Сырбек аға – Сыр елінің академигі
1987 жылдың 7 наурызында Шардара ауданындағы «Қазақстан» күріш кеңшары мен «Целинный» күріш кеңшары қосылып, шаруашылық іріленді. Мен Сырбек Кәттебеков ағамен дәл осы жылдары өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Бұл кезең «Қазақстан» күріш шаруашылықтарының даму дәуірі, Сырбек Кәттебековтің кеңшар басшысы ретінде жаңа қырынан көрінген кездері еді. Шаруашылықтарды қосу арқылы ірілендіру барысында аттестациялық комиссия құрылып, мамандарды да тиянақты түрде жаңа жұмыс орындарына тағайындау жұмыстары жүргізілді. Комиссияны тікелей аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құлыбек Қадырбаев басқарып, аудандық агроөнеркәсіптік кешенінің басшысы Исамудин Рысбаев және барлық бас мамандардан құралған топ жұмыс істеді.
Қалың көпшіліктің шынайы құрметіне бөленіп, елдің есінде мәңгі қалған Сырбек Кәттебеков жөнінде көп айтуға болады. Ол кісінің мағыналы өмірінің кейбір үзік сәттерінен мысал келтірсем деймін. Кеңшардың директоры болып тұрғанда ол кісі жиналыс өткізу барысында кейде ашуға бой алдыратын кездері болатын. Кейбір жұмыстарға көңілі толмаған кездерде кемшілік жіберген жауапты мамандарға батырыңқырап айтып жіберетін. Бірақ, ашуы лезде басылып, артынша жадырап сала беретін. «Жігіттер, осылай бір-бірімізге кемшіліктерімізді айтып тұрмасақ, мына кеңшарда жұмыс жүрмейді. Отбасында да бір жаманатты адам болуы керек, ол адам болмаса үй тарқап кетеді» деуші еді. Міне, осындай қасиеттерінің арқасында Сырбек Кәттебеков көп тірліктерді тап-тұйнақтай етіп тындырды, ал, оның рахатын қалың көпшілік көрді. Бір ғана адамның қажырлы ісі мен қайраткерлігінің арқасында бір кеңшардың абыройы асқақтады. Мәртебесі биіктеді. Әрине, бұл тұрғыда ол кісінің соңынан ерген қызметтестерінің де еңбектері ерен еді.
Сәкеңнің тағы бір жақсы қасиеті, ештеңені ішіне бүгіп қалмайды, не болса да бетіңе айтып салады. Бір-бірін жамандап өсек айтатын адамдарды жек көретін, көпшілік мәжілісте отырғанда «әй, пәленше, сені мынау мынадай деп отыр ғой, шын ба?» деп салады. Одан кейін ондай сөз таситын адамдар қайтып алдына келмейді. Сосын өтірік айтқанды жек көретін. Мысалы, мәжілісте әр маман шаруашылық бойынша қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы есеп береді. Сол есептердің бірінде бір маман бір бөлімшенің жұмысы жақсы жүріп жатқанын мақтап, оның сөзін аяғына дейін тыңдап алған Сәкең, ол бөлімшеде ешқандай жұмыс жүрмей жатқанын, бір күріш алқапта суы азайып кеткенін, бір жерін күрмек, басқа да арам шөптер басып қалғанын теріп айтып берді. Ол маманның жұмыс басында болмағанын бірден білетін. Кейбір бөлімше басқарушылары жұмысының жүрмегенін техникаға жауып ақталғысы келеді. Оған да «сен өзің бүгін жұмыста болған жоқсың ғой, той тойлап осы мәжіліске тіке келіп отырсың» деп бетіне айтып салатын. Өйткені, Сәкең таңертең сағат 5-6-да бөлімшелердің егіс алқаптарын аралап, сағат 9-да кеңсеге келеді. Кешке де солай, жұмыстан кейін бөлімшелерді аралап кешкі сағат 21.00-де өтетін кешкі мәжіліске келеді. Сондықтан Сәкеңе өтірік мәлімет беру мүмкін емес, өйткені, кеңшарда қандай жұмыс атқарылып жатқанының бәрін біліп отырады. Екі үлкен кеңшар қосылған кезде, «Целинный» күріш кеңшары өнім көрсеткіштері төмен, жерлері де құнарсыз, техникалары істен шығып жатқан еді. Қосылған бойдан Сәкең күштің бәрін осы кеңшарға жұмылдырып, жер тегістейтін мелиоративтік техникалардың, органикалық тыңайтқыштардың, жаңадан келген техникалардың көбін осы Целинный бөлімшесіне бергізіп, өзі таңертеңнен кешке дейін, күні бойы егістік танаптарды қадағалаумен болды. Жұмыстарды осылай дұрыс ұйымдастырудың арқасында сол қосылған жылдың өзінде «Целинный» жақтың өнімі «Қазақстан» кеңшарының көрсеткішіне жетті. Тіпті кейінгі жылдары бұрынғыдан да жоғары өнім бере бастады. Міне, бұдан түйгеніміз, шаруашылықты іскер де басқарушылық тәжірибесі мол, талапшыл басшы басқаратын болса, кез келген шаруашылық жоғарғы нәтижелерге қол жеткізеді. Сәкең «Қазақстан» кеңшарын басқарған кезде өз қарамағына іскер де білімді мамандарды тартып, оларға сенім артып, білмеген жерін үйретіп, қатал талап қою арқылы қиын жұмыстарды шебер үйлестірді. Жылдың аяғында үлкен мөлшерде сыйақы берілетін еді. Екі кеңшар қосылғаннан кейін бұрынғы «Целинный» кеңшарының механизаторлары мен күрішшілері де жылдың аяғында көппен бірге үлкен мөлшерде сыйақы алатын болды.
