Қазақстан кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы — Халық кеңесіне


Таяуда Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин мен Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» республикалық кәсіподақтар форумының пленарлық отырысы өтті. Жиынға сондай-ақ салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары, еліміздің өңірлерінен келген еңбек ұжымдарының өкілдері мен әлеуметтік әріптестер қатысты.

Қатысушылар «Еңбек адамының үні» атты 25 жалпыұлттық бастаманы таныстырды. Бұл ұсыныстар әділ еңбекақы төлеуге, жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуына, еңбек ететін отбасылардың әл-ауқатына, технологиялық өзгерістер кезеңінде жұмыс орындарын сақтауға және еңбек ұжымдарының қоғамдық өмірге араласуына қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өндірістік өңір үшін еңбек адамын құрметтеу, кәсіби шеберлік пен еңбек құқықтарын қорғау мәселелерінің айрықша маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 25 жалпыұлттық бастаманың стратегиялық қырларын таныстырып, кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын жалпыұлттық деңгейде ілгерілету жолдарын айқындады. Спикер мемлекеттің басты құндылығы – еңбек адамы екенін еске салды.

«Біз еңбек адамы — мемлекеттің тірегі деп жиі айтамыз. Бірақ осы сөздің тағы бір маңызды мәні бар. Мемлекет мықты болса, ол да еңбек адамына берік тірек болуы керек. Адал еңбек еткен адам лайықты өмір сүріп, отбасын асырап, бала-шағасын өсіріп, ертеңгі күніне сеніммен қарауға тиіс. Бұл — әр адамның қарапайым әрі заңды тілегі. Әлеуметтік әділеттілік туралы сөзді де осыдан бастағанымыз жөн.» деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төраға бірлескен Форумды өткізу бастамасын қолдағаны үшін Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс айтты.

   Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының сөзінше, елдегі ірі индустриялық орталықтардың бірі саналатын Павлодардың еңбек адамының жағдайын талқылау орнына айналуы заңды құбылыс.

«Бұл өңірде металлургтің, энергетиктің, кеншінің, машина жасаушы маманның еңбегі қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін жақсы біледі.

Экономикадағы әрбір көрсеткіштің, өндірістегі әрбір жетістіктің артында адам еңбегі тұрғанын да жақсы түсінеді. Сондықтан бүгінгі форумның «Еңбек адамы — Ел бірлігінің тірегі» деген атауы басқосуымыздың мәнін айқын көрсетіп тұр», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әр сала мен өңірдегі миллиондаған адамның еңбегі экономикалық өрлеу мен қоғамдық келісімнің тірегі екенін еске салды. Мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттары еңбек өмірінде де – жұмыскерлердің құқықтары мен қауіпсіздік талаптарын сақтауда, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауда көрініс табады.

ҚРКФ Төрағасы жұмыскерлерге тікелей әсер ететін түйткілдерді атап өтті: баға өсуінен жалақының сатып алу қабілетінің төмендеуі, ұжымдық шарттардың орындалмауы және өндірістегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.

«Баға өсіп, жалақы сол күйінде қалса, адам табысының бір бөлігінен айырылады. Ұжымдық шартқа қол қойылып, бірақ оның тармақтары орындалмаса, жұмыскерлердің әлеуметтік әріптестікке сенімі жоғалады. Адам ауысымға шығып, үйіне оралмаса, ешқандай өндірістік жетістік бұл қасіретті ақтай алмайды. Жұмыскер заңды құқығын талап еткенде қол жайып сұраушы болмауы керек» деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

«Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжаты жұмыскерлердің өтініштері, салалық және аумақтық кәсіподақтардың тәжірибесі мен еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесі негізінде дайындалған. Ұсыныстар бес бағытқа топтастырылған: әділ табыс және әлеуметтік әріптестікті дамыту; еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау; жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты; технологиялық өзгерістер жағдайында адами әлеуетті дамыту; жұмыскерлердің қоғамдық өмірге қатысуы.

Сатыбалды Дәулеталин әр бастаманың артында жалпыұлттық деңгейде қарауды қажет ететін еңбек ұжымдарының нақты сұраныстары тұрғанын атап өтті.

