Қолөнер шеберлері бақ сынады

Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».
Өткен аптада Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының (директоры Ж.Махашов) ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы» бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» атты екі күнге созылған халықаралық жәрмеңке үлкен табыспен өтті.
Халықаралық жәрмеңкенің ашылу салтанатында Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Ораловтың құттықтауын жеткізсе, аудан әкімі С.Сұлтанханов алыс-жақыннан келген қолөнер шеберлерінің еңбектеріне табыс тіледі. Осы орайда ҚР Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық «Аманат» сыйлығының лауреаты, «Қылует» этномузейінің директоры, профессор, отырарлық Кендебай Қарабдаловтың «Біз осындай жәрмеңкені тұңғыш рет осыдан 37 жыл бұрын қазіргі музейдің жертөлесінде өткізіп едік. Марқұм Әуелхан Есжанов, қазіргі елімізге танымал суретші Әділхан Мәлік бар, күн демей, түн демей еңбек еткенбіз» деп өткен күндерді еске алды. Сонымен, екі күнге созылған жәрмеңке де мәресіне жетті.
Алдымен «Отырар» мемлекеттік қорық-музейі» РМКК-ның директоры Ж.Махашов пен
ҚР мәдениет қайраткері Р.Бекталиева Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан және Қырғызстаннан келген шеберлерге «Тұран зергері» номинациясын табыс етті.
Үшінші орынға Тілек Сұлтан (Алматы облысы), Ахметова Мәдина (Шымкент), Айдарша Мереке (Түркістан облысы), Әбдірәйім Сұлтан (Түркістан облысы) лайық деп табылды. 2-ші орын Атыраубаев Болат (Ақтөбе облысы), Симова Бибажар (Шымкент), Айдос Нұржамал (Алматы), Рафиков Икрамжанға бұйырса, 1-ші орын түркиялық Салих Гиргич пен алматылық Айжан Абдубайытованың қанжығасына байланды.
Ал, бас жүлдеге ие болған түркіменстандық Женнет Гарлиева мен шымкенттік Абдулла Наурызбаевқа сыйлықтарын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова құрметпен табыстады. Мұнан бөлек барлық қатысушыларға естелік сый-сияпат, сертификаттар табысталды. Музей басшылығы қонақтарды тарихи жерлермен таныстырып, соңы мерекелік концертке ұласты.