«Қарызсыз қоғам» туралы не білесіз?

Тоғжан ЗЕБЕРХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бірінші кредиттік бюро өкілдерінің мәліметінше, өткен жылы берілген тұтынушы несиесінің көлемі 6,7 триллион теңге болған екен. Банктен алынған несие көбірек жұмыс істеуге құлшындырады деп сенетін адамдар аз емес. Алайда бұдан бөлек те мотивация барлығын ұмытпайық. Біреулер үйіне үлкен телевизор алу үшін миллион теңге несие алады, екіншілері «Тойотасын» айырбастағысы келеді, үшіншілер үйлену тойын басқалардан да қызықтырақ өткізу үшін несие алуға талпынады. Бұл ретте олар несиенің жағымды жағын ғана көреді, өкінішке қарай қалаған затын алу жолында алдағы уақытта кездесетін қиындықтарын ойламайды да. Осы тұста көзіқарақты оқырман Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кеңес өткізгенінен хабардар шығар. Естеріңізге салсақ,  өңірлік жоба аясында қарыз мәселесін шешіп беретін кеңселер еліміздің барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда ашылмақ. Орталық жобалық кеңсесі Астана қаласында орналасады. Аталған алаңдарда консультативтік-кеңесші топтар құрылып, олардың құрамына қаржы бойынша тәуелсіз кеңесшілер, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері мен жеке сот орындаушылары кіретін болады.

Олар азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының оқытушыларына қаржылық және құқықтық сауаттылықты үйрететін оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және мамандарды даярлау жоспарлануда.
Жоба аясында халықтың одан әрі қарыз алуына жол бермеу, борыштық жүктеменің өсуін шектеу, қаржы нарығындағы алаяқтық фактілерін азайту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заңнаманы одан әрі жетілдіру арқылы жүйелі шаралар қабылданатын болады.
Осы жылдың 3 наурызы мен 11 қазан аралығында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Заңы аясында ел азаматтарынан соттан тыс банкроттыққа 68,3 мың өтініш түскен екен. 
Қазір 5,7 мың азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсім жүргізілуде, 1,2 мың өтініш қаралып жатыр. 5,2 мың азамат банкрот деп танылып, олардың жалпы берешегі 8 млрд. теңгеден асқан.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны еліміздің барлық аймағында кеңейту қажеттігін атап өткен еді. «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық білікті көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу болып табылады.

Пікір қалдырыңыз