Әкімнің әсем әлемі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әл-Фараби кітапханасында ақын, сазгер Әкім Ысқақтың «Адам – өмір дәптері» атты шығармашылық кеші өтті. 

Әдеби кеш «Әкімнің ән әлемі», «Сұлулық сыры – жүректе» және «Көңіл қымбат» деген үш бөлім бойынша өтті. Алғашқы бөлімде сазгердің «Қуантқым келеді», «Телефонмен хабарласшы», «Көкіректегі күйсандық», «Жалған-ай», «Бір адам бар», «Соңғы вальс», «Сен мені ұмытпа», «Әкеге арнау», «Сұлулық», «Құттықтаймын қуанышыңмен!» атты әндерін Бану Жақсылықова, Талиха Наханова, Айнұр Мәкенқызы, Айдана Құралбайқызы, Ажар Сламова, Айжан Пернебек, Халық Калимат, Айзада Бекенова, Айдар Әміре нәшіне келтіре орындап, келушілердің ықыласына бөленді.
«Сұлулық сыры – жүректе» атты екінші бөлім Тараз қаласынан келген кәріс қызы Аяна Кимнің Әкім Ысқақтың «Ана тілі» атты өлеңін оқумен ашылды. Бұл бөлімде негізінен кеш иесінің өлеңдері оқылып, викториналық сұрақтарға жауаптар берілді.
«Көңіл қымбат» атты соңғы бөлімде Ордабасы, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдері атынан кеш иесіне Алғыс хаттар табысталып, иығына шапандар жабылды. Сонымен қатар Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қала әкімі атынан құттықтау хат тапсырды.
Шығармашылық кеште Әкім Ысқақтың сан түрлі өнері жан-жақты ашылды. Ән мен жырға тұнған кешті Әл-Фараби кітапханасының директоры, ақын Анар Жаппарқұлова әдемі нақышта жүргізіп отырды. 

Пікір қалдырыңыз