Отыз жыл күткен алтын Ханчжоуда бұйыра ма?

Енді 2 аптадан кейін Ханчжоуда Азия ойындары басталады. Осы уақытқа дейін спорттың бокс, су добы, күрес түрлері бой­ынша ұлттық құрамамыздың нәтижелеріне тоқталған едік. Бүгін қалған спорт түрлері бойынша Қазақстан құрамасының қалай өнер көрсеткеніне көз жүгіртетін боламыз.

Гандбол
Қол добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарында 1994 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Хиросимадағы ойындарда біздің қыздар Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяны алға жіберіп, 4-орынға тұрақтаған. Ал, 4 жылдан кейін Бангкоктегі Азиадада күтпеген жерден Солтүстік Корея қыздары төрттікке еніп, біздің құрама 5-орынды місе тұтты.
Пусандағы Азия ойындарында отандастарымыз алғаш рет жүлдеге ілінді. Құрамында Ольга Травникова, Елена Козлова, Ольга Золина, Ирина Боречко, Марина Бузмакова, Светлана Грасмик, Ләззат Қилыбаева, Ольга Аджидерская, Ольга Егунова, Лилия Зубкова, Наталья Кубрина, Юлия Пузанова, Людмила Сидоренко, Наталья Шаповалова, Ирина Ланг, Ирина Мельникова бар қыздар құрамасы финалға дейін жетіп, Оңтүстік Корея құрамасына жол берген-ді.
Одан кейінгі Азия ойындарына Қазақстан жаңарған құраммен барып, 4 жыл бұрынғы жетістігін қайталай алды. Бұл жолы да біздің қыздар Оңтүстік Корея гегемониясын бұза алмады. Ал, Гуанчжоудағы Азиадада жүлдегерлер қатарына іліне алмай, тек 4-орын алды. Инчхондағы ойындарға мүлдем жаңа толқын ойыншылар барды. Ол құрам қола жүлдеге қол жеткізсе, Джакартадағы ойындарда 6-орынға тұрақтады.
Биылғы додаға алғаш рет ерлер құрамасы жолдама алып отыр. Олардың қарсыластары да белгілі болды. Топтық турнирде Өзбекстан мен Бахрейн құрамаларымен плей-офф жолдамасын сарапқа салады. Ал, Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Корея, Тайланд, Өзбекстан құрамаларымен бір топқа түсті.

Волейбол
Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы 1994 жылғы Азия ойындарында төртінші орын алды. Жартылай финалда Жапонияға, қола жүлде үшін ойында Оңтүстік Кореяға жол берді. Әйелдер құрамасы бұл жарыстарға қатысқан жоқ.
Төрт жылдан кейін ерлер құрамасы 8-орынға, әйелдер құрамасы соңғы 6-орынға жайғасты. Пусандағы ойындарға ерлер құрамасы жолдама ала алған жоқ. Әйелдер құрамасы тағы да қарсыластарының бәріне жол беріп, 6-орыннан көрінді. 
Гуанчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізді. Сол кезде құрама намысын Наталья Жукова, Сана Жарылғасова, Ольга Наседкина, Олеся Арсланова, Коринна Ишимцева, Ирина Лукомская, Елена Эзау, Марина Стороженко, Юлия Куцко, Людмила Анарбаева, Инна Матвеева, Ольга Дробышев­ская қорғаған болатын. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі ең үздік құрамдардың бірі осы болды. Осы бойжеткендер Бейжің Олимпиадасына да жолдама алып, өнер көрсеткен.
Инчхондағы ойындарда ерлер – оныншы, әйелдер – алтыншы орын алды. Джакартадағы Азиадада Қазақстан ерлер құрамасы небәрі 17-орынға ие болды. Біздің жігіттер сол кезде тек Моңғолия, Гонконг, Мальдив аралдары волейболшыларын ғана басып оза алды. Қыздар құрамасы үздік бестікке енді.
Биылғы додада біздің волейболшы жігіттер «А» тобында жарыс иелерімен бір топта ойнайды. Одан өзге бұл топта Қырғызстан құрамасы бар. Ал, қыздар «D» тобында Жапония, Ауғанстан, Гонконг құрамаларымен күш сынасады.

Каратэ-до
Тәуелсіз ел ретінде ең алғаш қатысқан Азия ойындарында біздің каратэшілеріміз жүлдеге іліне алмады. Тек Ирина Тишина (53 келі), Руслан Рыспаев (60 келі) Азамат Ізімбетов (70 келі) бесінші орынға ие болды.
Пусандағы Азия ойындарында Андрей Королев (75 келі) пен Шаттық Қажымұқанов (70 келі) күміс жүлдеге ие болса, Наталья Солодилова (60+ келі) қола жүлдегер атанды. Азия ойындарының алғашқы алтыны Дохадан бұйырды. Халид Халидов (80+ келі) Азия ойындарының жеңімпазы атанса, Шаттық Қажымұқанов (70 келі) пен Венера Жетібай (53 келі) қола жүлдеге ие болды.
Ал, Гуанжоудағы ойындарда Дархан Асәділов (60 келі), Ринат Сағындықов (67 келі) қарсыластарының бәрін жеңді. Халид Халидов бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтты. 
Инчхондағы ойындарда Андрей Ақтауов (55 келі) пен Гузалия Ғафурова (68 келі) чемпион атанса, Ринат Сағындықов, Екатерина Хуповец (50 келі) пен Сабина Захарова (55 келі) жүлдегер атанды. Халид Халидов тағы да қола жүлдені қанағат етті.
Бес жыл бұрынғы «сары құрлық» додасында Гузалия Ғафурова тағы бір мәрте жеңімпаз атанды. Ал, Дидар Әмірәлі (67 келі) күміс, Данияр Юлдашев (84+ келі) қола жүлдеге ие болды.

Таэквон-до
Алғашқы Азия ойындарында біздің таэквондошыларымыз жүлдесіз қалды. Бірақ, Қанат Есжанов, Имантай Әбеев, Ғани Әбдіғаппаров пен Жабай Есжанов сәтті өнер көрсетіп, 5-орынға тұрақтады. Бангкоктегі ойындарда Әнуарбек Аманқұлов (54 келі) пен Әділхан Сағындықов (76 келі) қоржынға қола жүлде салды. Пусандағы ойындардан да бос қайтқан жоқпыз. Ербол Ерден (72 келі) мен кейіннен Бейжің Олимпиадасының жүлдесін алған Арман Шілманов (84 келі) сол кезде қола жүлдегер атанған. Дохада да жігіттер қос қола иемденді. Бұл жолы Арман Шілмановпен қатар Ринат Құралбаев (54 келі) жүлдеге ілікті. Ал, қыздар арасында Сәуле Сардарова (55 келі) қола жүлдегер атанды. 
Қоладан көз ашпаған Шілманов Гуанчжоуда да жүрісінен жаңылмады. Оның қасына бұл жолы Гүлнафиз Айтмұхамбетова (67 келі) қосылды. Осы ойындарда біздің таэквондошыларымыз алғаш рет күміс жүлдеге ие болды. Феруза Ергешова (73 келі) құрама тарихындағы алғашқы күмісті еншілеген-ді. Ал, Инчхонда оның күміс жолын Нұрсұлтан Мамаев (58 келі) жалғастарды. Қайрат Сарымсақов (68 келі) болса осыған дейінгі таэквондошыларымыздың жүрісінен жаңылмай, қола жүлдені иемденді. 
Әзірге біздің таэквондошыларымыз Азиада алтынына қол жеткізе алмай келеді. Джакартадағы Азия ойындарында Дениз Жансель (67 келі) финалда сүрініп, күміс жүлдеге ие болса, Ерасыл Қайырбек (68 келі), Нұрлан Мырзабаев (80 келі), Руслан Жапаров (80+ келі) пен Фариза Алдоңғарова (53 келі) қола жүлдеге ие болды.
Ел құрамасы Азия ойындарына қатысып келе жатқалы да 30 жылға жуықтап қалыпты. Бірақ, біздің таэквондошыларымыз әлі күнге алтын жүлде ала алмай келеді. Ханчжоудан Азиада алтыны бұйыра ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырайық.
Пікір қалдырыңыз