Шәкірттерім топ жарды

Еліміздің ертеңінің қандай болмағы бүгінгі жастарымыздың білімі мен біліктілігіне байланысты болса, сол білім мен тәрбиені ұштау тәрбиеші-ұстаздардың басты міндеті болып қала береді. Осы ретте оқушының қарым-қабілетін дамытып, білімге, өнерге қызығушылығын арттыру әрбір оқытушының тікелей кәсіби біліктілігіне байланысты. 

Иә, ұзақ жылдардан бері ұстаздық етіп жүріп байқағаным, өнерге жаны жақын оқушылардың сабақ үлгерімі де жаман болмайды. Кейде біз оқушы тек сабақ оқумен айналысса ғана үздік атанады деп жаңсақ ойлап жатамыз. Шын мәнінде, өнерге, спортқа қызығып, түрлі үйірмелерге қатысып жүрген оқушының сабақ үлгерімі де жақсы болып, оқу бағдарламасын да оңай меңгеретініне көзіміз жетіп жүр. 
Мақтаарал ауданына қарасты №1 Мырзакент мектеп-гимназиясының 6 сынып оқушылары Ақниет Қанатбекқызы мен Елжан Рауанұлы таяуда көркем еңбек пәні бойынша республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауына қатысып, екеуі екі бағыт бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Оларды мектеп директоры Гүлмира Орақбаева бастап, бүкіл ұжым болып құттықтадық. Оқушыларды өнерге баулып жүрген ұстазы болған соң, бұл қуаныш маған ерекше әсер етті. Әсер еткені сол да «Өнердің өрге өрлеп жүргені, шәкірттің шеберлікті сезгені ұстаз үшін зор қуаныш екен ғой» деп ақжарма тілегімді ақтардым. Жалпы, білімді жастарымыз бен өнерлі оқушыларымыз көп болса, еліміздің де болашағы нық болмай ма?! 

Тұрсынбай ТАМБАЕВ,
№1 Мырзакент мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі.
Пікір қалдырыңыз