Тұтынушы құқығын білу маңызды

Бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, емделушіміз, жолаушымыз, оқырманбыз, демек тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жататын кезіміз бар. Демек, бұл тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. Ал бізде тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?

Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға дер кезінде ақпарат беріп, оларды қаржылық сауаттандыра отырып, өз құқықтарын сақтауды үйретеді. Бұл бағытта департамент мамандары түрлі шаралар ұйымдастырып отырады. Жалпы халықтың тұтынушы ретінде өз құқықтарын білгені олардың өмір сүру салтына тікелей әсер етеді. Қазіргі кезде дүние жүзі мемлекеттерінің заңдары БҰҰ Бас Ассамблеясының Тұтынушылар құқығын қорғаудағы негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, құқықтық сауаттылыққа шақырады. Мәселен, тауардың қауіпсіздігі, ақпарат құқығы, тауарды таңдау, өз мүддеңді жеткізе алу, негізгі қажеттілігіңді қанағаттандыра алу, шығынның орнын жабу сынды қағидаларды сақтау маңызды.

Ал біздің елімізде тұтынушылардың заң бойынша тауарларды иеленуге, яғни еркін шарт жасасуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағарту және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жиі айтылады. Кез келген тұрғын құқықтық сауаттылығын арттыруға, тауар туралы және  сатушы жайлы ақпарат алуға құқылы. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіз тауарды сатып алуы және оның тиісті сапасына қарауы маңызды. Бүгінде тұтынушы тиісті де, тиісті емес сападағы тауарды айырбастап алу немесе қайтарып беру, тұтынушылардың көрсетілген қызметінің кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеп ала алады. Сондай-ақ, сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сату кезінде жасалған шартты алу құқығы қарастырылған. Бұдан бөлек ұтыс түрінде берілген тауардың сапасы бойынша ойындардың ұйымдастырушысына кінә қоюға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға, моральдық зиянды өтеуде заң тұрғысынан қорғалған. Қазақстанда тұратын азамат Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалған және өз құқығын дәлелдей алады.

Егер тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылған жағдайда Түркістан қаласы, Жаңа қала шағынауданы, 32-көше, 16-ғимарат, А-блок, 4-қабат, 427-бөлме, Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне аласыз.

Н. АБДУСАТТАРОВ,

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бас маманы. 

Пікір қалдырыңыз