Екі кеңшар қосылған кездегі ең жас маман, бас гидротехник болып істейтін Ақберді Байманов 33 жаста, мен 35 жаста едім. Екеуміз күні-түні тынбай жұмыс істегеніміздің арқасында Сәкеңнің ең сенімді мамандарына айналдық. Жыл сайын механизаторлар слетіне қатысатын едік. «Қазақстан» кеңшары облыс бойынша техникалардың өнімді жұмыс істеу көрсеткіші бойынша бірінші орынды иемденіп отырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әсембек Қаныбековтің қолынан сыйлық алған кездеріміз де аз емес. Сәкеңнің беделі мен сый-құрметі тек ауданда емес, бүкіл облыста жоғары еді.
Бір жолы Сырбек аға «Сарыағаш» шипажайында демалып жатқанда артынан барып жағдайын білдік. Осы кездесуде «Сейсен, мен саған керекті темір-терсек алатын адам тауып қойдым» деп жасы менімен жобалас бір жігітті таныстырды. Ол Өскемен қаласындағы Шемонайха елді мекеніндегі қатаң режимдегі түрменің бастығы екен. Түрмеде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын шағын кәсіпорын бар екен. Сол жігітпен танысып, демалыс күні үйге қонаққа шақырып, ауылымызды көрсеттік. Кейін жұмысыма барғаннан соң хабарласамын деп ауылына қайтып кетті. Бір айдан кейін хабарласып, «біздегі өздеріңе керекті темір-терсектерді келіп көріңдер» деді. Сәкең маған «барып қайт, бірақ, қасыңа міндетті түрде бір адамды ертіп ал, алыс жол, бөтен жер, бір өзің барма» деді. Ағаның айтуымен мен қасыма шеберхана меңгерушісі Ниязбеков Қазыкенді ертіп, жолға шықтым. Наурыз айы бізде күн жылы кез, ал, ол жақта жолдың екі жағасында қалың қар жатыр екен. Біз түнде қонақүйге барып, түрме бастығымен хабарласып едік, «мен ертең облысқа кетемін, бүгін біздің үйге қоныңдар» деп үйіне алып кетті. Ертесіне таңертең ерте, ұлты орыс майорды шақырып алып, «осы кісілермен бірге жүресің, өзіміздің қонақүйге орналастырып, түрмеге кіргізіп, керекті заттарын көрсет» деп тапсырма берді. Майор жігіт бізді күнде түрмеге ертіп барып, керек-жарақ заттарымызды көрсетеді. Үш күн дегенде қажетті темірлерді көріп, тізім жасадық. Тағы екі күндей темірлерімізді тиейтін вагон күтіп жаттық, одан кейін түрме бастығы бізге «қайта беріңдер, тапсырыс берген вагон келсе өзіміз тиеп жібереміз» деп шығарып салды. Ауылға келген соң екі аптадан кейін Шардара стансасына бір вагон темірлеріміз келді. Оны үш күнде әзер дегенде гаражымызға тасып алдық. Осы алған темірлерімізді үш-төрт жыл пайдаландық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Сәкеңнің көпшілдігінің арқасында «Қазақстан» кеңшары күріштен гектарынан 70-80 центнерден өнім алып, өнімділік көрсеткіші жөнінде Одақта бірінші орынға шықты. Сәкең өмірінің соңына дейін отбасымен кеңшардың қарапайым үйінде тұрды. Ол өз отбасының жағдайынан бұрын, кеңшардың көркейіп-гүлденуін, ауыл тұрғындарының әл-ахуалын, тұрмыс жағдайын ойлайтын еді. Ұл-қыздарының тәрбиесіне де қатал қарап, қарапайымдылықты, ізеттілікті, мейрімділікті бойларына сіңіріп өсірді. Ұл-қыздарының бәрі жоғары білім алып, әртүрлі мамандықтардың иесі атанып, елдің құрметіне бөленіп жүр. Сәкең тек кеңшар емес, ауданның әлеуметтік-экономиқалық дамуына да өз үлесін қосып, Шардара ауданы кезінде мемлекетке
100 мың тонна астық тапсыратын болса, соның 33 мың тоннасын осы «Қазақстан» кеңшары тапсырып отырды. Сәкеңнің осы еңбектері бағаланып, КСРО мемлекетінің ең жоғарғы награда-
сы – Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Қазан Революциясы» ордендерімен марапатталды. КСРО мен Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атағын алды. Аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажының оң шешілуіне күш салды. Қазіргі кезеңде де осы Сәкеңнің салып берген жолы мен іс-тәжірибесі негізінде Алатау батыр ауылдық округінің тұрғындары аудан бойынша алда келеді. Бұл да Сәкеңнің өз қарамағындағы адамдарды еңбекқорлыққа үйретіп кеткен тәжірибесінің арқасы болса керек. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Сырбек ағамыз «Сыр елінің ардақты академигі» ретінде жерлестерінің жадында ұзақ сақталады деп сенеміз.
Сейсен БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Алатау батыр ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы,
ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері,
Шардара ауданының құрметті азаматы.