Пилоттық жобаның барысымен танысты

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, Түркістан облыстық білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығының» директоры Бақытжан Төлімбет және облыстық білім басқармасының өкілдері «Ауыл мектебін сапалы басқару» пилотты жобасының барысымен танысты. Олар Сауран ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің базасында болды. Мақсат – эксперименттің негізгі идеясын, тұжырымдамасын, жоспарланған жұмыстардың нәтижелерін талқылау.

– Алдағы уақытта пилотты жобаға теориялық сүйемелдеуге Ұлттық білім академиясы тарапынан көмек берілмек. 
Ы.Алтынсарин атындағы мектебінде мұғалімдердің 3-сыныпта математика, 4-сыныпта қазақ тілі сабақтарына кірдім. Жобаның ерекшелігі – бастауыш сыныптарда бір пәнге бір мұғалімнің сабақ беруінде, – деді Майра Мелдебекова.
Жаңа оқу жылының басында ұйымдастырылған сабақта бастауыш сынып педагогтарының әр пәнді жүйелі жоспарлап, оқу үдерісіне тың идеяларды енгізіп, сондай ақ, білім алушыларға біліммен қатар, тәрбиенің де қоса беріліп отырғандығы айтылды. 
Жиын соңында Майра Тұрғанбайқызы бұл жобаны түбегейлі зерттеп, зерделеп басқа өңірлерге де таратуға болатындығын атап өтті. 

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз