«Кибер тұмар» науқаны басталды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан – ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесіп, балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған «Кибер тұмар» ауқымды науқанын бастады. Бұл бастама балаларға интернетті қауіпсіз пайдалануды және ықтимал тәуекелдерді басқаруды үйрету мақсатында қолға алынды. 

«Кибер тұмар» – түрлі қауіп-қатерлер кезінде әрекет етудің базалық алгоритмдері бар әлеуметтік плакаттарды, сарапшылардың практикалық кеңестері бар материалдарды, білім беру роликтерін және тағы басқа тақырыптарды қамтитын ақпараттық құралдар кешені.

Интернет − тек ақпараттың ғана емес, коммуникацияның да құралы. Сондықтан кішкентай кезінен бастап адамға осы құралдардың мүмкіндіктерін барынша тиімді және мейлінше аз нұқсан келтіре отырып пайдалануға үйрету керек. «Кибер тұмар» ақпараттық-білім беру науқанын өткізу − балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін, ата- ананың баланың онлайн ортада ақпаратты таңдауға деген «иммунитетін» қалыптастыру жауапкершілігін күшейтуге көмектесетін маңызды және заманауи шара, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Науқан аясында балалар киберкеңістіктегі түрлі қауіп-қатердің базалық алгоритмдерімен және сарапшылардың кеңесімен танысып, пайдалы бейнероликтерді көре алады. Бұған дейін, аталмыш комитет «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлы өмірі» тақырыбында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін «Ата-ана бақылауы» бағдарламасын пайдалануға арналған ауқымды шара өткізген болатын.

А.ПАЙЫСХАН. 


Пікір қалдырыңыз