Теория тәжірибемен ұштасқанда

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Өмірлік жол таңдауында адам үш нәрседен жаңылмағаны жөн екен. Соның бірі – мамандық таңдау. Расында, адам баласы үшін мамандық таңдаудың маңызы зор. Десек те, мектеп бітіруші жастар көбіне беделді оқу орындарын таңдайды да, оны бітірген соң жұмыс таппай, сандалып қалады. Бүгінде қос-қостан дипломы болса да, жұмыссыз жүргендердің қатарын осындай «адасып» келген мамандар құрайды. 

Бір жағынан, жастардың дұрыс жол табуына бұрыннан қалыптасып қалған ескі көзқарастың әсер ететіні де жасырын емес. Мысалы, кешегі СПТУ-ларда, бүгінгі кәсіптік-техникалық колледждерде жоғары оқу орнына түсе алмаған жастар оқиды деген ұшқары пікір бар. Белгілі бір деңгейде бұл пікірмен келісуге болатын да шығар, бірақ бұл колледжде білім алып жүргендердің бәрі бірдей түк білмейтін сауатсыз, сөз ұқпайтын бұзақы дегенді білдірмейді. Қайта тәртібі нашар делінетін балалар арасынан көптеген көшбасшылар шығатынын естен шығармауымыз керек. Тіпті, біздің қоғамда білім нәрін сол жерден алып, үлкен қызметке жол ашқандар да аз емес. 
Иә, кешегі кеңес өкіметі кезінде үлгерімі нашар, тәртіпсіз оқушылардың баратын жері СПТУ болатын. Мұғалімдер де тәртіп бұзған оқушыларға сол жерді айтып қорқытатын. Содан бала санасында СПТУ деген адамның ең сорлысы баратын жер сияқты болып қалыптасты. Бертін келе кәсіптік білім алу үшін мәжбүрлеп оқыту сап тыйылды да, елде орта деңгейлі, әсіресе, техникалық мамандардың тапшылығы туындады. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бұрынғы СПТУ-дың атын өзгертіп, колледж деп атады. Одан жағдай түзеліп кете қойған жоқ. Қайта елдегі техникалық қызметкерлер тапшылығы мемлекеттік дәрежеде шешілуге тиіс мәселеге айналып бара жатты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 16 тамызында өткен «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында ҚР Үкіметіне техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің дамуына көңіл аудару қажеттігін ескертті. Бұл мәселенің стратегиялық бағыты ретінде колледждерді ірі кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға өткізу, дуальдық білім беруді дамыту және бітірушілерді жұмысқа орналастыру жағы таңдалды. Осы стратегиялық бағыттарды орындау мақсатында техникалық және кәсіптік білім мекемелерін ірі өндіріс орындарына сенімгерлік басқаруға беру ұсынылды. Бұл сол өндіріс орындары өздеріне қажетті мамандарды өздері дайындасын деген шешім еді. Осы қадам өз жемісін бере бастаған сияқты. Оған таяуда Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінде болғанымызда көз жеткізгендей болдық.

«Сенімгерлік басқаруға берудің тиімді тұстары көп»

