Түркістандық делегация үздік жобаларын таныстырды

Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» атты фестиваль өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан ауқымды жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрмені аралап, жастармен жүздесті.
Фестивальге қатысқан түркістандық делегация құрамында 10 облыстық және жергілікті мәслихат депутаттары, 50-ге жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары, 100-ге жуық студент, 60 мектеп оқушысы, өңірдегі колледждердің әлеуметтік серіктестерінің 20 өкілі, сонымен қатар, арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері бар.
«Жұмысшы мамандықтар қаласында» әр өңірдің ерекшелігіне қарай экономиканың 15 негізгі бағыты негізінде 20 аймақтың өндірістік көрмелері құрылған. Машина жасау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік және ел экономикасының болашағын айқындайтын басқа да салалар қамтылған. Көрмеде Түркістан өңірінің екі бірдей колледжі өздерінің тың технологияларын ұсынды. Мақтаарал аграрлық колледжі су шаруашылығы, ал, Қапланбек жоғары аграрлық колледжі агроэкономикалық сала бойынша презентациялық көрмесінде үздік жобаларын таныстырды.
Көрмені аралау барысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, вице-министрі Еділ Оспан түркістандық жастардың креативті жобаларын оң бағалады. Сонымен қатар, делегация өзге облыстардың көрмелеріне экскурсия жасап, тәжірибе алмасты. Ал, келушілер техникалық білім беру саласындағы жаңа технологиялармен, оқу бағдарламаларымен танысып, отандық колледждер ұсынатын жаңа және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды.
Басқосу аясында ірі кәсіпорындар, бизнес қауымдастықтары мен колледждер арасында өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылуда. Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі түрлі бағытта бірқатар ұйымдармен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «ЭКО-Культура Евразия» компаниясы, «Qazaq sut» ҚБ, «ME GROUP» ЖШС, ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасы, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ өкілдерімен кездеспек.
Айта кетейік, фестиваль басталғалы түрлі семинарлар мен мастер-кластар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.