Әкімдік қызметкерлер қамауға алынды
Түркістан облысының прокуратурасы Төлеби ауданы әкімдігінің лауазымды
тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оларға ауданның
арнайы жер қорындағы құнарлы жер учаскелерін заңсыз рәсімдеді деген айып
тағылуда.
Облыстық прокуратураның айтуынша, ауданның
жер қатынастары бөлімінің басшысы өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, осы бөлімнің
бұрынғы басшысымен алдын-ала сөз байласу арқылы 200 га астам құнарлы жер учаскелерін
заңсыз рәсімдеді деген күдікке ілінген. Жер телімдерінің нарықтық құны 326 млн.
теңгені құрайды.
Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі
тергеп-тексеру басқармасы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып
отырған күдіктілердің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазіргі
таңда аталған қылмысқа басқа да тұлғалардың қатыстылығы тексерілуде.
Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