Шын мықтылар жеңіске жетті

Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінде білім саласы қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, өзара достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды насихаттау мақсатында өткен сайысқа облыстағы техникалық және кәсіптік колледж педагогтері мен қызметкерлері қатысты. 

Облыстың бірнеше колледждерінен келген командалар жарыстың 5 түрінен, атап айтқанда, футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және арқан тарту бойынша сайысқа түсті. 
Бәйгеде бақ сынағандардың арасында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің футбол командасы І орын иеленіп, облыстық кәсіподақ ұйымының арнайы Алғыс хатымен және кубогімен марапатталды. Команда футболшылары Талғат Алдабергенов, Дәурен Оразбаев, Арнұр Көшеров, Еркеғали Жантілеуов, Шынарбек  Жүсіпов, Бекбосын Керімбеков, Дәулет Дүйсеқұлов, Мақсат Сағындық, Нұрлан Ибрагимов және Есхат Закиев жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. 
Бұдан бөлек, тоғызқұмалақ, арқан тарту, үстел теннисі, волейбол бойынша бақ сынаған әріптестеріміз де үздік нәтижелер көрсетіп, оқу орнының абыройын асқақтатты. Атап айтар болсақ, үстел теннисінен Талғат Алдабергенов, Қайрат Нышанбай мен Назерке Найманбаева, тоғызқұмалақ ойынынан Фатима Алтаева мен Бағдат Мамыт топ жарды. 
Спартакиада оқытушылардың спорттық жетістіктерінің әдемі көрінісі ғана емес, ол  әріптестермен байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға берілген тамаша мүмкіндік деп білеміз. Жарыс қорытындысында І орын иеленген футбол командасына колледж директоры Н.Әліпбеков алғысын білдіріп, 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Спартакиадаға спортшыларды дайындаған оқу орнының дене шынықтыру және АӘД кафедрасының меңгерушісі Ержан Небесаев облыстық білім басқармасының  Алғыс хатымен марапатталды. 
Биыл Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің құрылғанына 52 жыл толып отыр. Іргетасы өткен ғасырда – 1972 жылы қаланған білім ордасы оқытушыларының бұл жетістігі ұжым мүшелері үшін үлкен қуаныш болды. 

Талғат ДӘУЛЕТҰЛЫ, 
Назерке ЕРБОЛҚЫЗЫ, 
Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің оқытушылары.
Пікір қалдырыңыз