Отбасының тыныштығына ештеңе жетпейді

Тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздің демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде қалыптасқаны белгілі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары отбасыдағы зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті проблемаға айнала бастады. Отбасындағы жанжалдар көбіне ұрыс-керістен, қызғаныштан, психикалық аурудың асқынуынан, сонымен қатар, ішімдіктің кесірінен пайда болады. Мұндай сәттерде ер азаматтар, өкінішке қарай, өздерінің отбасындағы ең жауапты жан екенін ұмытып кетіп жатады.

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отбасыда зорлық-зомбылық көрсететіндердің жауапкершілігі күшейді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне де түзетулер енгзіліп, құжатта қоғамды алаңдатқан мәселеге айрықша екпін берілді. Түзетулерге сәйкес, бұдан былай әкімшілік іс жүргізу нақты деректер бойынша қозғалады. Яғни ол өтініш беруден анықтау сипатына көшті. Әйтсе де, соңғы құқықтық бағалауды сот береді. 
Күні кеше Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа заң Сенаттың талқысынан өтіп, Президенттің қол қоюына ұсынылды. Аталмыш заң – тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Жыл сайын елімізде қаншама адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Солардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
Жалпы, отбасыдағы тұрмыстық жанжалға байланысты сотқа шағым көп түседі. Кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке бастың құқықтарына қол сұғатын жағдайлар, құқық бұзушыны жазалау шаралары «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 73-бабында жан-жақты көрсетілген.  Онда отбасының тыныштығын бұзып, жолдасына, балаларына, ата-аналарына, туыстарына былапыт сөйлеген 717 адам 5 тәулікке, егер мұндай жағдай жыл ішінде тағы қайталанса 10 тәулікке дейін қамауға алынады. Денсаулығына қасақана зиян келтірсе 15 тәулікке, тағы қол жұмсаса 25 тәулікке дейін темір торға тоғытылады. Араға көп уақыт  салмай Президент қол қойған жаңа заңда жазалау шаралары бұдан да қатаңдатылып отыр.
Президентіміз отбасының шырқын бұзатын, қоғамның тыныштығын кетіретін құқық бұзушылықтарды «Заң және тәртіп» қағидаты арқылы реттеуді ұсынып отыр. Расында, заң үстемдік еткен жерде кез келген адам өзін қауіпсіз сезінеді. Осы арқылы олар кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек. Президент айтқандай, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі тиіс.

Нұрлан НЫШАНОВ,
Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.      
Пікір қалдырыңыз