Ғарышқа қол созған қазақ

«Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, 
Қазақстан Республикасының  Президенті.

Қызық халықпыз ғой. Ғылым, өндіріс саласы сөз бола қалса «Қазақстанда ғылым жоқ. Біз түйме де шығара алмаймыз» деп қара аспанды суға алғызатындар бар. Яғни өзіндегі барды көргісі келмейді. Бір Серікжан Сейітжановтай кәсіпкердің мыңдаған отбасыны жұмыспен қамтып, нәпақа тауып беріп отырғаны шот емес.

«Қазақстанда ғылым жоқ». Жоқ емес, бар. Бар болғанда қандай. Жақында өзіміз қатты сыйлайтын, жиырма жылдан астам уақыттан бері тонның ішкі бауындай болып сыйласып келе жатқан профессор Тұрлыбек Ысқақовпен сұхбаттасып қалдық. 
Тұрлыбек Ысқақов – техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттық және ҚР ұлттық инженерлік академияларының академигі. Ғылым жетістіктерін «ЭнергияБуран» кешеніне ендірудегі айрықша табыстары үшін оған С.П.Королев атындағы халық-
аралық сыйлықтың лауреаты атағы берілген. Космонавтика федерациясындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының ардагері. Оның ғылыми-ізденіс саласындағы қол жеткізген табыстары да өз дәрежесінде бағаланған. Соның дәлелі, ол ҚР-ның 2005 жылғы ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тұрлыбек Өтешұлы 1 оқу құралының, 4 монографияның, 269 ғылыми жұмыстың авторы. Осынау ауқымды жұмыстың нәтижесі – 132 патент және авторлық куәліктер.
Тұрекең өте қарапайым жан. Мақтанға жоқ. Бірақ, басқа атақтарын айтпағанда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақ далада жатқан атақ емес қой.
Тұрекеңнің еңбектерін зерделесеңіз түйме емес, сонау жеті қат көкті жарған ғарыш кемесінен бір-ақ шығасыз. Ретімен айтайық.
Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызыл-орда филиалында табысты жұмыс істеді. Ғылымның өндіріске аса қажетті басым бағыттарына зерттеу жүргізеді. Ол негізінен Байқоңыр космостық ұшу алаңдарына қажетті құрылыс материалдары болатын. Бұл ізденіске рұқсат алудан бөлек Ресей тарапынан үлкен бақылауда еді. Сәл қателік кетсе итжеккенге айдалып кетуің кәдік. Тұрлыбек Ысқақов дайындаған материалдар мен жаңалықтар Кеңестер Одағының жабық нысандарында әбден сынақтан өтті. Басында Ресей мамандары күдікпен қарағанымен араларында табысты жұмыс істеп жатқан жалғыз қазақ ғалымының ізденістері толық мойындалды.
Т.Ысқақовтың ғылыми жұмыстары, көбіне, мемлекеттік құпия санатында еді. 1983 жылдан ол КСРО Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша «Кристалл» проблемалық лабораториясын ұйымдастырып, оған басшылық жасады. Лабораториядағы зерттеу жұмыстары «Байқоңыр» ғарыш айлағының нысандары үшін жүргізілетін. 1991 жылы аталмыш лаборатория негізінде Арнайы материалтану ғылыми-зерттеу институты құрылды, оның директоры болып Т.Ысқақов тағайындалды.
Т.Ысқақов – арнайы қасиеттері бар шыны кристалдық материалдарды алудың физика-химиялық негіздері саласындағы ірі ғалымдардың бірі.
Ғалым Тұрлыбек Ысқақовтың жүргізген зерттеулері экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге арналған арнайы материалдар алуға бағытталған. Бұл материалдар өзінің физика-механикалық, термиялық және адгезиялық көрсеткіштері бойынша шетелдік аналогтарынан басым магний фосфаттың байланыстырушы жүйелермен бірге КСРО Қорғаныс министрлігінің нысандарында, атап айтқанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылыстарына жоғары температуралық газды динамикалық әсерлерден корғау үшін термиялық төзімді қаптамалар ретінде енгізілді.
Жоғары температуралық процестердің энергия сыйымдылығын фундаменталды зерттеулер негізінде және химиялық әдістер мен силикаттық технологияларды пайдалану арқылы Т.Ысқақовтың басшылығымен жаңа бағыт – силикатты және қиын балқитын металл емес материалдарды золь-гель синтездеу дамып келеді. Бұл жетістіктерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағындағы кәсіпорындарға енгізуге ұсыныстар жасалды. Орындалған зерттеулер нәтижесінде танктер мен БТР үшін тез желініп кетпейтін төзімді материал жасалды. Жаңа материалдан жұмыс қабатының бекуімен танктің қозғалғыш бөлшегінің құйма технологиясы ұсынылып, еліміздің шикізат ресурсы негізінде пісірілген және балқытылған электродтарды дайындау технологиясы іске қосылды.
Әскери техника нысандары мен құрылыстарды радио-жасыру құрылғыларымен қамту үшін арнайы қаптамалар алу технологиясын жасау зерттеулерінің жаңалығы мен маңызы өте зор.
Зерттеулер нәтижелері Бухарестте өткен халықаралық симпозиумде, КСРО–Үндістан «Эксперименталды минерология» симпозиумында, Париждегі халықаралық симпозиумда баяндалды. Жұмыс Алматыда өткен әскери техника конвенциясы көрмесінде көрсетілді.
Аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын «Байқоңыр» ғарыш айлағында ендіру кезінде ең ірі техникалық-экономикалық нәтижелер алынды. «Энергия-Буран» ғарыш кешенін ұшыру бағдарламасын жүзеге асыруға қатысқаны үшін Т.Ысқақов С.П.Королев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Шлакты ситалл плиталарын Чернобыль аймағында радиоактивті сәулеленуден қорғау үшін тиімді материал ретінде сынау нәтижелері жоғары бағаланды.
Осыған қосып айтсақ, КСРО Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Шымкент қаласында «Арнайы материалтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды.
Басшысы – профессор, техника ғылымдарының докторы Тұрлыбек Өтешұлы Ысқақов.
«Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды» деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында.
– Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын.
Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет», – деді Президент.
Міне, Мемлекет басшысы айтқан талапқа сай үлкен ғалым ортамызда жүр. «Тұлпар тұяғын тай басар» деген бар. Ғарышты игеруге керекті материалдар дайындай алған ғалымның ізбасарлары көп болғай деп тіледік.

Бақтияр Байдуллаұлы.
Пікір қалдырыңыз