Мыңжасар расында да мың жасайды екен!
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Өткен жылы 21 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қызылтаң» мектебіне Мыңжасар Маңғытаевтың есімі берілген болатын. Енді, міне, композитордың жерлестері қазақ музыкасын еуропалық деңгейге көтерген танымал тұлғаның ескерткішін орнатты. Іс-шараға композитордың жары Светлана Рамазанқызы мен кенже қызы Салтанат Мыңжасарова Алматы қаласынан арнайы келіп, елге деген ыстық ықыласын білдірді. Салтанатты шарада М.Маңғытаевтың лирикалық әндері мен күрделі музыкалық шығармалары орындалды. Композитормен мектепте бірге оқыған замандастары Түркістан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Тойым Жүнісов пен Керімше Садықбеков, Үсен Піләлов балалық шақтан қызықты естеліктер айтты. Жетісайлық талантты композитор-күйші, профессор Бөрі Иса Мыңжасар ағаның шығармашылық еңбегіне тоқталды.
Мақтаарал, Жетісай аудандарының құрметті азаматы, ақын, журналист Пердеш Есенбеков арнау өлеңін оқи келіп, «Мыңжасар ағаның «Қазақстаным менің!» әнін атақты әнші Ермек Серкебаев Кремль сарайында шырқады. Корей әншісі Владимир Ким бұл әнді Оңтүстік Кореяға барғанда үш тілде орындаған. Композитордың шоқтығы биік әндері – «Іздедім сені», «Жаным, саған не дейін?», «Қарагөз», «Ақмаржан» сынды лирикалық әндерін жиын-тойларда сүйсіне айтамыз» деді.
Жиында Мыңжасар ағаның інілері Нұржан Құрманбек, Әбдәлі Сәрсенбаев, Нұрымбет Әбдіғаппаров, Алмас Бейімбетұлы, Сержан Құлдырақұлы дара таланттың адамгершілік асыл қасиетін, қамқор пейілін сағынышпен еске алды.
Ескерткіш-бюстті белгілі мүсінші Әлімжан Абылаев сомдап, биік талғаммен жасағаны байқалып тұр. Қабырға стеллада «Қазақ композиторларының Құлагері» деген айшықты жазу көзге ыстық басылады. Бұл бағаны кезінде музыка саңлағы Евгений Брусиловский берген екен. Мектеп директоры Жанна Мамытова білім ордасының фоэсінде арнайы бұрыш ашылып, Мыңжасар ағаның шағын мүсіні, тарихи суреттері қойылғанын, келешекте оны мұражайға айналдырмақ ниеттерін жеткізді.
Соңына өлмес мұра қалдырған композитор М.Маңғытаевтың өміршең шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.