«Ұлымның таңдауына қуандық»

Ұлым Дарын Сұлтанбек Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектепті тәмамдап отыр. Дарын қатарының алды болып, мектепті үздік аяқтады. Түрлі жарыстарға да қатысып, мектебінің, облыстың мерейін асқақтатты.

Ұлымның ендігі арманы – инженер-құрылысшы мамандығына ие болу. Дарынның таңдауына еш қарсылық білдірмедік. Себебі, құрылысшы мамандығы – маңыздылығы жағынан мұғалім мен дәрігер мамандығынан кем емес. Ел экономикасының негізгі тірегі – құрылыс саласы. 
Ғылым мен техниканың шарықтап дамыған заманында өмір сүріп отырмыз. Осындай кезеңде инженерлік еңбек экономикадан бастап, ақпарат, білім, мәдениет, өнер, тұрмыс, т.б. салаларды тұтас қамтиды деуге болады. Яғни бүгінгі қоғамды инженерлік еңбектен бөлек қарастыру мүмкін емес. Инженер еңбегі – өндіруші, өнім шығарушы, ол материалдық және рухани құндылық жасайды. 
Осы тұрғыдан келгенде ұлымыз Дарынның таңдауына шын жүректен қуандық. 

Қанатбек Абдрасилов,
ата-ана.

Пікір қалдырыңыз