Еліміздегі жалғыз спутниктік робототехника үйірмесі – Түркістанда
30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеріп келеді.
Қазіргі уақытта Түркістандағы 1500-ге жуық бала мен жасөспірім «Оқушылар
сарайы»-ЮНЕСКО клубындағы 6 білім беру бағыты бойынша жұмыс істеп тұрған 60-қа
жуық үйірмеде қосымша білім алып жатыр. Соның ішінде ғарыштық технологияның
қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз спутниктік
робототехника үйірмесі – «UniSat» білім беру хабының орны айрықша. 2022 жылдың
қыркүйек айында ашылған бұл хаб – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы
өкілдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Оқушылар сарайының»
бірлесе атқарған жобасы. Жер және ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғылардан
аналогтық, цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік жасаған
хаб арқылы 30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды
игеріп келеді.
Мекеме директоры Индира Икапованың сөзіне сүйенсек, бұл үйірмедегі хаб
ашылғаннан кейін көп ұзамай-ақ, яғни қазан айында Түркістаннан 50 шақырым жерде
атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылған. Салмағы
1-10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары бірнеше камера және сенсорлармен
жабдықталыпты. Осылайша, қазір ол наноспутниктердің көмегімен ауа
температурасы, қысымы, ылғалдығы және ластануы туралы мәліметтер жинақталып
жатыр.
«Бұл үйірмеге 12 жастан асқан, ғылымға, технологияға, техника мен
математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады. Бүгінде үйірмеде 30-ға
жуық бала білім алатын болса, олардың көпшілігі қыз балалар. Ғарыштық
технологияға ден қойған оқушылармыз осыған дейін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге
де қол жеткізіп үлгерді. Дәлірек айтсам, биыл сәуір айында Мәскеу қаласында
халықаралық «ҒЫЛЫМДА БАСТАҢЫЗ» атты байқау өткен болатын. 600-ден астам жас
ғалым қатысқан сайыста сарайымыздағы «Физика» үйірмесінің оқушысы Баянбек
Камила да бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, оның
жетекшісі, сарайымыздың білікті ұстазы Еркін Ақтаевқа «Халық ағарту ісінің
үздігі» атты құрметті атақ берілді. Енді оқушыларымыз қазан айында жұлдызды
аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, біздің басты мақсатымыз – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу
арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз
бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсетіп, бағыт-бағдар
беру», - дейді Индира Сарқытқызы.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – мекеме басшысы Индира Сарқытқызы Түркістан
өңірінде алғаш рет UniSat HUB-ының ашылуына себепкер болған. Тиісінше, жаңашыл
басшысының еңбегін бағалаған Халықаралық ғалымдар ассосациясы оған «Халықтық
білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағын беріпті.
Атап өтсек, 2023 жылдың 10-13 сәуір күндері аралығында Мәскеуде өткен
оқушылар арасындағы XVIII халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық
жұмыстары байқауының ақтық кезеңінде 414 оқушы өз баяндамаларын оқып, ғарыштық
технологияға негізделген жобаларын қорғап шыққан. Ол туралы жас ғалым Камиланың
өзі айтып берді.
«Мәскеудегі ғылыми жобалар сайысы маған ерекше серпіліс сыйлады. Мысалы,
айналада жүрген адамдарға қарап, бейтаныс мегаполисте екеніңізді түсіну бір
жағынан қиндық тудырса, екінші жағынан қызығушылықты арттырады. Мен еліміздің
намысын қорғап тұрғандықтан, өзіме деген сенімді арттырып, бойымды қорқыныш
билеуіне мүмкіндік бермедім. Тиісінше, «Түркістан қаласында ұшырылған UniSat
наноспутнигінен алынған нәтижелерді талдау» тақырыбындағы жобамды сәтті қорғап,
заманауи технологияның қаламызда екі рет ұшырылғанын, олардың қандай биіктікке
дейін жеткенін, сайт арқылы наноспутниктердің қайда қонғанын анықтай алғанымды
және қаладағы ауа деңгейін тексеру жұмыстарының нәтижесін баяндадым. Сөйтіп, әр
елдің бетке тұтар оқушылары қатысқан сайыс қорытындысымен мен де жеңімпаздар
қатарынан көрініп, ІІІ орынға ие болдым. Өзіме берілген мүмкіндікті тиімді
пайдалана алмағаныма өте қуаныштымын!», - деді ол өз
сөзінде.
