Әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі

         Парламенттің төменгі палатасы «Әскери резервті жасақтау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, заң жобасы аясында азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік беріледі.

    — Ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық жылына екі айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын екі-үш күн болады, — дейді министр.

         Әскери резерв 2025 жылға қарай жасақталады. Бірінші кезеңде оған шамамен 2 мың адам алу қарастырылған. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери резервте қызмет еткісі келетіндерге ай сайын ең төменгі жалақы төленеді. Жауынгерлік жиын кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған. Оларды қамтамасыз етуге бюджеттен 3,5 млрд теңге жұмсалады. Әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны сақталады.

        Айта кетейік,әскери резервке адамдар ерікті түрде тартылады. Оның құрамына енгісі келетіндердің денсаулық жағдайы қатаң тексеріледі. Олар Әскери бөлімдерде дайындықтан өтетін оларға қару-жарақ пен техника да беріледі. Әскери резервке алынғандар тек өз облысының аумағында қызмет ететін болады.

Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыңыз