Мал ұрлығы тыйылмай тұр


 
Мал ұрлығы қазақ халқы үшін ежелден лайықты жазалануы тиіс ауыр қылмыс болып саналады.
Қазақта «Мал ашуы-жан ашуы», «Малым - жаным садақасы, жаным - арым садақасы» деген мәтелдер, амандық саулық сұрасуда «мал-жан аман ба», дүниесін сұрағанда «мал-мүлік» деп басқа мүліктен ерекше айтылуы малдың қазақ үшін маңызы зор екенін аңғартса керек. Мал көшпелі қазақ үшін тіршілік көзі болса, қазір де қазақ үшін оның мән-маңызы жоғалған жоқ.Ауыл халқы, кәсіпкерлері үшін мал инвестиция, бизнес, табыс пен пайда көзі.
Мал меншік құқығының негізгі объектісі болғандықтан, мал ұрлығы басқа ұрлыққа қарағанда қауіпті қылмыс болып саналады.
Ежелгі қазақ заңдарына сай мал ұрлығы үшін еселенген ауыр айыптар салынатын болған. Бірақ бұл жерде мал ұрлығы мен барымтаның ара-жігін ажырата білу керек. Барымта - малды иеленіп, сіңіріп кету мақсатынсыз келтірілген зәбір, моральдық зиян не мүліктік шығын үшін екінші жақты жазалап, одан лайықты өтемақы алу мақсатында ашық не жасырын жасалатын малды қуып, айдап кету.
Кеңес үкіметі тұсында да мал ұрлығымен күрес бәсеңдеген жоқ. Халық шаруашылығы үшін мал ұрлығының орасан зияндылығын тиісті түрде бағалап, ол үшін ауыр жазалар, тіпті ең жоғары жаза – өлім жазасын тағайындауға дейін барған.
Бүгінгі күні мал ұрлығы ұйымдасқан қылмыс үшін басты пайда көзінің біріне айналып отыр. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев кезекті жолдауында мал ұрлығы үшін жазаны қатайту керек екенін атап көрсеткен болатын.
Бұрын мал ұрлығы бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау туралы заң шеңберінде басқа ұрлық түрлерімен қатар, бірдей қаралып келді.
Ұрлық - бөтеннің мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жасырын болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар кінәлі адамның өзі жағдайды қалай қабылдайтынын басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар үшін өзі байқатпай әрекет жасадым деп санаса, онда ұрлық, тіпті егер меншік иесі не өзге адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп саралануға жатады. Жоғарыда аталған адамдардың бірі мүлікті иелену оқиғасын көріп тұрғанымен оның қылмыстық сипатын түсінбеген жағдайларда да, ұрлық жасырын ұрлау деп саралауға жатады.
 Егер ұрлық кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өзара қатынастарда болған, осыған байланысты олар хабарламайды және оның әрекеттерінің жолын кеспейді деп сенген адамдардың алдында жасалса, бұл әрекетті мұндай жағдайларда да ұрлық ретінде сараланған жөн.
 Егер жоғарыда аталған адамдар бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс.
 Жәбірленуші немесе мүлік қарамағында немесе күзетуінде тұрған адамдар бар кезде не бөгде адамдардың көзінше, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген адам өз әрекетінің заңсыз сипатын аталған адамдар түсінетінін, алайда осы мән-жайларды елемейтінін сезінген кезде жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бөтеннің мүлкін ашық заңсыз иемдену, яғни тонау болып табылады. Бұл орайда қылмыстық құқықтық бұзушылықты көзі көргендер кінәлі адам әрекетінің жолын кесу шараларын қолдануының маңызы болмайды. Қолданылған зорлық-зомбылықтың (күш қолданудың) қауіптілік деңгейіне қарай кінәлі адамның әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде саралануға тиіс.
Мал ұрлаудың объектісі – нақты тұлғаның меншік құқығымен (иелену, пайдалану және билік ету құқығы) байланысты қоғамдық қатынастар.
Субъективтік жағы – қасақаналық, пайдакүнемдік мақсат. Яғни, кінәлі тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезіне тұра, қоғамдық қауіпті салдарларының болатынына не болу мүмкіндігіне көзі жете тұра, ешқандай құқықсыз бөтеннің малын өзіне не үшінші тұлғаларға заңсыз пайда табу мақсатында алып, меншік иесіне мүліктік шығын келтіреді.
Объективтік жағы бөтеннің малын өзінің не басқа тұлғалардың пайдасына жаратуға бағытталған белсенді әрекеттер.
Көбіне жайылыста жүрген мал ұрланады. Жайылыстар елді мекендерден алыс қашықтықта да болуы мүмкін. Ұрылар малдың бағымын, мүмкін болса иесін, бақташы не күзетшілердің, олардың байланыс құралдарының бар - жоғын, жер жағдайын мұқият зерттеп барып ұрлыққа шығады.
Ертеден малдың кімге тиесілігін білу үшін малға белгі, ен салу, таңбалау қолданылған. Бұл жағдайдың мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергп-тексеру, сот процесінде дәлелдеме ретінде маңызы зор. Себебі, малдың таңбасына, еніне қарап ол малдың иесі анықталады.
​Қорыта келе, «ұрлық түбі - қорлық» демекші, жаман әдеттерден аулақ болуды болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие беру арқылы саналы түрде сіңіру қажет.
 
Г.Табирова,
Түркістан облысының қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маман – сот отырысының хатшысы .
Пікір қалдырыңыз