Роботты қазақша сөйлетті

Сарыағаш ауданында оныншы сынып оқитын жас талант Жансерік Камал JARIQ жасанды интеллект мобильді қосымшасын жасап шығарды. Оның бұл өнертабысына қызығатындардың қатары көбейіп келеді.  

Жансерік жасаған бағдарлама дыбыстық хабарламаны 100-ден аса тілде жазбаша мәтінге айналдыра алады. Сонымен қатар, сауалдарға жауап береді. Жасөспірім осы тың жобасымен республикалық байқауда топ жарған-ды. Жас ғалым ойлап тапқан мобильдік қосымшаны бүгінде Google Play Market-тен жүктеп, жүздеген адам қолдануда.
«Қазір «Жарықты» көптеген адам қолданады. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – адамдардың уақытын үнемдеу. Менің бақылауым бойынша мұны оқушылар көп пайдаланады. Күнделікті өмірде қосымша ақпараттар, кітаптар іздеу барысында пайдаланатынын бақылап отырамын. Менде толық статистикасы бар. Егер оқуға ерінсеңіз, қысқаша мәлімет те ұсынады» дейді Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жансерік Камал.
Мобильді қосымша оқушының алғашқы жобасы емес. Жансерік демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасап шығарған. Ақылды робот аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын арнайы платформа арқылы жасалған. Ол дыбыс жазатын сайт арқылы қазақ тілінде сөйлей алады.
– Бұл роботтың ерекшелігі – қонақүй, мейрамханаларға келген адамдарға сусын ұсынып, олармен сөйлесіп, көңіл-күйін көтеруге қосымша бір элемент ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, шетелдік туристерге Қазақстан туралы жағымды эмоция қалдырады деп санаймын, – дейді жас ғалым.
Дарынды жасөспірім өткен жылы «Сары-ағаш туризм» қосымшасын іске қосқан болатын. Курорттық аймақ туралы толыққанды ақпарат ұсынатын қосымшаны бүгінде 300-ден аса адам қолданады. Республикалық конкурста жүлделі орын иеленген жобаға қызығушылық танытып отырғандар көп.
Он бес жасар сарыағаштық жас ғалым қазір өзі сынды оқушыларға интеллектуалды ойын жасауды қолға алған. Жансеріктің алдағы мақсаты – ғылым мен техниканың тылсым тұстарын барынша терең меңгеру. Оқушының бұл бағытта алға қойған мақсаттары да 
толағай.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз