалдырыңыз