Обалың «реформаторларға», жас ұрпақ!

Дилара Бименова, «Оңтүстік Қазақстан».


Мектеп табалдырығын кеңестік жүйе ыдырап, еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары аттадым. Бастауыш сыныпта «Бейнелеу өнері» (біз оны «Сурет сабағы» дейтінбіз) дейтін пән болатын. Оны жетінші сыныпқа дейін оқыдық. Одан кейін «Сызу» пәніне өттік. Ал, қазір «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» дейтін пәндер біріктіріліп, «Көркем еңбекке» айналған. Яғни бұл болашақта құрылысшы, сәулетші, дизайнер секілді мамандарды даярлауға ықпал ететін пән болды. Аталған екі пәнді екі бөлек, тіпті, «Еңбекке баулу» пәнін қыздар мен ұлдар екі бөлек оқитын уақытта білім алған біздің буынның мұндай біріккен сабақтың мазмұнын түсіне қоюы қиын. Сонда да болса бүгінгі оқушылардың «Көркем еңбек» пәніне арналған оқулығына көз жүгіртіп көрдік.

Екінші сынып оқушыларының «Көркем еңбек» оқулығын парақтап отырып ұққанымыз, мұндағы сабақтардың үштен бірі ғана бейнелеу өнеріне, қалғаны еңбекке баулуға арналған. Мәселен, бірінші тоқсанда балаларға бейнелеу өнеріне байланысты автопортрет салу туралы бір ғана тапсырма берілген. Сонда ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлдардан ағаш ұстасын, ал, қыздардан тігінші ғана шығарғысы келді ме? Суретші боламын дейтін балалардың талабын неге ұмыттық? Осындай оймен 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Бейнелеу өнері мен технологияны оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Жолдасбековамен сөйлескенбіз.   

– Мектеп оқулықтарында кемшіліктер әлі де кездеседі. Дұрыс айтасыз, балалар сурет салғанды өте жақсы көреді. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары табиғат көріністерін салуға құштар келеді. Оны аз десеңіз, кейбір балалар жазуға, есеп шығаруға арналған дәптерлердің соңғы беттеріне немесе бір бұрышына түрлі көліктердің суретін салып қояды. Міне, осыдан-ақ «Бейнелеу өнері» пәнінің өз алдына бөлек пән болуы керек екені аңғарылады.  

Содан кейін сурет баланың жан-дүниесіне терең үңілуге мүмкіндік береді. Мына бір оқиғаны айта кетейін. Мектеп психологы оқушыларға «құмырадағы кактус гүлін салыңдар» деп тапсырма береді. Оқушылардың қиялынан нешетүрлі туынды дүниеге келеді. Алайда, психологты үлкен гүл мен оған тамшылатып су құйып тұрған кішкентай құмыраның бейнесі таңқалдырады. Бұдан нені аңғаруға болады? Ата-ана күндіз-түні жұмыс істеп, балаға дұрыс көңіл бөлмейді. Оған қажетті мейірім мен махаббатты бере алмайды. Бала осыны сурет арқылы айтып тұр. 

Жалпы, «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» пәндерінің біріктірілгені әдістемелік оқу құралдарын дайындайтын ғалымдарға да оңай болған жоқ. Олар әдістемелік оқулық дайындағанда бейнелеу өнеріне басымдық берейін десе, еңбек пәнінің тапсырмалары қалып кететін болғандықтан, тепе-теңдікті ұстауға тырысты. Бұрындары мектепте «Технология» пәнінің («Еңбекке баулу» пәні бір кездері осылай аталды) өзі екі сағат өтілетін. Қазіргі жалпы орта білім бағдарламасында ол пән «Бейнелеу өнерімен» қосылып қана қойған жоқ, бір сағатқа қысқарды. Мұндай жағдайда баланың бойында болашақ мамандығына қарай еңбек дағдыларын қалыптастыру қаншалықты мүмкін? 

Бұл реформа мектеп мұғалімдерін де сарсаңға салды. «Бейнелеу өнері» пәнінің мұғалімдері «Еңбекке баулу», ал, «Еңбекке баулу» пәнінің мұғалімдері «Бейнелеу өнері» пәнінің тапсырмаларын орындауда қиындықтарға тап болды, – дейді Сәуле Әбдіразаққызы.

Әрине, қолынан тігін тігу де, ағаш жону да, сурет салу да келетін әмбебап мұғалімнің табыла қоюы екіталай. Сонда бұл пәннен кімдер сабақ беріп жүр дейсіз ғой. Сәуле Әбдіразаққызы былтыр оқу орнын «Бейнелеу өнері және сызу» пәні мұғалімдерінің соңғы легі бітіріп шыққанын айтады. Ал, биыл олар «Көркем еңбек және сызу», «Визуалды өнер, еңбекке баулу және графикалық жобалау» мамандықтарының алғашқы түлектерін ұшырғалы отыр. 

Ал, енді мына қызықты қараңыз. Былтыр елімізде алғаш рет педагогтердің республикалық съезі ұйымдастырылды. Сонда мұғалімдер «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» пәндерін біріктірудің дұрыс емес екенін алға тартып, бұрынғы жүйеге қайта көшу туралы ұсыныс айтқан болатын. Нәтижесінде 2023-2024 оқу жылы мектеп табалдырығын аттаған оқушылар аталған екі пәнді бөліп оқи бастады. Келер оқу жылында екінші сыныптағылар осы бағдарлама бойынша білім алатын болады. Одан кейін үшінші, төртінші сыныптар бұрынғы жүйеге қайта оралады. Қысқасы, мәнін ұғып, қаймағын қалқып алып үлгермей жатып «Көркем еңбек» пәнін де көлеңкеге қарай ысырып тастай салмақпыз... 

Осы бір жағдайдың өзі аты-жөні жоқ заман талабы осы екен деп шетелдердегі оқу үлгілерін еліміздегі білім беру жүйесіне тықпалай беруге болмайтынын көрсеткендей. «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу», «Сызу» пәндерін айналдырған 5-6 жылдың ішінде-ақ жоғалтып алғанымыз бізге үлкен сабақ болуы керек. 

Мақаланы жазу барысында Созақ ауданындағы Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінің «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі Ақмарал Байғараевамен тілдескен болатынбыз. Ақмарал Бейімбетқызы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген екен. 

– Бұрындары 7-сыныптан бастап өтілетін «Сызу» пәні жалпы орта білім беру бағдарламасынан мүлдем алынып тасталынды. Сала мамандары мұның себебін қазіргі жаңа технологиялардың өмірімізге дендеп енгенімен, компьютерлерді қолдану аясының кеңейгенімен түсіндіруге тырысады. Ал, шындығында «Сызу» пәні бізге сәулет өнері үшін ғана керек емес қой. «Сызу» пәні оқушыларды түзу сызуға, ұқыптылыққа, дәлдікке үйретеді. Оқушы кезімізде бір миллиметр артық не кем сызсақ мұғалімдеріміз жұмысымызды қабылдамай қоятын.

Менің «Бейнелеу өнері» пәнінен сабақ бермегеніме 10 жылдай уақыт болды. Оның орнына «Графикалық жобалау» деген пән енгізілді. Бірақ, бұған оқушылар қызыға қоймады. Былтырдан бері бұл пән таңдау пәніне айналды. Яғни баланың сабаққа қатысу құқығы өз еркінде. Сосын «Графикалық жобалау» сабағында оқушыларға баға да қойылмайды. Бұл біз және біздің ата-аналарымыз оқыған «Сызу» пәнінің тамырына балта шабылды дегенді білдіреді. Бір сыныпта көп дегенде 5 оқушы сабаққа қатысып, сурет салып отырса, қалғандары бұл уақытта тест сұрақтары мен жауаптарын жаттайды.  

Бір жылдары оқушыларға үштік деген баға қойсам, ата-аналары «осындай сабақтан да үш деген баға қояды ма?» деп ренжитін. Мен оларға бағаны сыныптағы өзге оқушылардың жұмысымен салыстырмалы түрде қарап қоятынымды айтып, түсіндіруге тырысатынмын. Қазір біздің мектепте үйірме жұмыс істейді. Соған келіп, қолөнерді, сурет салуды үйренгісі келетін балалар бар. Бірақ, олардың ата-аналары балаларының мұндай үйірмелерге барып, уақыт жоғалтқандарын қаламайды. Одан гөрі ұлттық бірыңғай тест тапсыратын пәндер бойынша қосымша курстарға барғандарын дұрыс көреді. 

Үйірмеге келетіндердің барлығы да өскенде суретші болғысы келетін балалар. Бірақ, көпшілігінің ата-анасы олардың суретші болғанын қаламайды. «Одан гөрі мұғалім, дәрігер болсаң өлмейсің» дейді. Өзің айтшы, екеуміз кофе ішіп отырған мына кофехананың ішін де дизайнер заманауи түрде әсемдеп, көркемдеді емес пе?! Осындай дүние жасайтын оқушыларымның талантының тұншығып жатқаны  жаныма батады.

Назгүл деген оқушым суретті керемет салады. Оны көрсем өзімнің бала күнім есіме түседі. Ол үйірмеге берілген кабинетте қабырғадағы суреттерді сағаттап қарап отырудан жалықпайды. Мен де сондай болатынмын. Осыны байқаған ұстазым мені суретшілікке баулыды. Ал, мен Назгүлдің бойындағы қабілетті ұштай алмағаныма өзімді кінәлі сезінемін. Кішкентайынан сурет салуға құмартып өскен Сағиды да артынан қуып жүріп, қаншама рет үйірмеге әкелуге әрекеттендім. Бірақ, ата- анасы сынып жетекшісіне «Сағи ҰБТ-ға дайындалуы керек. Ол ІТ саласының маманы болады» депті. Осылай тағы бір талантты шәкіртімді жоғалттым, – деді  Ақмарал Бейімбетқызы.

Әр заман өз суретшісін тудыруы керек. Ал, біз бүгінгі «Бейнелеу өнеріміздің» халі осындай болып тұрғанда онсыз да кенжелеу дамыған өнердің, ұлттық бейнелеудің іргетасын қалаған Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың жолын жалғастырар, мектебін алып кетер кішкентай қылқалам шеберлерін тәрбиелей аламыз ба? Жалпы, бұл реформаны жаңалық ретінде ұсынған сала мамандары өздерінің қаншама балаға қиянат жасағанын біле ме екен?! Біз тілдескен ғалым Сәуле Әбдіразаққызы колледж мұғалімдерінің оқу орнына еңбекке икемі жоқ жастардың келіп жатқанын айтып, қынжылатынын да жасырмады. Әне, көрдіңіз бе, бір қателіктің соңы неге әкеп соқтырып жатыр... 

Білім саласына әр жыл сайын реформа жасап, жаңалық ашқыш ғалымдар  оқушылар мінген алып кеменің жолбасшысы екенін ұмытпаса екен... 


1 пікір

  • Evelyn Martinez
    Evelyn Martinez

    GET RICH WITH BLANK ATM CARD, Whatsapp: +18033921735 I want to testify about Dark Web blank atm cards which can withdraw money from any atm machines around the world. I was very poor before and have no job. I saw so many testimony about how Dark Web Online Hackers send them the atm blank card and use it to collect money in any atm machine and become rich {DARKWEBONLINEHACKERS@GMAIL.COM} I email them also and they sent me the blank atm card. I have use it to get 500,000 dollars. withdraw the maximum of 5,000 USD daily. Dark Web is giving out the card just to help the poor. Hack and take money directly from any atm machine vault with the use of atm programmed card which runs in automatic mode. You can also contact them for the service below * Western Union/MoneyGram Transfer * Bank Transfer * PayPal / Skrill Transfer * Crypto Mining * CashApp Transfer * Bitcoin Loans * Recover Stolen/Missing Crypto/Funds/Assets Email: darkwebonlinehackers@gmail.com Telegram or WhatsApp: +18033921735 Website: https://darkwebonlinehackers.com

Пікір қалдырыңыз