Араб әлеміндегі кездесулер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапармен барып, «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитіне қатысты.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
– БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі президент мырза, сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.
БАӘ еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіреді. Екі ел компаниялары екеуара көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Өз кезегінде БАӘ президенті Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді.
Биылғы саммит «Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету» (The Nexus of Next. Supercharging Sustainable Progress) тақырыбында өтті.
Жаһандық бизнес көшбасшыларының, саясаткерлер мен кәсіпкерлердің басын біріктіретін жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған.
Аталған саммитте бірінші болып Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті.
Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымының маңызына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады.
Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.
Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда Президенті Поль Кагаме, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Халықаралық табиғатты қорғау одағының президенті Разан Әл Мүбарак және басқалар сөз сөйледі.
Сапар барысында Мемлекет басшысы сарапшылармен жасанды интеллектті дамыту мәселесін талқылады. Саммит аясында Президент осы елдің іскер топтары өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесті. Бүгінде Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілген. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады. Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар кездесуге Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин қатысты. Президент еліміздің ADNOC компаниясымен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Ал Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Араб әлеміне Президент ретінде жасаған алғашқы сапары. «Менің бұл сапарымның басты мақсаты – біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беру. Уақыт бір орында тұрған жоқ. Сол үшін қосымша жігер мен әрекет керек. Сол себепті, мен бұл сапар ерекше маңызға ие деп білемін» деді Қазақстан Президенті.
Саясат бөлімі.