Үзілісте асық ойнайды

Сарыағаш ауданындағы №71 жалпы орта мектебі ұжымы таяуда ерекше бастама көтерді. Атап айтқанда, мектеп мұғалімдері қазіргі таңда оқушылардың үзіліс уақытын құр өткізбейтін айрықша әдіс енгізіпті. Оқушылар үзіліс уақытында асық ойнайды. Ұлттық ойын туралы бастама алғаш рет мектепте ұйымдастырылған аудандық әкелер мектебінің жиынында көтерілген екен. 
Қазір тіпті мектеп директоры А.Бердіқожаевтың өзі де оқушылармен бірге асық ойнап, шәкірттерді дәлдік пен ширақтыққа баулып жүр. Қазір бұл мектептің оқушыларында 1000-нан аса асық бар екен. Осыған орай мектеп басшысы асық спортына арнайы бөлме жабдықтап, үйірме ашуды да көздеп отырғанын айтты.  
– Біз балалардың ұлттық құндылықтарға жақын болуын қалаймыз. Асық ойнау тек қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар бұл ата-бабамыздан бізге мирас болған мұра. Осы дәстүрді жаңғырту арқылы оқушыларымызды ұлттық құндылықтарға мән беруге, мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелейміз. Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Ал, білім мен тәрбие қашанда егіз болуы керек,  – дейді мектеп директоры А.Бердіқожаев.

Бегайдар Жулаев,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті.
Пікір қалдырыңыз