Осыдан алпыс сегіз жыл бұрын өндіріске кәсіби мамандар даярлау мақсатында «Шымкент қалалық кәсіптік-техникалық училище» болып құрылып, атауы бірнеше рет өзгерген оқу орны бүгінде «Түркістан  индустриалды-құрылыс колледжі» деп аталады. 2020 жылы «DALA-CONSTRUCTION.KZ» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген колледжде бүгінде он үш мамандық бойынша бір жарым мыңнан астам студент білім алып жүр. Колледж директоры Қанат Ибраимқұлов: «Ұзақ жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде айтарым, кәсіптік оқу орындарын сенімгерлік басқаруға берудің тиімді тұстары көп. Сенімгерлікке алу туралы шартқа сәйкес, көзделген мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін колледж дамудың 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын жасады. Кәсіпорын сенімгерлікке алғаннан кейінгі 2020-2023 жылдар аралығында колледжде 33 педагог аттестаттаудан өтіп, біліктілік санаттарын жоғарылатты. Олардың жалақыларына 30-45 пайыз аралығында қосымша үстемеақы төленіп келеді. Колледждің 56 арнайы пән оқытушысы мен 45 өндірістік оқу шебері «DALA-CONSTRUCTION.KZ» ЖШС және басқа да әлеуметтік серіктестердің өндірістік базаларында тағлымдамадан өтті. Нәтижесінде, бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші біршама артты. Дәлірек айтсақ, былтыр 502 бітірушінің 368-і, яғни 75 пайызы жұмыспен қамтылды. Әрине, бұл теорияны тәжірибемен ұштастырудың арқасы деп білеміз. Өйткені, біздің студенттер бірден-ақ іс-тәжірибеден өткен маман болып шығуда.
Академиялық дербестік шеңберінде колледжіміз жұмыс беруші сенімгерлік компанияның қатысуымен және еңбек нарығы талаптарын, сондай-ақ өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге мүмкіндік алды. Білім алушылар серіктестіктің соңғы үлгідегі өндірістік базасында іс-тәжірибеден өтуі де бітірушілеріміздің бірден жұмыспен қамтылуына оң әсер етіп отыр» дейді.
Сенімгерлік басқарушы компания білім алушылардың маман болып қалыптасуында дуальды оқыту жүйесінің мәні жоғары екендігін ескере отырып, өңірдегі ірі кәсіпорындармен келіссөз жүргізу арқылы бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Соның арқасында дуальды оқыту көрсеткішін соңғы 4 жылда 30,6 пайыздан 44,1 пайызға дейін көтеріп отыр. Оның ішінде сенімгерлік басқарудың үлесінде 200 білім алушы бар.
Жиһаз, тігін өндірісі, дәнекерлеу ісі, ғимараттар мен құрылыстар салу, автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысын жүргізу, жүк көтергіш машиналар мен транспортерлерді басқару 
және электр жабдықтарымен жұмыс істеу, тағы басқа да осы сияқты бүгінде ең қажетті мамандар даярлайтын колледждің оқу базасы талапқа сай жабдықталған. 
Біз колледждің оқу және өндірістік практика корпустарын аралап көруге мүмкіндік алдық. Білім алушылардың бір тобы компьютер сыныптарында білімін жетілдіріп жатса, келесі топ тігін цехында құрылысшыларға арналған қызметтік формалар тігіп жатыр екен. Ал, жұмыс алаңында дәнекерлеушілер түрлі темір шарбақтар, көшені жарықтандыратын бағаналар жасап жатқанын көрдік. Арнайы цехта бір топ студент оқу шеберлерімен бірге пластикалық есік-терезе құрастыруда. Ағаш шеберханасында да қыз-қыз қайнаған жұмыс. Олар өздерінің оқу аудиторияларындағы ескі парталар мен орындықтардың ағашын ауыстырып, жаңалап жатыр екен. 
«Сенімгерлік компаниясы өзінің өндірістік қажеттілігінен артылған металл, ағаш бұйымдарды бізге жеткізіп береді. Студенттердің іс-тәжірибе сабақтарында біз одан өзіміз тұтынатын жиһаздар жасаймыз. Бүгінде оқу аудиторияларындағы жиһаздар мен парталарды түгелге жуық жаңаладық. Тіпті, кейбір бөлмелердің тозығы жеткен еденіне дейін ауыстырдық. Осылайша сенімгерлік басқарудың арқасында артық шығынсыз көп іс тындырып жатырмыз. Әрі студенттеріміз қолына диплом алғаннан-ақ дайын маман болып шығады. Тіпті, кейбір құрылыс мекемелері бізге өздеріне маман даярлап беруге алдын-ала тапсырыс беріп жатады. Әсіресе, жүк көтергіш машиналардың мамандарына бүгінде сұраныс жоғары» дейді директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Әбдіхалық Имашев. 
Одан кейін біз студенттер іс-тәжірибеден өтіп жатқан өндірістік алаңшаға бардық. Жап-жас жігіттер алып кранды өздері басқарып, көптонналы құрылыс плиталарын бір орыннан екінші орынға жылжытып, жүк тасымалдаушы көліктерге артып жатқанын байқадық. Әрине, үйренушілердің қасында бұл саланың қыр-сырын тереңірек үйретіп жүрген кәнігі мамандар бар. 
«Жүк көтергіш машиналардың мамандары бүгінгі таңда орта есеппен 300-500 мың теңге аралығында жалақы табады. Мұндай айлық-жалақы жоғары білімді кейбір басшыларға да бұйыра бермейді. Біз талапкерлер арасынан кімнің қандай кәсіпке бейімі бар екенін анықтап, икемі барларын өзіміздегі он үш мамандық бойынша даярлаймыз. Өз ісінің білгір маманы болуы үшін жастарда бірінші кезекте қызығушылық болуы керек. Сол қызығушылық олардың болашақ мамандықтарын қалыптастырады» дейді Қанат Ибраимқұлов. 
Директордың айтуынша, мұнда білім алып қана қоймай, қосымша табыс табуға да мүмкіндік мол. Сенімгерлікке алған серіктестік жұмыс істеуге мүдделі жастарды жұмыспен қамтып отыр. Олар күніне алты сағаттық жұмысына ең кемі 90 мың теңге жалақы алатын көрінеді. 
Қаржыландыруды үнемдеу есебінен колледж жуырда студенттерін іс-тәжірибеге тасымалдайтын су жаңа микроавтобус сатып алыпты. Сондай- ақ, студенттердің спортпен шұғылдануына жағдай жасап, жазғы футбол алаңшасын салған. Кітапхана қоры жаңадан жасақталып, жаңа компьютерлер мен смарт тақталар, оқу процесіне қажетті басқа да құрал-жабдықтар  сатып алынған. Қысқасы, колледжде ілгерілеу, оң өзгерістер көп.

