Сапалы педагогтарды даярлау – жарқын болашақтың кепілі

Білім беру жүйесінің ұстыны – сапалы педагогтар. Педагогтардың кәсіби деңгейі, білім беру әдістемелері мен технологиялары, сондай-ақ, олардың оқушылармен қарым-қатынасы – барлығы білім сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан сапалы педагогтарды даярлау – қоғамның болашағы үшін маңызды міндет. Білім беру жүйесінің сапасы, қоғамның дамуы мен прогресі педагогтардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Педагогикалық білім беру мен тәжірибені жетілдіру, инновациялық әдістемелерді енгізу, педагогикалық этиканы сақтау – барлығы сапалы білім берудің негізі болып табылады. Болашақта сапалы педагогтарды даярлау – еліміздің білім беру жүйесінің тұрақты дамуы мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық прогресінің кепілі.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркү­й­ек­тегі қазақстандықтарға арнаған Жолдауында «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Ал, ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деген болатын.
Орталық Азия инновациялық университетінің «Педагогика» кафедрасы 5 түрлі білім беру бағдарламасы бойынша болашақ педагогтар даярлайды: 6В01101 – «Педагогика және психология», 6В01201 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», 6В01301 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», 6В01508 – «География-тарих», 6В01601 – «Тарих», 7М01301 – «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі».
Білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету үшін университетте сауалнамалар арқылы білім беру бағдарламалары бақыланады. Студенттердің қажеттіліктерін ескере отырып, оқу үдерісіне және білім беру бағдарламаларының сапасына қанағаттану туралы кері байланыс жылына бір рет жүргізіледі. Оқыту сапасы мен мұғалімнің кәсіби шеберлік деңгейін анықтау үшін, жылына екі рет студенттер арасында «Мұғалім студент көзімен» сауалнамасы жүргізіледі. Жұмыс берушілердің білім деңгейіне қанағаттануын анықтау мақсатында бітіруші түлектер мен жұмыс берушілер арасында «Жұмыс берушілердің бітірушілерді даярлау сапасына қанағаттануы» сауалнамасы жүргізіледі. Сауалнама нәтижелері талданады және болашақта білім беру бағдарламаларын әзірлеуде кафедра мүшелері мен өндірістік сектор өкілдерінің жеке қатысуымен бірге талқыланып, қорытындыланады. Бұл іс-шаралардың өзі университетімізде Әдеп кодексіне, білімнің, болашақ мамандарымыздың оқу орнында меңгеретін кәсіби құзіреттіліктеріне аса мән беретінімізді меңзейді. Студенттеріміз де академиялық ұтқырлық бойынша республика көлемінде, шетелдерде білім алып, білімдерін ұштап отырады. Бізде білім алушылар үшін барлық жағдайлар жасалып, заманауи оқу орны педагогикалық технологиялармен, заманауи кабинеттермен жабдықталған.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймағында жайлы мектептер көптеп ашылуда, сол мектептерге заман талабына сай келетін, білікті де білімді мамандарды Орталық Азия инновациялық университетінің «Педагогика» кафедрасы қаншама жылдан бері даярлап келе жатыр. Оқу орны әрқашан да сіздерге қызмет етуге дайын, сонымен қатар, бір мақтанарымыз, 2024 жылы қараша айында аталған 5 білім беру бағдарламасы бойынша 5 жыл мерзімге аккредиттеуден өтті.

Жәмила СИХЫНБАЕВА,
Орталық Азия инновациялық университетінің қауымдастырылған профессоры.
Пікір қалдырыңыз