Халық табысы жайлы айта келе, ол 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін кәсіподақтардың қолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ ҚРКФ халық табысын арттыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспардың орындалуын мемлекеттік бағалаумен қатар, қоғамдық сараптамадан да өткізуді ұсынады. Бұл ретте нақты еңбек табысының өсімін, жұмыс орындарының сапасы мен еңбек ететін отбасылардың жағдайын ескеру қажет.

Тағы бір бағыт цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу кезінде жұмыспен қамтуды қорғауға байланысты. Технологиялық жаңғыру мамандықтарды, біліктілікке қойылатын талаптарды және еңбекті ұйымдастыруды өзгертеді. Сондықтан Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, жұмыспен қамту кепілдіктерін алдын ала айқындап, қызметкерлерді қайта даярлауды қамтамасыз ету және еңбек қатынастарында алгоритмдерді қолданудың түсінікті ережелерін бекіту қажет.

Үшінші бағыт – жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әлеуметтік саясатты тек жалақы мөлшерімен ғана емес, баспана, азық-түлік, білім беру мен медициналық көмек шығындарын, балабақшалардың қолжетімділігін және кәсіби мен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру мүмкіндігін ескере отырып бағалауды ұсынды. «Жалақыны көтеруге болады, бірақ баспана, азық-түлік, білім алу және медициналық көмек шығындары өссе, отбасы жағдайының жақсарғанын әрдайым сезіне бермейді. Сондықтан жұмыс істейтін отбасының жағдайын тек жалақы деңгейінен кеңірек қарастыру қажет» деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин және бұл міндеттерді «Лайықты еңбек – Әділетті Қазақстанның негізі» атты жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды.

Одан әрі жұмыс істеу үшін ол үш қағидатты ұсынды: еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс, бастамаларды бірлесіп пысықтау және олардың қаралу нәтижелері туралы кері байланыс. ҚРКФ әлеуметтік әріптестіктің қолданыстағы тетіктерін – ұжымдық келіссөздерді, салалық және өңірлік келісімдерді, үшжақты комиссияларды пайдалануға ниетті.

Форум күн тәртібін жалғастыра отырып, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева цифрлық экономиканың жұмыспен қамту мен еңбек қатынастарына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық өзгерістер еңбек мазмұнына біртіндеп әсер етуде: өндірістік үдерістерді автоматтандырудан бастап платформалық жұмыспен қамту мен жасанды интеллектіні қолдануға дейін жетті.

Екатерина Смышляеваның пікірінше, әлеуметтік әріптестікті нығайтып, ұжымдық келіссөздердің мазмұнын кеңейту және оларға қатысушылардың біліктілігін арттыру қажет.

Бастамалардың тәжірибелік мәнін салалық кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері тарқатып айтты.

Еңбек ұжымдары өкілдерінің сөздерінен кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» құжатын Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа табыстады.

Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі кәсіподақ бастамаларын қолдады. Ерлан Қошанов жұмыскерлердің жағдайы мен кәсіпорындардағы мәселелерден хабардар болғандықтан, кәсіподақтар жалпыұлттық қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы тиіс екенін атап өтті.

Халық Кеңесінің Төрағасы ең төменгі жалақыны айқындаудың ашық тетігін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен Үкіметтің бірлескен жұмысын жалғастыруды ұсынды. Оны мүдделі тараптардың қатысуымен Халық Кеңесінің отырыстарында талқылауға болады.

Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестік туралы заң әзірлеу жөніндегі заңнамалық бастамасы да сөз болды. Халық Кеңесінің Төрағасы бұл жұмысқа қайта оралып, заң жобасын талқылауға Кеңес мүмкіндіктерін пайдалану ұсынысын қолдады.

Жұмысты әрі қарай ұйымдастыру үшін Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесі жанынан «Еңбек дауысы» жұмыс тобын құруды ұсынды. Оны Халық Кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өкілдері басқарады деп жоспарлануда.

«Павлодардағы кездесу Қазақстан Халық Кеңесінің кәсіподақ қауымдастығымен осындай форматтағы алғашқы алаңы болды. Біз әр бастаманы, әр сөзді нақты шешімге айналдыруымыз керек. Бүгін бізге артылған сенімді бәріміз іспен ақтауға тиіспіз», – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.


ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы.

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз