«Түргеш қағанаты» – тарихтан сыр шертеді

Шымкент қаласындағы жас­өспірімдер кітапханасында өлкетанушы Қаппар Сейдалыұлының «Түргеш қағанаты» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Бард ақын Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» атты рухты әнімен ашылған кешке Қазақтану ғылыми зерттеу орталығының директоры М.Үмбетұлы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ. Анарбаев, Шымкент университетінің аға оқытушысы, тарихшы Б.Жаңабаев, «Адами капитал» журналының бас редакторы Ә.Ахметов, тыл ардагері Б. Қуанбеков, «Төлеби» қорының төрағасы Ж. Ізбасаров, Н. Оңдасынов атындағы №38, М.Әуезов атындағы №96 жалпы орта мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. 
Жиналғандарға «Түргеш қағанаты» кітабы жайлы алдымен автордың өзі әңгімелеп берді. Түргеш қағандығы мемлекетінің тарихын нақты деректерге сүйене отырып түсіндіріп, еңбектің әр бөлімі бойынша мағлұматтар беріп, тың ойларымен бөлісті. Ал, тарихшы М. Үмбетұлы мен Қ. Анарбаев осы еңбектегі деректер тарихи фактілерге қаншалықты сай келеді деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғады.  
Іс-шара барысында тыл ардагері Б.Қуанбеков кеш авторы мен оқырмандарға ақ батасын берді. Мектеп оқушылары қазақ ақын-жазушыларының тарих тақырыбына жазылған өлеңдерін жатқа оқыды. 
Кешті аталмыш кітапхана директорының орынбасары Ұ. Ынтымаққызы қорытып, өнерлі оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады. Қ.Сейдалыұлы «Түргеш қағанаты» еңбегін кітапханаға сыйға тартты.

АЯЖАН ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ,
М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті.
Пікір қалдырыңыз