Қолы құрақ құрайды, жүрегі жыр...
Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен
қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие мен мән жатқан өнер түрі
әлі күнге дейін ел санасынан өшкен жоқ. Соңғы жылдары құрақ көрпелерге, қазақы
нақыштағы оюлармен көмкерілген киімдерге сұраныс артып, күнделікті қолданысқа
кеңінен ене бастады. Ел ішінде тігіншілік пен осы сынды қолөнер түрлерін
кәсіпке айналдырғандар жетерлік. Солардың бірі – Бәйдібектік Эльмира
Омарбекова.
Кейіпкеріміз Ақбастау ауылында
тұрады. Біршама уақыт бұрын өзінің шағын
тігін цехын ашқан. Онда құрақ көрпелердің түрлері, перде тігеді, қыз жасауын
дайындайды. Сонымен қатар тапсырысқа ұлттық киімдер тігеді. Тіпті, түрлі би
ансамбльдеріне киімдерін тарту еткен.
Эльмира Батырбекқызыкішкентай кезінен анасы мен әжесінің жанында жүріп, тігіншілік пен құрақ құрау өнерін үйренген. Алғашында түстерді үйлестіру мен дизайнды меңгеріпті. Кейіннен толыққанды дағдыланып, кәсіпке айналдыра бастаған. Құрақты кестелеп қана қоймай, оның тарихын, қолданылу ретін де зерттеген. Оңтүстің тумасы болғандықтан бұл өңірде арқар мен қызғалдақ, яғни арқармүйіз, қошқармүйіз, қызғалдақ, сегізжапырақ сынды оюлар жиі пайдаланылады. Себебі, әр өңірдің өзіне тән оюлары бар. Кейіпкеріміз әр оюдың мәнісін түсіндіріп қана қоймай, құрақ құраудың әйелдерге пайдасы жайлыайтып берді.
«Біріншіден, қазақ
әйелдерін ысырапшылдыққа жол бермеуге үйреткен дүние. Кезінде ата-бабаларымыз
түрлі маталардың қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдесіне жаратқан. Әртүрлі кесінділерден
түрлі бұйымдар жасаған. Құрақ кестенің шығу тарихы осында жатса керек. Бала
күнімде әжем мен анам неше маталардың қиындыларын құрастырып көз тартар ғажап
көрпелер тігетін. Әжем мата қиындысының қалыңын бір бөлек, жұқасын бір бөлек
іріктеп, түр-түсіне қарай бөліп алып құрақ құрайтын. Сол кезде керемет дүние
шығатын еді. Қазақ халқы құрақты «жаман тіл-көзден сақтайды» деп сенгендіктен құрақты
«өте киелі» деп бағалаған. Мәселен, баласы шетіней беретін ана нәрестесін қырық
құрақтан жамалған көрпеге ораған. Расында, адамның көзі бірінші қырық құрақтан
жасалған көрпеге түседі ғой.
Аналарымыз құрақты тек
қана көрпешеге ғана қолданбайды. Оны адамдар сүйеніп отыратын орындықтарға,
түскиіздерге де пайдаланған. Орындықтарға көбіне қыранның, аққудың суретін құраған. Құрақты өте дұрыс әрі сәтті құраудың
өзіндік қиындықтары көп. Мұны шебер адам ғана жасайды. Кезінде қазақ
әйелдерінің көбісінің осы өнер түріне икемі болған. Қазір ол екінің бірінің
қолынан келмейді. Көп әйелдер түрлі матаны алып, оны құрастырып шығарудың не
қиындығы бар деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұған да асқан шеберлік қажет. Ең бастысы
адамның ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болуы керек» дейді ол.
Эльмира Батырбекқызы
тек тігінші ғана емес, танымал ақын да. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге
деген құштарлығын жоғалтқан емес. Оның өлеңдері «Оңтүстік Қазақстан», «Алғабас»,
«Шаян», «Ұлан» гезеттерінде, «Ақ желкен», «Жалын» журналдарында жарияланған. «Бастау», «Тасқа біткен жауқазын», «Өмірге ынтық
өлеңім», «Жеңіс», «Еліме, Елбасыға тарту еттім», «Қош келдің, Ай-Рамазан» атты жыр
жинақтарының авторы.
2008 жылы Э. Омарбекованың өмірі туралы «Ая... Өмірге құштар қыз» атты
деректі фильм түсіріліп, 2009 жылы Алматы қаласында «Қара жолға да қарыз
болмаған қыз» атты шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ, ол 2011 жылы Алматы
қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Самғау» республикалық
байқауының жүлдегері. 2020 жылы «Жастар жанашыры» номинациясымен марапатталған.
Лаура Есенгелді,
М. Әуезов атындағы ОҚУ
2 курс студенті