Ынталандыру әдісі

Жастарды білім алуға бейімдеудің түрлі тәсілі бар. Соның бірі – оларды ынталандыру. Колледжде бұл әдіс те тиімді пайдаланылып, өз жемісін бере бастаған. Колледж білім алушылары түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Спорттық іс-шаралар бойынша айтар болсақ, мұндағы футбол және волейбол командаларының жетістіктерін айрықша айта кетуге тиіспіз. Айталық, «Арыстанбаб» колледжінде ұйымдастырылған жарыста колледж ұжымынан жасақталған команда волейболдан І орынға ие болса, М.Әуезов атындағы университеттің 80 жылдығына арналған жарыста да волейболшылар үздік шығып, І орынды жеңіп алған. 
Оқу орнының негізгі мақсаты жұмысшы мамандар даярлау болғандықтан, бұл бойынша да түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады. VІ республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында колледждің екі ұстазы, атап айтсақ, Мәулен Нажиметовтың жетекшілігіндегі «Ағаш ұстасы» командасы жеңімпаз атанса, Гүлжан Мамырованың басшылығындағы «Кірпіш қалау» командасы да жақсы өнер көрсетіп, ынталандыру сыйлығына қол жеткізген. «WorldSkills Kazakhstan 2022» чемпионаты 9 құзіреттілік бойынша сарапқа салынып, «Кірпіш қалау» командасы, «Тоңазытқыш жабдықтары және желдеткіш құрылғыларын жөндеу», «Жиһаз жасау», «Виртуальды мерчендайзинг», «Автокран машинисі» командалары алдыңғы орындардан көрінсе, «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мен «Желілік және жүйелік басқару» командалары одан кейінгі орындарды еншілеген. Ал, «Графикалық дизайн» мен «Кузовты жөндеу» командалары жүлделі ІІІ орыннан табылған. «WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық чемпионатында Кәрімжан Алиасқар «Кірпіш қалау» номинациясы бойынша II орын – күміс медаль иеленді. Республикалық, облыстық деңгейде өтетін конференцияларға, семинарлар мен байқауларға жалпы колледждің 86 оқытушысы қатысып, оның отызға жуығы жүлделі орындардан көрінуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. 
Колледж педагогтары жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, олардың мақалалары мен еңбектері ғылыми басылымдарда жиі жарияланып жүр. Бүгінге дейін республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарға 46 мақала жарияланып, сертификаттар берілген.   
Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа жүйе бойынша қолға алынған тың бастамаларды бұдан әрі қарай да тізе беруге болады, бірақ оның бәрін газет көлемі көтермейді. Ең бастысы, бұл саладағы тың бастамалар бүгінде жемісін бере бастағаны рас. Біз оны көзбен көріп, сүйсініп қайттық. Бұл колледждің маман даярлау әдісі, жастарды еңбекке баулу тәсілі көңілге қонымды. Аталған оқу орнынан еңбек нарығына ысылған, тәжірибелі мамандар шығатынына қуанып, өзгелерге үлгі болса екен деп тіледік. 
Пікір қалдырыңыз