Байқаулардан бос қайтпадық

Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры шымылдығын 1969 жылдың 18 қаңтарында қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасымен ашқан болатын. «Жалбырдың» қоюшы режиссері Қасымхан Шанин, басты рөльде Жеңіс Қарғабаев ойнады.

1978 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ музыкалық драма театрына Қазақ КСР-нің халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ. Жандарбековтың аты берілді. 

Театрдың іргетасын Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев, Тасболат Байымбетов секілді есімдері елімізге белгілі өнер өрендері  қалады. Мәскеу мәдениет институтының түлегі, марқұм Алтынбек Оңалбаев ширек ғасырдан астам уақыт Жетісай театрының бас режиссері қызметін тапжылмай атқарды. 

Жетісай театры өзінің 55 жылдық тарихында көптеген фестивальдердің жеңімпазы, лауреаты атанды. Ол жарты ғасырлық театр тарихында алтын әріптермен жазулы. Енді театрдың соңғы жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталайық.

2023 жылдың тамыз айында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы, С.Михалковтың бүлдіршіндерге арналған «Екі торай» спектаклі, А.Володиннің «Махаббат бер!..» драмасы, А.Бай­мұхаметовтың «Тастамашы, анашым» драмасы, У.Сароянның «Жұмақтағы жасын» криминалды драмасы, Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасы сахналанды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық көше театрлары фестиваліне  Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының да әртістері қатысты. Фестивальде  Ж.Файзиев режиссерлігімен сахналанған «Дара жол» тарихи композициясының «Томирис» көрінісін көрермен назарына ұсынған театрдың бір топ әртісі облыстық мәдениет және туризм басқармасының дипломымен, арнайы статуэткамен және 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. 

Былтырғы қараша айында Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен бірінші «RAIYMBEK» республикалық театр фестивалі өтті. 

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры фестивальге драматург Айгиз Баймухаметовтің «Тастамашы, анашым» драмасымен қатысты. Спектакльді сахналаған режиссер – Аридаш Оспанбаева. Қазылар алқасының шешімімен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры  осы фестивальде «Үздік көркемдік шешім» номинациясына ие болды.  

Осыдан соң   Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы Түркия астанасы Анкараға гастрольдік сапармен барып, өз қойылымдарымен көрермендер көңілінен шықты. Жетісайлық өнерпаздар Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы және ТҮРКСОЙ ұйымының  30 жылдығы, Жетісай драма театрының 55 жылдығы, Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аясында Кескіндеме және мүсін мұражайы ғимаратындағы  «Түрік ошағы» залында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады.

«Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен байқауда қойылымды тамашалауға ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері, қазақ мәдениетін жанына жақын сезінетін түрік ағайындар, қазақстандық студенттер мен қандастар келді.

Жетісай театрының әртістері қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезов жазған осы пьесадағы қазақ халқының бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қалжыңын, мінезін түркиялық театрсүйер қауымға дәл жеткізе білді.  Көрермендерді  қазақ театр ұжымының сахна безендіруі, актерлердің костюмдері, сахнаны қолдану ерекшеліктері тәнті етті.

Театр ұжымы гастрольдік сапардан үлкен рух алып, жаңа тың идеялармен оралды.

Жуырда   «Қазақстан театр сыншылары» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сыншылар жүлдесі–2023» атты  марапаттау кеші өтті. Кеште Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры  сахналаған «Тастамашы, анашым» қойылымында Денис пен Ахметтің рөлін сомдаған  Тәжен Асылбай «Эпизодтық рөлдегі жыл актері» номинациясымен марапатталды.

Театр ұжымы алдағы уақытта да осы биіктен түспеу жолында қажырлы еңбек ете бермек.


Өсімхан ПІСТЕБЕК, 

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз