Мерекелік шаралар басталып кетті!

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы 100 жыл­дық мерейтойы қарсаңында өңіріміздегі киелі орындарды аралап, зиярат етуді мақсат еткен болатын. Ұжымның алғашқы сапары сансыз баптар мекені Сайрамдағы Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне зиярат етуден басталды. 

Алғашқы сапардың сансыз баптар мекенінен, оның ішінде Ибраһим ата мен Қарашаш анаға зиярат етуден басталғаны тегін емес. Ибраһим ата мен Қарашаш ана – қазақ даласына ислам дінін таратушылардың бірі, әулиелердің сұлтаны атақты Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы. 
Ибраһим ата – дін көсемі, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған. XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Халық арасында Ибраһим атаның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар кең тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарына ислам дінін уағыздады.
Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI – XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта тұрғызылды. Елуінші жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.
Сайрам өңірі медреселерге, көне сәулет өнерінің үлгісі болып табылатын тарихи ғимараттарға өте бай. Олардың көбі бүгінге жетпей, жартылай қираған, көбісінің қабырғаларының сұлбасы ғана қалған. Соның өзінде алты кесене, мешіт өз қалпын сақтап қалды. Осылардың ішінде айрықша өзіндік айшықталу ерекшеліктерін, сәулеттік көркемдігін бұзбай жеткені – Қарашаш ананың кесенесі.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз