Бала тәрбиесіне байыппен қарайық

Ертеңгі қоғамның қандай болмағы бүгінгі ұрпағымыздың тәрбиесіне байланысты дейтін болсақ, онда әрбір жетістікке қаншалықты қуанатынымыз сияқты, кейбір келеңсіздіктерге де соншалықты өкініш білдіруіміз керек. Ел ертеңінің негізін қалап жатқан біздер, яғни тәрбиеші-ұстаздар, бұл жауапкершілікті жете сезінгеніміз жөн.

Иә, перзент үшін ата-ананың орны бөлек. Жас жеткіншек тәрбиені ең алдымен ата-анасынан алады. Сол үшін мұғалім мүмкіндігінше өз оқушыларының ата- аналарымен де тығыз байланыста жұмыс істесе, мұның тәрбие жұмысына берері  аз болмайды. Таяуда өткізген тәрбие сағатында біз «Ата-ананы сыйлау – ең үлкен міндет» деген тақырыпты таңдадық. Осылайша балалардың санасына ата-ананы сыйлауды сіңіре отырып, оларды мейірімділікке тәрбиелеуге болатынына көз жеткіздік. «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол сәби үшін ең жылы ұя» дейді К.Гюго. Бірақ, осы жылылықты бала қаншалықты сезініп жүр? Рас, кейде шектен тыс еркіндік баланы тым ерке етіп, өсе келе ол өзінікі үнемі дұрыс бола беретініне үйреніп қалады. Баланың дегені ата-ана үшін дұрыс болғанымен қатал қоғам оның еркелігін көтере бермейді ғой. Мұндай жағдайда баланы қоршаған ортаға қалай бейімдеуге болады? Міне, осындай қадау-қадау мәселелер тәрбие сағатында әңгіме арқауына айналып, оның жауабын балалардың өз аузынан естуге ұмтылдық. Балалармен емін-еркін жасалған әңгіме барысында олардың ойлау қабілеті қай деңгейде екеніне көз жеткіздік. Әрине, балалардың бәрі сұраққа дұрыс жауап беріп жатты деп айта алмаймыз, дегенмен, ондай жағдайда тығырықтан қалай шығу керек екенін ұғынғандай болды. Ашық сабақтың тағы бір артықшылығы – оқушылар өз ойын еркін білдіру арқылы қоғамның дамуына өздерінің де қатысы бар екенін сезінді. Бастауыш сынып оқушыларын біз көбіне тым кішкентай сияқты көреміз. Бірақ, оң-солын енді танып келе жатқан олар үшін мұндай өмірлік маңызы зор сұрақтардың қаншалықты маңызды екенін ескере бермейміз. Кейбір мінезі тұйық делінетін балалардың да мұндай кезде қабілеті ашылып, өздерін көпшілік ортада еркін сезіне бастағаны қуантты. «Ата-ананың балаға деген махаббатына ешбір махаббат теңеспейді, ол ешқашан суымайды» деген сөздері арқылы өздерін ата-анасы қаншалықты жақсы көретінін аңғартқандай әсер қалдырды.
Рас, бала ұғымында ата-анасы өз еткен еңбегі, еркелеткені арқылы жақсы немесе жаман болып бөлінеді. Бірақ, есейе келе ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізген кезде бәрін басқаша қабылдайтынын естен шығармауымыз керек. Сол үшін баланың көңіліне қарап дұрысты да – дұрыс, бұрысты да – дұрыс деуге болмайды.
«Бала тілі – бал» дегендей, «Кім ата- анасына көп еңбек етсе, бақыт соған қонады», «Баланың ата-анаға деген жақсы қызметі болмаса оған бақ та қонбайды» деген сияқты риясыз сөздері еріксіз сүйсінтеді. 
Әрине, барлық ата-ана өз перзентінен тек жақсылық күтеді, соны армандайды, сол арманмен ғұмыр кешеді десек, мұнымыз асыра айтқандық емес. Ата-ана ғұмырындағы ең үлкен қуаныш – бала сүю екені де талас тудырмайды. Олар перзентін қанша сүйсе де мейірі қанбайтыны анық.  
Баланың адал болып, перзенттік парызға жауапты болуы көбіне ата-ананың өзіне байланысты. «Ата-ана мінезінен сезік алса, бала жүрегі суына береді, қатая береді» дейді жазушы Ғабит 
Мүрісепұлы. Егер ата-ана баланы дым білмейді, түк түсінбейді деп көзінше ерсі қылықтар жасайтын болса, есейе келе бала да ненің жаман, ненің жақсы екенін ажырата алмайтын болып қалады. Олар баласының көз алдында өтірік айтудан, ұрыс-керістен, ішімдік ішуден барынша сақ болғаны жөн. Егер сол сияқты басқа да адамшылдық нормаларға жат қылықтан аулақ болмаса, мұның кесірі көп өтпей бала бойынан да біліне бастайды. Себебі, сәл әсірелеп айтсақ, бала деген ақ мақта сияқты өзіне шаң-тозаңды тез жұқтырып алады. Сол үшін баланың кіршіксіз көңілін жат қылықтармен, жағымсыз әрекеттермен былғап алудан барынша сақ болайық. 

Ұлбала ШӘУЛИЕВА,
М.Жұмабаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Жетісай ауданы.
Пікір қалдырыңыз