Түбіне «Тik Тok» жетті
«Жүре берсең, көре бересің» деуші еді бұрынғылар. Сол айтқандай, заман ілгерілеп, қоғам өзгерген сайын айтуға ауыз бармайтын небір сұмдық жағдайларды еститін болдық. Өкініштісі, мұндай сорақылықтардың әйелдердің қолымен жасалатындығы.
Бұл оқиға былтыр тамыз айында Қапланбек ауылында (Сарыағаш ауданы) болған. Сол ауылдың ерлі-зайыпты тұрғындары түс әлетінде қарбыз жеп отырып, әңгіме арасында «Тік Ток»-қа қатысты дау туындайды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күйеуі әйелінің ТікТок әлеуметтік желісіне бейнежазба жүктегеніне наразылық білдіріп, арты екеуара ұрысқа ұласады. Күйеуінің озбырлығына шыдамаған әйел ашу үстінде күйеуінің мойын тұсына пышақ сұғып алады. Әйел бұған да қанағаттанбай, өмір мен өлім арасында жатқан күйеуінің басынан бірнеше рет таспен де ұрады. Ең өкініштісі, мұның бәрі балаларының көз алдында өтеді.
Күйеуін өлтірген соң әйелі көршісінің үйінен дыбыс шығаратын колонка алдырып, оған музыка жалғап, марқұмның денесін бірнеше бөлікке бөледі. Әрине, мұның бәрін қылмысын жасыру үшін істейді. Соңында бөлшектелген денені бөшкеге салып, оны көршісінің көлігімен Келес өзеніне апарып, суға ағызып жібереді. Арада көп уақыт өтпей, күйеуінің көлігін танысына 2 миллион 300 мың теңгеге сатып жібереді. Әйел «бәрі осымен бітті, ешкім ештеңе білмейді» деп ойлайды. Бірақ, әйелдің түн ішіндегі әрекетінен күдіктенген көршісі үш күннен соң бөшкені ашып, сұмдықты өз көзімен көреді. Келіншектің қылмысы осылай әшкере болады.
Марқұмның туыстары келіндерін өмір бойына сотталуын сұрағанымен, Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру) және 190 баптың 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша айыптап, 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл ғана емес, бүгінде жүгенсіз желінің зардабын талай отбасы тартып- ақ жатыр. Мына оқиға соларға сабақ болсын.
Д.ЖҮСІПОВ.