Сондай-ақ, аталған байқаудың қорытынды кезеңінде үйірме жетекшілерінің
қатысуымен «Ғылыми-тәжірибелік даму перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік
конференция өткен. Нәтижесінде 101 оқушының ғылыми жұмысына жетекшілік еткен
ұстаздар «Халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болыпты. Өз кезегінде
«Наноспутниктер – болашақтың технологиясы» атты тақырыпта баяндама жасаған
«Оқушылар сарайының» қосымша білім беру педагогы Актаев Еркін де сол үздіктер
қатарынан табылыпты.
«Оқушыны ғылыми шығармашылыққа баулу үшін оның танымдық қызығушылығын
арттыру бағытында едәуір жұмыстар жүргізілуі керек. Ол үшін оқытудың түрлі
формалары мен әдістерін жүзеге асыру маңызды. Солардың ішіндегі ең тиімдісі – оқушыларды
ғылыми жұмыстарға тарту, яғни зерттеуге үйрету. Сондықтан, жеке тұлғаны
дамытып, қалыптастыру үшін олардың өзгермелі әрекеттерін айналадағы нақты
құбылыстар және таныс объектілерді зерттеумен байланыстырудың маңызы зор. Бұл
тұрғыда біздің «Оқушылар сарайындағы» UniSat білім беру Hub-ының мүмкіндігі мол.
Соның бір дәлелі – өткен жылдың қазан айында атмосфераның жоғарғы қабатына
зонд-шар арқылы CubSat типтегі наноспутниктің ұшырылуы. Бұл – жалпы біздің еліміздегі мектеп оқушыларының
қатысуымен өткен елеулі іс-шара деп айтуға болады. Өйткені, сол ұшырылған
наноспутниктен алынған мәліметтерді талдау барысында оқушылардың спутникпен
байланыс жасауға деген қызғушылықтары артқаны байқалды. Бүгінгі таңда
«Спутниктік робототехника және байланыс» үйірмесі оқушылардың білімін STEM
білім беру жүйесі арқылы дамытуға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта оқушылардың
қатысуымен бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тиісінше, Мәскеудегі
байқауда Камила есімді оқушымыздың баяндамасы өте сәтті шықты. Қатысушылар
арасында біздің жобамызға қатысты қызу пікірталас болып, бірнеше сұрақтарға
жауап берілді. Сонымен бірге, «Оқушылар сарайындағы» UniSat білм беру Hub-ының
арқасында наноспутникті құрастырып, ұшыру мүмкіндігіміздің бар екенін білген
ұйымдастырушылар алғыстарын айтып, сәттілік тіледі. Бұл – ұстаз бен шәкірттің немесе
«Оқушылар сарайының» ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатқан жетістік десем,
қателеспеймін. Себебі, қазір біз Президентіміз айтқандай «той қуалайтын емес,
ой қуалайтын заманда» өмір сүріп жатырмыз. Қай елде ғылым дамыса, сол мемлекеттің
әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары болатынына күмән жоқ», - дейді Ақтаев
Еркін.
Үйірме жұмысымен танысу барысында ғарыштық технологияларды игеріп жүрген
оқушылармен де тілдестік. Олардың айтуынша, бұл үйірмеге қатысатын балалар
теория арқылы нанотехнологияда микросұлбаларды құрастыруды үйренеді. Содан
кейін, арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы барлық қажетті ақпаратты енгізе
алады.
Қорыта айтсақ, балаларға жастайынан заманауи ғылымның қыр-сырын үйретіп,
бүгінгі заманның ең қажетті дағдыларын бойларына сіңіретін бұл үйірмеде
келешекте елімізді өрге сүйрейтін ғалымдар тәрбиеленіп жатыр.